Жолдау кітапханашыларды да қуантты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы жылғы Жолдауында еліміздің алдағы уақыттағы даму жоспарын айқындап, жаңа міндеттерді белгілеп берді.

Президенттің атқарушы билікке қойған басты бастамасы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен жастардың болашаққа нық қадам басып, ертеңгі күнге сеніммен қарауына жағдай жасау. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы құжатта ерекше атап айтқан мәселе, ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге көтерумен жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы туралы бірнеше бағыттағы жоспарлармен бөлісті.

Мемлекет басшысының әрбір жолдауында басты назарға алынатын мәселе – білім мен ғылымды дамыту. Білім беруді ұйымдастыру мен ғылым саласын жүйелендіру – негізгі міндет. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отыр, соның ішінде кітапхана мамандарының жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында әр жылы 20 пайызға көтеру туралы нақты ұсыныс жасағаны бізді қуантты. Қоғамның дамуы, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. Ал кітапхана – түсінген жанға мешіттен кейінгі қасиетті киелі шаңырақ. Білім мен ғылымның,  әдебиет пен мәдениеттің інжу маржандары кітап атаулыға шоғырланған.  Кітапхана – адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі. Кітапхана қызметін пайдаланушылардың деңгейлері жоғары, сұранымдары өте күрделі, олардың қажетті талап-тілектерін толық орындап, жаңа ақпарат көздерін дер кезінде тауып, жедел хабарлап отыру, әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашу арқылы озық технологияларды енгізуге барынша үлес қосып жүрген кітапханашыларға Мемлекет басшысы ерекше мән беріп қолдау көрсетуі,  мамандардың беделін көтеріп өз қызметтеріне деген қызығушылығын оятып ынталандырады.

Мирамгүл Акимова

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің кітапханашысы