ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу

Жамбыл облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы тұрақты.

Қазақстан   Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 16 тамыздағы «Тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша 2024-2025 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу туралы» №7 Қаулысына сәйкес жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынулары (пневмония) кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бастап, яғни 2024 жылғы 01-14 қазан аралығында облыста ЖРВИ-дің 16019 жағдайы тіркелді, бұл ретте 14 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы 64% — ды құрады.

Тұмау вирусының айналымын анықтау мақсатында ЖРВИ белгілері бар науқастардан 21 материал зерттелді. Нәтижесінде басқа респираторлық вирустардың айналымы анықталды: аденовирус, риновирус.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың негізгі шараларына спецификалық және спецификалық емес профилактика жатады.

Тұмауға қарсы вакцинация – бұл спецификалық алдын алу. Вирус жұқтырған жағдайда алынған вакцина аурудың ауыр ағымынан және мүмкін асқынудан қорғайды.

Жамбыл облысында 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде, жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтарын егуге 123 мың доза, сонымен қатар жұмыс берушілер есебінен 570 доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынды.

Бүгінгі күнге 106 218 облыс тұрғындары екпе алды, екпемен қамту 89,6% құрады, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 42597 бала, 3612 жүкті әйелдер, созылмалы аурулармен ауыратын 48548 тұлға және 11461 астам медицина қызметкерлері екпемен қамтылды.

Спецификалық емес алдын-алу шаралары иммунитетті арттыруға, денені жалпы нығайтуға бағытталған.

Жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмау адамнан адамға ауа-тамшылы және тұрмыстық қатынас жолдары арқылы берілетінін білу керек.

Осыны ескере отырып, Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті:

— сырқаттанушылықтың көтерілуі кезеңінде адамдар көп жиналатын орындарда болу уақытын шектеу және бетперде кию;

— мүмкіндігінше аурудың белгілері бар адамдармен байланысын шектеңіз, мысалы, мұрынның ағуы және жөтел;

— бөлмені жиі желдетіңіз, үнемі дымқыл тазалаңыз;

— дәрігердің ұсынысы бойынша иммунитетті жоғарылататын препараттарды қолдану;

— салауатты өмір салтын ұстану: толық ұйқы, теңдестірілген тамақтану және тұрақты жаттығулар жасауға кеңес береді.

Назар аударыңыздар, аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда, өз бетімен үй жағдайында емделуге болмайды, білікті медициналық көмек алуға дәрігерге жүгіну қажет!

 

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы – Б.С. Шиналиев