Жуалы ауданы: Бағдарлама аясында 5,1 млрд теңге игерілді
«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында
Бірнеше күннен бері Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген ұлағатты ұстаз, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті және «Мөлдір бұлақ» балалар журналының басшысы, әлеуметтік-қоғамдық «ЕлАна» ақпараттық агенттігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Мешітбайқызы таяуда Жуалы ауданына арнайы ат басын бұрып, аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өңір тұрғындарымен кездесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асыру барысы және жас ұрпақ тәрбиесі жайлы маңызды мәселелер қаралған келелі кездесу жиынына Б.Момышұлы ауылы, Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округтерінің тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мектеп және балабақша басшылары шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, алғашқы сөзді Халықаралық «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызына берді.
– Ауыл – халқымыздың қасиетті қара шаңырағы және алтын бесігі. Ұлт зиялыларының барлығы ауылда туып-өскенін жақсы білесіздер. Менің ел өңірлерін аралап, халықпен кездесулер ұйымдастырудағы басты мақсатым да біреу. Ол – қасиетті қара шаңырақты аман-есен сақтап қалу, ауылдан адамдардың көшпеуіне ықпал ету, сонымен бірге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға шамамның келгенінше атсалысу.
Алдыңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» экспедициясымен елді араласақ, биыл «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясымен өңірлерді аралап жүрміз. Ел арасында қандай мәселелер бар, халықтың тұрмыс жағдайы қалай, жас ұрпақ тәрбиесінің жайы қалай, бірлесе отырып алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқару керекпіз? Бұл бағытта ұрпақ тәрбиесі мен ұлттың болашағына қатысты маңызды мәселелер назардан тыс қалмайды.
Мен қай өңірге барсам да: «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!» деген ұран сөзді айтудан жалыққан емеспін. Ел болашағы, жас ұрпақтың тәрбиесі – барлығымызға ортақ мәселе. Ауылдағы ағайынның тұрмысы қайтсе түзеледі? Бұл мақсатта бірнеше жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолға алынғанын жақсы білеміз. Бұл бағдарламаның ел еңсесін тіктеудегі рөлі зор. Жүйелі жұмыстарды ары қарай жалғастыру қажет. Ең бастысы, әлеуметтің әлеуетімен қатар, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, ұлт руханиятына қатысты мәселелерді де естен шығармау қажет. Жас ұрпақты ата-бабалар қалдырған ұлттық құндылықтар арқылы халықтық тәрбиемен тәрбиелеуіміз керек. Олай болатыны, бала – біздің бауыр етіміз, бала – біздің болашағымыз! Ұрпақ тәрбиесіне қатысты қандай да ой-пікірлер мен ұсыныстарыңыз бар. Мен осында сіздерді тыңдауға және ұтымды ұсыныстарды жазып алуға келдім, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Жиын барысында 2019 жылдан бастап ауданның бірқатар ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев баяндады. Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған бұл бағдарлама арқылы ауданның алты ауылдық округінде 5,1 миллиард теңге игеріліп, осының есебінен малдың басы артып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты біршама артқан. Атап айтқанда, 3 500-ден астам аула бағдарламамен қамтылып, жеңілдетілген несиемен жеке кәсіптерін ашты. Одан бөлек, өңірде алты бірдей ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі тұрақты жұмыс істейді. Тиісінше, сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі артып келеді. Нәтижесінде ауданда сүт бағытында мүйізді ірі қараның аналық басы 20 350-ден 25 907 басқа артқан. Бұдан бөлек, аудандағы 10 сүт зауыттары сүтпен қамтамасыз етіліп, жобадағы екі ауылдық округте 2 сүт өңдеу цехы ашылған.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бақыт Сейтімбетова «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген өзгерістер туралы әңгімеледі. Одан бөлек, басқосуда «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылған Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтен, осындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев және Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамда ұрпақ тәрбиесіне, отбасы құндылықтарын нығайтуға қатысты мәселелерді көтеріп, аталған жоба аясында жеке кәсібін ашу бағыты бойынша берілетін несие көлемін алынатын қондырғылар бағасының жоғары болуына байланысты 9,2 млн теңгеден 40 миллион теңгеге дейін арттыру, ауылдық округтерде кооперативтер құрып, отандық ауылшаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету керектігін айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Келелі кездесуде Сәуле Мешітбайқызы халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің отандық ақпарат айдынындағы орны мен ұлт болашағы жолында атқарып келе жатқан қызметін жан-жақты айтып, қатысушыларды кітап, газет-журналдарды үзбей оқуға шақырып, бұл жастардың арасында да үрдіске айналу керектігіне баса мән беріп өтті.
***
Сонымен қатар Сәуле Мешітбайқызы келесі кезекте Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде Қарасаз, Нұрлыкент, Көкбастау, Жетітөбе, Күреңбел, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және білім мекемесінің басшыларымен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы, елдің болашағы, жас ұрпақтың тәрбиесі, басқа да маңызды мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітіп, қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алды. Ұлт жанашыры Сәуле Мешітбайқызы қай істе болсын, халықпен ақылдасып атқаратын шаруалардың көп екенін жеткізіп, елдің аман, жұрттың тыныш болуына шын жүректен тілектестік білдірді.
Айта кету керек, Сәуле Мешітбайқызының өңір тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесулерінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен қатар, ұлт сапасын арттыру, жаңа заман талабына сай ұрпақ тәрбиесін жан-жақты жетілдірудің жолдары, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі» туралы Заңға өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстар, (онда мектеп мұғалімдерін тазалық, басқа да қоғамдық жұмыстарға тартпау, отандық басылымға жазылуға байланысты мәселелер бар), әлеуметтік желілердің жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына тигізіп жатқан зиян тұстар т.б. қоғамда өз шешімін күткен маңызды мәселелердің шешілу жолдары, сонымен қатар, басылымның рөлі мен атқаратын қызметі туралы жан-жақты әңгіме өрбітіліп, ұтымды ұсыныстардың барлығына баса назар аударылды.