Жуалылық жастар жемқорлыққа қарсы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен жылы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы қолға алынғаны белгілі. Жобаның негізгі мақсаты —  сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, облыстағы мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру.

Сыбайлас жемқорлықтың ел дамуы мен халық тұрмысының артуына кері әсер ететін жағымсыз құбылыс екені айтпаса да түсінікті. Осыған орай жас ұрпақты адалдық, адамгершілік қағидалары негізінде тәрбиелеу мақсатында өңіріміздің білім беру мекемелерінде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, жұмыс жасауда. Жуалы  ауданында да  барлық білім ошақтарында дәл осындай еріктілер клубы бар.

Өскелең ұрпақ арасында мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, сонымен бірге белсенді және бәсекеге қабілетті азаматтық ұстанымы бар жастарды тәрбиелеу мақсатында аудан әкімі Нарбай Ергебеков №2 Мыңбұлақ орта мектебі және №29 орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, еркін форматта әңгіме өрбітті. Кездесуді аудан әкімі ашты.

-Аудан мектептерінде «Адал ұрпақ» ұйымы құрылғанынан хабардармыз. Бұл ұйым өз кезегінде жеткіншектерді адалдық, қанағат, ұқыптылық ұғымдарына тәрбиелейтіні сөзсіз. «Адамдық борышың, халқыңа қызмет қыл, Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл…» деп ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өсиет еткендей, адамзатқа ең алдымен адамгершілік, адалдық керек-ақ. Халыққа, туған Отанға адал қызмет ету – асыл парыздардың бірі. Тіршілік пен еңбек егіз ұғымдар. «Еңбек – ер атандырады» деген сөз бар халқымызда. Адал еңбек бәрін де жеңбек. Мен де осы ауданның әкімі қызметіне бірден келген жоқпын. Мектеп бітірген соң екі жылға жуық туған ауылымдағы колхозда жұмыс істедім. Одан соң колхоздың жолдамасымен жоғары оқу орнына түсіп, одан кейінгі жылдары еңбек жолымды аудандағы су шаруашылығы басқармасында қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастадым. Ұзақ жылдар еңбек сатыларының барлығынан өтіп, осы лауазымды қызметке келдім. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі адал еңбектің арқасында ғана мүмкін болып отыр.

Өмірдегі ең биік нәрсе, ол – мақсат. Мақсат құрылса орындалмайтын арман болмайды. Адамда арман мен мақсат болмаса өмір сүру қиынның қиыны. «Жас келсе, іске» деген. Біз қашанда жастарға сенім артамыз. Қазіргі таңда біздің қоғамда тәрбиемен, біліммен қаруланған жастар өсіп келеді. Олар мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, тіпті, басшылық қызметтерде табысты жұмыс жасап келеді. Біздің де басты мақсатымыздың бірі – жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне қолайлы жағдай жасап, олардың бастамаларына қолдау көрсету. Қарап отырсам, осында келген оқушылардың озық ойлы оқушылар екені байқалып тұр. Болашақта ұлттық тәрбие мен қазіргі заманғы білім мен ғылымды игерген азаматтар болып қалыптасуларыңызға сенім білдіремін. Ол үшін өмірге деген көзқарастарыңызды дұрыстап, мамандық таңдау ісінде қателікке жол бермеңіздер,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Кездесу барысында №2 Мыңбұлақ орта мектебі және №29 орта мектебінің оқушылары Жадыра Қуантай, Мунира Қаржаубаева, Назым Қансейіт, Айдана Бегім өздері білім алып отырған мектептегі «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жұмысынан хабардар етіп, ұйым жұмысының ел дамуындағы маңызды рөліне тоқталды. Оқушылардың ой-пікірлерін мұқият тыңдаған аудан әкімі Н.Ергебеков оқушыларға оқуда озат болуға тілектестік білдірді.

 

   Нұржан МАНАСҰЛЫ