Жомарт түлектермен жарқын жүздесу
Білімнің алтын ұясы саналатын мектептер жыл сайын қаншама түлектің томағасын сыпырып, қияға қанат қақтырады. Ұлағатты ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен сусындаған жастар үлкен өмір жолына қадам баса отырып, артылған сенімді ақтауға тырысады. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, әрбір азамат білікті маман атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жатса – бұл зор қуаныш, әрі мектеп ұжымы үшін мақтаныш.
Осы орайда облысымызда «Жомарт түлек» жобасының қолға алынуы құптарлық бастама болды. Өйткені сан салада тер төгіп жүрген саңлақтар араға жылдар салып сүйікті мектебімен қауышады. Бұл күнді ұстаздар мен оқушылардың да асыға күтетіндігі сөзсіз. Балалық шаққа саяхат, өткен күндерден сыр шертетін әсерлі әңгімелер, қағытпа қалжыңдар мен мотивациялық кеңестер кім-кімнің болса да жан сарайын кеңіте түсетіндігі сөзсіз.
Міне, осынау жарқын жобаның жалғасы ретінде Амангелді атындағы орта мектепте «Жомарттық – жанның байлығы» тақырыбында керемет кездесу өтті. Басқосуға осы білім ошағында оқыған, бүгінде өз салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетіп отырған азаматтар арнайы шақырылды. Ұстаздар мен оқушылар жомарт түлектерді ыстық ықыласпен қарсы алғаннан кейін «Мен шығармашыл тұлғамын» тақырыбында жас жеткіншектердің қолөнер бұйымдары таныстырылды.
Мәжіліс залында өткен кездесуді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина хан Сарбашова ашып, түлектерге ізгі тілегін арнады. Білім ошағында атқарылып жатқан жұмыстарға, оқушылардың жетістіктеріне тоқталып, мұндай басқосудың өскелең ұрпақ үшін берері мол екенін тілге тиек етті.
Жылы жүзді жүздесуде мектеп түлектері – генерал-майор Рысбек Көшербаев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының директоры Қуаныш Дәуренбеков, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, жеке кәсіпкерлер Әмір Оспанов, Алтай Пірімбетов, Ғани Таңатаровтар сөз алып, оқушыларға ой салатын әсерлі әңгіменің тиегін ағытты. Бұрынғы мен бүгінгі кезеңді салыстырып, қазір оқимын деген жастар үшін көп мүмкіндіктер жасалып жатқанын тілге тиек етті. Оқушылардың қызықтырған сауалдарына жауап беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Шара барысында жеке кәсіпкер Әмір Оспанов мектепке қажетті түрлі түсті принтерді сыйға тартты.
Пайымды пікірлер айтылып, ән мен жырдан шашу шашылған кештен көпшілік үлкен әсермен тарқасты.
Айна Қырықбаева,
Амангелді атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жамбыл ауданы