Жолға шықтың ба, қауіпсіздікті де ұмытпа!
Жол үстіндегі апаттар азаяр емес. Әсіресе, көлік тізгіндеген жүргізушілердің адам өмірі үшін жауапты екенін естен шығаратыны өкінішті.
Жаңа жылдың жаңа парақтарының ашылғаны кеше ғана. Соған қарамастан өңірімізде жол-көлік оқиғаларына қатысты статистика түзіліп үлгеріпті.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басталғалы бері облыс аумағында төрт жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан екі адам көз жұмып, алты адам түрлі деңгейдегі ауыр жарақаттар алған.
Жол-көлік оқиғаларының адам өміріне төндіретін қаупі, қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпау туралы ескертулер тәртіп сақшылары мен төтеншеліктер тарапынан айтылып жатқанымен, оны ескеріп жатқандар жоқтың қасы. Сонымен қатар жол үстінде жылдамдықты арттыру, ішімдік немесе есірткілік заттарды пайдаланған күйде рөлге отыру, жол белгілерін елемеу, қарсы бағытқа шығып кетудің соңы да апатты оқиғаларға соқтырады. Көп жағдайда жүргізушілер жолдардың сапасына да сын айтып жатады. Қалай десек те, қас-қағым сәтте орын алатын жол апаттары біреудің өмірін жалмап, біреуді кемтар етіп, ал енді біреуді тәубесіне келтірері сөзсіз.
Айталық, қаңтар айының 11-і күні түскі уақытта «Орал-Атырау» тас жолында соқтығысқан екі көліктің біріндегі 1948 жылы туған жолаушы көз жұмған. Жүргізуші мен үш жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы «Лексус ЕS-330» автокөлігі жүргізушісінің қарсы бағытқа шығып кетіп, «Лада Ларгус» көлігімен соқтығысуы салдарынан орын алған екен.
Қаһарлы қыс енді ғана басталды. Қытымыр қыста жолаушылап шығатын адамдар жолдың азабын да ұмытпағаны жөн. Ал жүргізушілер жолаушыны діттеген жеріне аман-сау жеткізгенге дейін олардың өміріне жауапты екенін естен шығармағаны абзал.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақтан облысы