Жоспар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек
Облысымызда мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар алқапты құраса, оның ішінде орман ағаштарымен көмкерген жер көлемі 2 миллион 357 мың гектар. Жалпы, орман қоры жерлері облыстың 30,8 пайызын алып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш егу тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі арасында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы кешенді жоспар бекітілген. Аталған кешенді жоспар бойынша облыс аумағында 2025 жылға дейін 140,8 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл белдеу» жоспарының орындалу барысы қаралды.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, облыс аумағында 814,6 гектар жерге 970 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Қазіргі таңда 118,8 гектар аумаққа 114,7 мың көшет егілген. Яғни, елді мекендердің жасыл белдеуін құру жұмыстары тек аймақта 56 пайызды құрап отыр. Оның ішінде Сарысу, Мойынқұм, Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласының көрсеткіштері төмен. Сонымен қатар, Шу, Қордай, Байзақ, Меркі аудандарында жасыл белдеулердің аумағы қоршалмаған. Т.Рысқұлов ауданы және Тараз қаласы жасыл белдеу құру жұмыстарын тек күз айларында орындауды жоспарлап отыр.
Басқарма басшысы орман шаруашылығы мекемелерінде елді мекендерді көгалдандыруды қамтамасыз ету үшін 763860 түп көшет өсіріліп жатқанын жеткізді.
Жиын барысында облыс әкімі жоспардың орындалу үлесі төмен аудан басшыларынан жауап алды. Ербол Қарашөкеев Президенттің тапсырмасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың өңірлік жоспарын сапалы әрі уақытында орындау керектігін ескертті.
Аймақ басшысы егілген көшеттерге суару жүйелері тартылып, қорғау, күтім жұмыстары дер кезінде жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Aq jol»-Aqparat.