ЖОЛДАУ – ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Ата-бабамыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті, азаттықты, бақытты ел болуды аңсады.
Жаугершілік заманды басынан өткізіп, бейбітшілік заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін көрсетіп, бауырына өзге ұлттың баласын салып, бір үзім нанын бөліп берді, ақ дастарханын адалынан жайған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Еліміздің егемендік алғалы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биіктерден көрінуі, Орта Азия мемлекеттерінің ішіндегі өзіндік орны бар мемлекетке айналғанымыздың өзі неге тұрады?
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.
Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.
Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр.
Еліміздің әрбір азаматы жыл сайын үлкен үмітпен күтетін мемлекет басшысының жолдауы ел назарын ерекше өзіне аудартты.
Жылдағыдай биылғы жолдауда да өте маңызды мәселелер көтерілді.
Осыған орай Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен митинг өтті.
Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен бейбіт шеруге барлық саланың өкілдері қатысты.
Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, арнайы транспаранттармен келді.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз екенін алға тартты.
«Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!», — деді Асхат Оралов.
Расында да ел ертеңі үшін, ерінбей, бірауыздан ақылдасып, болашаққа батыл қадам басайық.
Мырзағали Мадимаров, Байзақ аудандық мәслихатының депутаты