Жуәйрия анамызға үйреткен 4 ауыз зікірдің салмағы қанша екенін білесіз бе?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Жуәйрия бинт әл-Харис анамызбен (р.а.) һижри 5-ші жылы үйленді. Жуәйрия анамыз (р.а.) өте көрікті, сұлу жан болған. Сыртына сай ішкі жан дүниесі де өте көркем әрі тақуа еді. Өзі аш қалса да, мұқтаж жандардың жағдайын ойлап тұратын қайырымды жан болған. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жуәйрия анамыздың (р.а.) бөлмесіне кіріп:

– Жейтін не бар? – деп сұрайды. Анамыз да (р.а.):

– Алланың атымен ант етейін, жейтін ештеңе қалмады. Сиырдың бір сүйегі бар еді, оны да азат еткен күңімізге садақа ретінде беріп жібердім, – деп жауап береді.

Міне, осындай қайыр-садақаға қолы ашық Жуәйрия анамызға (р.а.) үйреткен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) керемет бір зікірі бар. Әрқайсымыздың жаттап, айтып жүруіміз тиіс 4 ауыз сөз. Бір күні Жуәйрия анамыз (р.а.) таң намазынан кейін өзінің намазханасында Алланы зікір етіп отырады. Дәл сол уақытта Пайғамбарымыз (с.а.у.) кіреді де шығып кетеді. Уақыт күндіздің жартысына таяғанда (кейбір деректерде сәске уақытында) Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жуәйрия анамызға қайтып келеді. Сөйтсе, анамыз намазханасында әлі отыр екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Сен таңертең кіріп кеткен уақытымнан бері осы халде әлі отырсың ба? – деп сұрайды. Жуәйрия анамыз (р.а.) да:

– Иә, – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз:

– Мен сенен шыққан кейін үш рет 4 ауыз сөз айттым. Бұл сөздер сенің таңертеңнен осы уақытқа дейін айтқан зікірлеріңмен таразыға тартылса, менің айтқан төрт ауыз сөзім ауыр тартады! Мұқият тыңда! Ол сөздерді саған да үйретейін дейді де төмендегі сөздерді айтады:

«СубхәнАллаһи ъәдәдә халқиһи! (3 рет)

(Арабшасы: سُبْحَانَ اللهِ عَدَدَ خَلْقِهِ ،)

(Мағынасы: Алланы жаратқандарының санынша кемшіліктерден пәктеймін!)

СубхәнАллаһи рида нәфсиһи! (3 рет)

(Арабшасы:رِضَا نَفْسِهِ  سُبْحَانَ اللهِ)

(Мағынасы: Алланы өзі разы болатындай түрде кемшіліктерден пәктеймін)

СубхәнАллаһи зинәтә ъаршиһи! (3 рет)

(Арабшасы:زِنَةَ عَرْشِهِ  سُبْحَانَ اللهِ)

(Мағынасы: Алланы Аршының салмағынша кемшіліктерден пәктеймін!)

СубхәнАллаһи мидәәдә кәлимәәтиһи! (3 рет)»

(Арабшасы: مِدَادَ كَلِمَاتِهِ  سُبْحَانَ اللهِ)

(Мағынасы: Алланы сөздердің санынша кемшіліктерден пәктеймін!)

Міне, бұл сауабы сансыз сөздер әдетімізге айналуы тиіс зікірлер. Аллаһ Тағала баршамызды рахметіне бөлесін!

Салтан САЙРАНҰЛЫ