Жолдауда жалақы көбейеді деген. Бірақ…

Негізі бүгінгі күнге дейін сонау 1997 жылдан бастап айтсақ, Елбасының жиырмаға жуық Жолдауы жарияланған екен. Егер әрқайсысын оқып шықсаңыз, Жолдаулар аясында еліміздің саяси да экономикалық, әлеуметтік өміріне қатысты талай-талай игі істер өмірге жолдама алған екен. Барлық бастамалар мәресіне жете ме?

Мәселен, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында тайға басқандай «Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады» дей келе «Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын» деп атап өткен болатын. Сөз жоқ, бюджет қызметкерлері қатты қуанды. Елбасына риза болып, алғыстарын жаудырып жатты. Жарлық орындалу керек сияқты еді, олай болмады. Ұстаздарымыз бен дәрігерлеріміздің қуаныштары су сепкендей басылып қалды. Неге? Өздері айтсын.

img_7164

А. Ш., мұғалім (белігілі себептерге байланысты біз сөзге тартқан жандар аты-жөндерін жазбауымызды сұрады. Бұл — олардың құқықтары — авт.):

— Жалақы шынымен де өсті. Алайда сол жалақымыздың 29 пайызын қысқартып тастады. Нақтырақ айтсам, өзге ұлт сыныптарына мемлекеттік тілді оқытқанымыз үшін 25 пайыз қосымша төлейтін. Соны алып тастады. Басқа да қысқартулар болды. Айналып келгенде, сол бұрынғы жалақымыздың көлеміне қайтып келді.

П. Б., медбике: — Мен 2015 жылы 64 мың теңге жалақы алып жүрдім. Әлбетте, мына қымбатшылық заманда қай жыртығымды жамаймын деп қиналып жүремін үнемі.

Ал Елбасының 2015 жылғы Жолдауында еңбекақымыз өседі дегенде қуанып қалған едім, өткен жылы бар-жоғы он мың теңге қосылып, 74 мыңға әрең жетті. Ал инфляцияның қанша есе артқанын өздеріңіз білесіздер. Елбасы айтқандай, жалақым 28 пайыз көбейгенде, ол 82 мың теңгеден асу керек еді.

А. Ш., медбике: — Жалақыма өткен жылы он мың теңгедей қосылды. Бірақ ол дәрежемнің өсуіне байланысты көбейді. Ал Жолдауда айтылған отызға жуық пайызды тіпті көргенім де жоқ.

Г. К., дәрігер. — 2015 жылы алып жүрген жалақым мен 2016 жылғы еңбекақымның айырмасы бар болғаны үш мың теңгедей ғана.

198825

Осы мәселе төңірегінде мамандар не дейді?

Дос Көшім, саясаттанушы: — Елбасы Жолдауында жалақы мәселесіне тоқталып, оны өсіретіндігін жария етсе, ол оған дейін бюджет жағдайын мұқият қарастырып барып айтса керек. Былайша айтқанда, құзырлы орын басшыларымен келісе отырып, олар берген есептерді негізге алады. Жалақыны өсіруді бюджет көтере ме, жоқ па, ол жағы бірінші кезекте ескерілетіні сөзсіз. 2015 жылғы Жолдауда бюджет қызметкерлерінің жалақыларын өсіруге тапсырма берсе, демек, оның алдында қаржы көздерін қарастырып шыққан. Ал шын мәнінде орындалған жоқ. Себебі құзырлы орындардың жалақыны өсіруге мүмкіндіктері жетпей қалды. Бұдан шығатын қорытынды: Үкіметтің Елбасына беріп отырған мәліметтері жалған. Ақша көлемін дұрыс көрсетпей, бір саусақтарын бүгіп қалған. Кеңес үкіметі кезінде, өздеріңіз білесіздер, ақпарат бұрмаланып берілетін. Сол сияқты кей жағдайда Елбасының қолына нақты ақпарат берілмеуі әбден кәдік. Жалпы,

Жолдаудағы тапсырмалар орындалды ма, жоқ па, біз оны мемлекет басшысынан емес, Үкіметтен сұрауымыз керек. Оны жүзеге асыратын орган — Үкімет. Үкімет соған жауап беру тиіс. Орындалмаса, халықты алдағандары. Қалай дегенде де, Елбасына кеп тірелетіні белгілі. Өйткені ел алдында уәден беріп, үміттендірген — Елбасы. Сондықтан, Президенттің айтқандарын Үкімет жоққа шығарған болса, Президент әкімшілігінде осы мәселемен айналысатын орган оны бақылауына алуы керек. Орындалмады ма, шара қолдансын. Көзбояушылық үшін айтыла салған уәде Үкіметке де, Елбасына да абырой әпермейді. Бізде Жолдау жылда жасалады да, оның мәні кетіп бара жатқан сияқты. Мәселен, шетелдерде Жолдау мемлекет үшін саяси я экономикалық маңызы бар жағдай туындаған кезде ғана қолданылады. Тіпті, ел билеп отырғандардың арасында бес жыл бойы Жолдау жасамайтындар бар.

Біздің елдегі Жолдауға қазір көпшілік лайықты көңіл бөліп қабылдамайтын сияқты. Оның бір себебі онда айтылғандар толық дерлік орындалмайды. Оның артынша шенеуніктер қаржының жоқтығын, экономикалық дағдарысты болмаса жемқорлықты т.с.с. себептерді алға тартып ақтала бастайды. Біздің елде жап-жақсы игі істерді бастағандай болады да, аяғы сиырқұйымшақтанып кетеді.

Біздің саясаттанушының айтқандарына алып-қосарымыз жоқ.

Ләззат БИЛАН