Жуалы жастары қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында баса айтқаны белгілі.
Президент жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені баршаға мәлім. Себебі жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы екені анық. Сол себепті осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» сынды бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатқаны баршаға аян.
Соның дәлелі, биыл Жамбыл облысының әр бір аудандарында, жалынды жастардың кәсіпкерлігін дамыту, олардың бизнес бастамаларын қолдау мақсатында Жастар жылына орай кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып табысты болғысы келетін азаматтарға қолдау көрсетуді қолға алды. Биыл ауылдағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына өмірі мен жұмысына қолайлы жағдай жасалмақ. Ауыл – мемлекеттің тірегі, ұлтжандылық пен рухани күштің қайнар көзі. Жас кәсіпкерлерді қолдау — ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау» жобасы аясында 42 жасқа 505 мыңнан 21 миллион 210 мың теңге қайтарымсыз грант және облыстық бюджеттен 303 миллион теңгеге (әр жасқа 3 млн-ға дейін) грант бөлінген болатын, осыған орай жергілікті жерде жобаның мақсаттарын, міндеттерін және қатысу шарттарын түсіндіру аясында Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» атты Жуалы ауданның 18-29 жас аралығындағы жастарымен кездесуі өтті. Аталған шараға аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т.Әміралиев, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Ж.Мырзалиев, иновация тарту және инвесторларға қызмет көрсету орталығының басшысы Н.Мырзатаев, аудандық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» курсы бойынша үйлестіруші маманы Р.Айтбаев, «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің жастарға арналған қайтарымсыз гранттар бойынша жұмыс жасайтын маманы Е.Сұрамысов және кәсіп ашуға ниетті жастар қатысты. Шарада жастарға арналған қайтарымсыз 3 миллионға дейін гранттар бойынша толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берілді.
3 миллион теңгеге дейінгі грант бойынша құжаттарды қабылдау аудандық кәсіпкерлік бөлімінде жалғасын тауып, 6 маусымға дейін уақыт белгіленіп отыр.
42 жасқа 505 мыңнан қайтарымсыз грант бойынша жұмыспен қамту орталығына ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін жүргізілетін болады.
Осылайша жуалылық жастар мемлекеттік қолдаудың шарапатын көруде.
Бөрі Сұлтан