Жошы мен Керейді Хантауынан ажыратуға болмайды
Біздің өңірде Қазақ хандығының туы көтерілген делініп жүрген екі Қозыбасы бар. Бірі – Қордай ауданында, екіншісі – Мойынқұм ауданында. Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1456 жылы қазақ хандығын құрып, келелі жиын өткізіп, хан тағына отырып, қазақ туын осы екі Қозыбасының біріне қадағаны – тарихи ақиқат. Бірақ қай жылы, қай Қозыбасыға қазақ туын қадады? Бұл жөнінде ғалымдарымыз екіұдай пікірде.
«Хантау кенті», «Хан тау» мұндай атау бекерден айтылмайды. Ол таудың басында немесе баурайында халық Жәнібек бен Керей сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда ол таудың аты Қозыбасы болған. Хан тауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды. Хантауының далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Бала тағы» «Хан қорасы», «Ханның жолы» деген атаулар бар.
Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан мекендегенін тарих растайды. Бұл өңір ол кездері құландардың мекені болған деседі. Бірде Жошы ханның еріккен баласы, қасында адамдары бар, аңға шығады. Аңшылар сай-саймен бөлініп кеткенде ханның баласы бір топ құланның үстінен түседі. Топтың ішіндегі құланның жасамысы баланың жасаған айбарына қарамай (құландардың күйлеп жүрген кезі болса керек, қызғаныш туғызыпты), ат үстінен баланы шайнап, жұлып алып таптап, тепкілеп өлтіреді. Хан қаһарына мініп, құлан біткенді қырамын деп ор қазып, құландарды қамаған жер «Хан қорасы» құланды қырған ор «Ханның оры» атанады. Олардың сілемдері әлі жатыр. Аңыз әңгімелерде осы оқиғаға байланысты «Ақсақ құлан» күйін атақты күйші Ершедегей деген адам шығарған екен. Қырылған құландардың сүйегі тау-тау болып үйілген жерді кейін Ақсүйек деп атайды. Сүйікті баласының қазасынан кейін Жошы хан көп тұрақтамай, терістікке бет алып, кейінірек Арқа төсіндегі Ұлытау баурайында ұзақ жылдар тұрақтап, кейін Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене тұрғызылғаны белгілі (1995-1996 жылдары іссапармен барғанымда Жошы ханның кесенесін көріп қайтқанмын.)
Шу жайында ғұлама бабамыз Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде: «… Сол күндері Әбілхайыр хан Дешті Қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарына шабуылдай берді. Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есенбұға хан оларды жақсы қарсы алып, Моғолстанның батыс жағынан, Шу өзенінің тарапындағы Қозыбасыны берді. Олар мұнда тыныш өмір сүріп жатқанда Әбілхайыр хан қайтыс болып, (1468 жылы) ел ыдырай бастады… Бұл жерде алауыздық орнап, көптеген адамдар Керей мен Жәнібек ханға кетті, олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбектер «қазақтар» деп атайтын болды. Қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465-66) жылдан бастап өркендеген.
2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Шу ауданынан бірқатар тарихшы ұстаздармен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкімдігінің қолдауымен автокеруен ұйымдастырғанбыз. Сапар барысында Хантау стансасынан 20-25 шақырымдай қашықтықта ордаласқан «Үлкен Хан тағы» – Жошы ханның, «Кіші хантағы» – Керей ханның, ал, «Бала тағына» 1480 жылдары Жәнібек хан қайтыс болған соң, Бұрындық ханның әкесі Керей ханның тағына жақындап келіп отыру рәсімін атап өтуі әбден мүмкін екендігін атап өткенмін. Он шақты шақырымдай қашықтықтағы «Хан қорасын» да көріп қайтқан едік. Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы тігілген киелі өңірге алдағы көктем айларында Шу аудандық өлкетану мұражайы қызметкерлері мен т.б. ұстаздар қауымы бірігіп көріп қайтуға қызығушылық танытып отырғаны рас…
Он шақты айтулы ғалымның редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих ата Қазақ хандығы» кітабының 20-бетінде: «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған. 2015 жылғы Наурыз мерекесіндегі автокеруеннің басшысының бірі ретінде бізбен жолға шыққан Социалистік Еңбек Ері, марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал: «Бала күнімнен ата-анам мал баққандықтан, Хантаудың баурайында ержеткенмін. Сондықтан да киелі таудың әр тасы мен түкпірі маған етене таныс. Өзің (М.У.) сұрап жүрген Керей хан Теректі өзені мен Шаянтастың аралығындағы қазіргі теміржол маңына жерленген деп естігенмін. Егер ғалымдар тексергіш құралдарымен келсе, тауып беруге көмектесер едім», – дегенді ашық айтты. Сондай-ақ, қайбір жылдары баспасөз беттерінен жапон ғалымдары монғол жұртының шартарабын зерттеп, Шыңғыс ханның жерленген жерін таба алмағанын оқығанмын. Содан бастап баяғы балалық шағымда Балқаш көлінен арбамен тұз таситын керуеннің басшы қариясының Хантауында қона жатқандағы айтқандары еміс-еміс есіме түсе бастады. Ол кісі: «Шыңғыс қағанның Қостұма өзенінің бойында жерленгені анық», – деп еді. Шөкең сонда: «Сексеннің сеңгіріне жақындадым, енді қанша ғұмыр кешерім белгісіз, арманым – Керей мен Шыңғыс хандардың жатқан жерлерін анықтап, ертеңгі ұрпақтарыма сый жасап кетуге Жаратқан ие нәсіп етсе…» – деген арманын айтқан еді.
Көптен бергі көксеген арманым іске асты десем де болады. Шу ауданы орталығы Төле би ауылының ортасында сол кездегі аудан әкімі Рустем Дәулетке қайта-қайта өтінішпен шыққанымнан ғана емес, оның ұлтжандылығы, парасаттылығымен 2016 жылы Тәуелсіздікке 30 жыл толу қарсаңында орталық алаңға алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібекке, Алтын Адам мен Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке Тәуелсіздік горельефін орнаттырдым. Содан бастап, Тәуелсіздік мерекелерінде аудан жұртшылығы қасиетті рәсімді гүл шоқтарын қоюмен атап өтуде. Дей тұрғанменен, аудан орталығы, Төле би ауылындағы Тәуелсіздік горельефі және кейіннен орнатылған Ататүрік ескерткіші мен Даңқ аллеясындағы мүсіндерді «Мәңгілік ел» атауына ауыстырсақ, жарасымды болар еді.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында облыс әкімі К.Көкірекбаевқа хат жазып, игі шараны киелі Шу өңірінде бастап, Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын қозғағанмын. Сондай-ақ «Хан тақтары» мен «Хан қорасы» жолдарын қалыпқа келтіру жайын айтқанмын. Өткен жылы «Бурылбайтал Мерке» тас жолы пайдалануға беріліп, жөнделетін жолдар едәуір қысқарды. Бірақ, ұлттық мемлекеттігіміздің қара шаңырағы атанған Хантауындағы қасиетті мекендер Қазақстанда белгіленген 100 киелі орындар тізімінен де тысқары қалып қойды…