Жүгіру – деннің саулығы
Кез келген спорт түрін алып қарасақ, алғашқы қадамы дене қыздырудан басталары белгілі. Турасын айтқанда, жүгірудің денсаулыққа берер пайдасы зор екендігін жақсы білеміз. Мысалы, аты әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов жаттығуда аянбай тер төгу арқылы белгілі бір нәтижеге қол жеткізетінін айтады. Сондай-ақ, атақты балуан жүгірудің кәсіби спортшы үшін маңызы зор екендігін айта келе, өзі де жаттығу алдында ұзақ қашықтыққа жүгіргенді жақсы көретіндігін кеңес ретінде сөз етеді. Расымен де көптеген балуандарырымыз жүгіруге мән бермегендіктің әсерінен боз кілемде ырсылдап,торсылдап демдері таусылып уақытынан бұрын шаршап қалып жатады. Сондықтан да жүгірудің жалпы спортшы болсын, қарапайым саламатты өмір жолында жүрген адамдар үшін маңызы ерекше. Ал қарапайым қала тұрғындарының саламатты өмір салты қалай өтіп жатыр деген сұраққа, әзірге сол саланың құлағын ұстап жүрген жекелей федерациялар мен қала басшылықтарының жұмысынан байқауға болады. Үстіміздегі жылы Алматы қаласында жеңіл атлетика федерациясы құрылып, оның басшысы болып білікті де білгір маман Мұхит Әзербаев тағайындалғаны туралы барлық ақпарат құралдары жазған болатын.
Қазіргі таңда шахарда айтулы спорт түрінен көптеген игілікті шаралар ұйымдастырылып, қала жұртшылығын саламатты өмірге тартуда орасан жұмыс жасалынып келеді. Барды бар,жоқты жоқ –деп айтқан орынды. Оңтүстік шахарымызда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған дәстүрлі халықарылық аламан жарыс өткізіліп тұрады. Бұл жарыстың жеңіл атлетика спортының дамуына қосары мол. Жеңіл атлетика аяулы қаламыз Алматыда төмен деңгейде болған емес, дегенмен де арнайы спорт ғимарттарының тапшылығынан қаншама талантты желаяқтарымыз сүйікті спортын тастап кетіп тасада қалып жататыны өтірік емес. Болашақта осы мәселені көтеру жолында жаңа бағдарламаларын ұсынып, қала тұрғындарының жүгірумен айналысатын орталықтардың құрылысын жаңғырту бағытында Алматы жеңіл атлетика федерациясының басшысы Мұхит Әзірбаев терең мән беріп, қолға алмақшы екен. «Метеор»-деген ұранмен ұйымдастырылғалы отырған жүгіру жобасына мұрындық болып отырғанның бірі де Мұхит Әзірбаев. Ендеше алдынан жарылқасын дейміз.
Айталық, осы аптаның аяғында Алматыда жеңіл атлетикадан көлемді бұқаралық дүбірлі шара ұйымдастырылғалы отыр. Бұл шара қала жұртшылығы мен қатар кәсіби спортшылардың арасында өтпек. «Метеор»-деген ұранмен ұйымдастырылғалы отырған айтулы спорттық шараға Алматы қаласы әкімшілігі, Алматы жеңіл атлетика федерациясы және «Экстремальдық атлетика» біріккен орталықтары ұйытқы болған екен. Жарыстың ерекшеліктеріне тоқталсақ. Қарашаның 4-5 аралығында өтетеін жарыс алдында қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру жолында «Алматы аренада» жүгіруге ниетті желаяқтарға ашық жаттығу өткен болатын. Ол жаттығуды жоғары деңгейдегі 1-ші категориялы жаттықтырушы ҚР спорт шебері, жеңіл атлетикадан Халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері Данил Ерещенко жүргізіп, жүгіру техникасын меңгерудегі біршама пайдалы кеңестерімен бөлісті. Шеберлік сабағына қатысқан 30 дана астам адам, 2 сағат бойы- жүгіру кезінде эстафеталық таяқты қолдан қолға берудегі ұтымды сәттер мен қысқа және ұзақ қашықтықта жүгіру кезінде демді үнемдеудің түрлі техникасын маманнан үйреніп, жарысқа дайындықтарын шыңдады.
Кәсіби спортшылар әуесқойлар арасында өткелі отырған бұл жарысқа 14 жастан жоғары жекелей және командалық эстафета жарысы бойынша сынға түседі. Айталық, спортшылар мен әуесқойлар бұл жарыста 400м,800м,1500м, және 3000м қашықтыққа жүгіруге қатысып, 400 м 4 адамнан немесе «Швед эстафетасы» деп атау алған сында аралас команданың құрамында жүгіру мүмкіндігіне ие болады. Хош, сонымен апта аяғында Алматылықтарды тағы бір аламан жарыс күтіп тұр. Қатысып бағын сынамақ болған барлық желаяқтарға бір жағынан марапат, абырой атақ болса, бір жағынан денсаулықтарын сауықтыруға зор мүмкіндік туғалы отыр. Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/sport/zhanalyktar/48924/