Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшірілді
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының Жуалы аудандық бөлімі заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа көшірілді.
Ауданы мың шаршы метрлік ғимараттың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, аудан әкімі Бахтияр Көпбосынов және ардагерлер ұйымының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай ашылған зәулім ғимарат тұрғындар үшін мереке қарсаңындағы тамаша тарту болды. Мемлекеттік қызметтер ұсыну үрдісін жетілдіру мақсатында салынған нысанда халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға қажетті жағдайлар жасалған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы автотұрақ та қарастырылды.
Ғимараттың бірінші қабатында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің фронт-офисі орналасса, екінші қабаты «Жұмыспен қамту» орталығына берілді.
Салтанатты шара барысында Жамбыл облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Данияр Медетбеков жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, әсем ғимараттың ашылуына қолдау жасаған жандарға алғыс айтты.
Енді Жуалы ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтерге мына мекен-жай бойынша қол жеткізе алады: Б.Момышұлы ауылы, Жібек жолы көшесі, №21 үй. «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметкерлері аптаның алты күнінде таңғы сағат 9.00 — ден кешкі сағат 20.00-ге дейін үзіліссіз қызмет етеді.
Қазіргі таңда мемлекеттік корпорация азаматтарға 621 мемлекеттік қызмет ұсынады, ал электрондық үкімет порталы арқылы 452 мемқызметке қол жеткізуге болады.