Жолы болғыш адам

Біздің үнемі қыңқылдай беретін түрімізден әбден шаршаған кәрі профессор: «Анамның жатырына түскеннен жолым болмады» — деп әңгімесін бастады.
Кафедрадан бері шығып, алғашқы партаның шетіне аяғын салбыратып отыра қалды. Жаңағы сөзін қайталады.
«Анамның жатырына түскеннен жолым болмады…»
— Бастан кешкен хикаямды айтып берейін бе?
— Әлбетте! – деп бас изестік біздер. Іштей әрбіріміз оны аяуға дайын едік.
Әкем жүк түсіруші боп, тұрақсыз нәпәқаға күн кешкен бейбақ екен. Менің жатырға түскенімді білгеннен бас сауғалап, қашып кетіпті. Ол кәмелетке толмаған, түнгі өмірге бейім мулат құрбысының жаңалығын білгеннен жоқ боп кетеді. Дауыл соққандай. Қайда кеткені белгісіз. Сондықтан мен – әкесіз туғам.
Сол мезеттен бүкіл тауқыметім басталды. Жасөспірім қыз айы-күні жетіп, мені дүниеге әкелгенмен, алғашқы бақырып жылағанымды ести сала сол жерде тастап кетеді. Осылай бейкүнә сәби шағымда, мынау жат әлемнің есігін ашқан бірінші сәттен-ақ мен жалғыздықтың дәмін таттым. Акушердің қолында бүкіл ғаламға деген мұң-зарымды айтып қала бердім.
Ары қарай – одан да қорқынышты… Жолы болмағырдың өзі боп шықтым. Сәби күнімде ешкім асырап алмады. Өте әлсіз, аурушаң бала болдым. Оның үстіне ол кездері мулат қыздан туғандықтан асырап алу мүмкіндігі де аз болды. Сондықтан Сәбилер үйінен мен тура Балалар үйіне тарттым.
Бұл жолым болмаудың басы ғана екен. Балалар үйі түрлі нәсілділерге арналған екен. Онда түрлі-түсті балалардың неше түрі болды. Мен бәрін көзбен көрдім: қытайлықтар қалай төбелесетінін, мексикалықтардың түкіруі, зәңгілердің оңдырмай шымшуы…
Өкінішке қарай сабақта да жолым болмады. Мұғалім атаулы тұрақсыз еді. Біздің мекемеде ұзақ шыдау мүмкін болмады. Кей пәндерден мүлде мұғалім болмайтын. Сол себепті, мектептен де жолым болмады. Өкінішті!
… Ары қарай ол үндемей қалды. Еденге қадалған күйі дым деместен отырып қалды. Біраздан соң басын көтеріп, бізге қарады. Бәріміз де аяушылық туғызатын хикаяның ақырын тағатсыздана күтіп отырмыз. Мұның бәрін неменеге айта бастағанына мән бермеппіз. Жаңа ғана маркетинг туралы дауласып жатыр ек.
— Хикаямды айтам деп шаршап қаппын, — деді ол кенет. — Бұл менің хикаям емес. Өзімдікін айтып берейін бе?
Мүлгіген тыныштық. Ешкім ештеңе түсініп болар емес. Бағанадан баяндағаны не болды? Оны бізге неменеге айтты? Оның үстіне мұнда отырғанның жартысына ағылшын тілі толық түсінікті емес еді.
— Менің хикаям мынадай… — деп жалғады ол сөзін. — Мен өте жолы болғыш адаммын!
Анам маған жүкті болған сәттен жолым болыпты. Бұл жаңалықты білген әкем бірден ғайып болады. Туа сала менен шошыған бақытсыз шешеден құтылдым. Мәңгілікке! Әкем мені тірі қалдыратын дүниені бере алмасын бірден сезсе керек. Оған сол шешімі үшін мың алғыс! Егер менің балалық шағым әкемнің қасында өтсе, мен қандай адам болып жетілер ем, белгісіз. Бәлкім, ол аурушаң нәрестенің өзінің жанында мықты адам болып өсе алмасын іштей сезген шығар? Сол себепті оған рақмет.
Ары қарай жолым бола берді.
Мулат қыз менен бірден бас тартты. Бұл мен үшін сәтті шешім болған екен. Ол мені алып кетсе, тірі қалу-қалмауым неғайбыл еді. Шала туған бала болсам да, өмір сүруге мүмкіндігім пайда болды. Маған ол мүмкіндікті шешем берді. Он жеті жасар бақытсыз қыз. Менен дер кезінде бас тартқаны үшін оған алғысым шексіз. Оның қолында қалсам, менің балалық шағым қалай, қайда өтерін тіпті қиялымда да елестеткім келмейді. Оның тастап кеткені маған күш-қуат берді. Ғаламға мұң-зарымды айтқан алғашқы сәттен ешкімге үміт артуға болмайтынын айтып жылаған екем. Мен жалғыз қалдым. Ішкі күш-қуатымды тек өзіме жұмсауға икемделдім-ау, осыныма келісесіңдер ме? – деп жымиды ол.
Ары қарай – одан да қызық!
Ешкім асырап алмағаны да жолым болғыштықтан. Әлсіз, әлжуаз баланы асырап алса, кімде болсын мені қамқорлықта өсіруге барын салар еді. Жайлы орта өзіме сенімді, мықты болуға кедергі келтірері сөзсіз. Балалар үйіндегі өмір салты мені табанды болуға бейімдеді: мен қытайлықтардан төбелесуді үйрендім, қаралардан шымшуды меңгерсем, алысқа түкіруді де білем. Жолың болды деген осы емес пе?
Мектеп дегенің мүлде басқа тақырып. Мұғалім жетіспеді. Бір мұғалім бірнеше пәннен беретін. Жоғары сыныпта биология мұғалімімен достастым. Ол өзі жүрген бір энциклопедия еді. Өзінің пәнін сұмдық жақсы көретін. Оның үстіне ол математикадан да сабақ беретін. Біз оны күнде көретінбіз. Көп сөйлесетінбіз. Оның екі сабағынан да үздік едім. Колледж таңдау сәті туғанда – мен ештеңеге қарамастан математика мен биологиясы бар оқуды таңдадым. Ары қарай университет. Сосын ғылыми зерттеу жұмысы. Отбасы. Бала-шаға. Немере. Шөбере. Мен ең бақытты күні туғам. Сол сәтті жұлдызым үшін мың алғыс.
Партаның шетінде отырған күйі қозғалмады. Біз оның айтқандарын електен өткізіп жаттық.
— Міне, сендерге бір өмірге арналған екі хикая, екі көзқарас, — деді ол. — Қайсысы ұнады?
Ирина Рыжкова
Аударған Шынар Әбілда