Жуалыда құрт цехы іске қосылды
Жуалы ауданындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС құрт цехын іске қосты. Қазір дайын өнім Отандық нарыққа шығарылуда. Өткен жылы кәсіпорын 1200 тонна қатты ірімшік, 263 тонна сары май, 13 мың литр сүт өндірілген, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Зауыт сүт өнімдерінің 70 пайызын Ресей мемлекетіне экспорттауда. Бүгінде кәсіпорында 140 адам еңбек етеді. Олардың бір жылдық жалақысына серіктестік 154 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, айлық қорын 10 пайызға жоғарлатқан. Кәсіпорынға 18 ауыл шаруашылығы кооперативі, 60 шаруа қожалығы, 30 жеке кәсіпкер сүт өткізуде.
— Зауыт 1951 жылы салынған. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның 45 пайыздық үлесі бар. Бүгінгі таңда құрт цехын аштық. Өнімін Отандық нарыққа шығарудамыз. Алда оны да экспортқа шығару жоспарымызда бар. Республикалық, облыстық және аудандық жәрмеңкелерге өз өнімімізді тұрақты шығарып, баға нарығын төмендетуге үлесімізді қосып келеміз. Өткен жылы өндіріс айналымында 4,7 миллиард теңге болса, биыл оны 5,3-5,5 миллиард теңгеге көтеру көзделген. Жуырда екі жыл бұрын қолға алған жобамызды іске асырғалы отырмыз. Сөйтіп енді айран, қаймақ шығаруды да қолға алмақ ниеттеміз. Оған керекті құрал-жабдықтарды орналастырудамыз. Бұл жобамыз іске асса, алдағы уақытта тағы да 40-50 адамды жұмыспен қамтитын боламыз, — дейді серіктестік директоры Әбдібек Пошқаев.
Бұдан бөлек, серіктестіктің жүзеге асырғалы отырған жобасының бірі «Жуалы» тауарлы сүт фермасы желісін құру. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін серіктестік Жуалы ауданының Қарасаз ауылдық округіндегі Жұрымбай ауылынан ферма сатып алған. Енді ферманы сауын сиырға толтырып, зауытты сүтпен қамтымақ.
— Жыл санап сүттің жетіспеушілігі орын алуда. Біз кәсіпорынды кеңейтуді қолға алғандықтан, сүт өндіру көлемін көбейтуіміз керек. Өйткені, сауда орталықтарының сұранысын қанағаттандыру үшін шикізат көзін молайтпай, жұмыс көзін үйлестірмей тығырықтан шыға алмасымыз анық, — дейді Әбдібек Пошқаев.
Осылайша серіктестік тауарлы сүт фермалар желісін қалыптастырып, шикізатты өз күшімен шешпек.