«Жұлдыздықтар» жұмылдырылған сенбілік

Бүгін Оралдағы «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындары жалпықалалық санитарлық-экологиялық айлығына өз үлестерін қосып, сенбілікке шықты.

Сегіз жылдан бері осы шағын ауданда тұратын Жанна Жанғалиева осы ауданның белсендісіне айналған. Ол әлеуметтік желіде арнайы топ ашып, тұрғындармен жұмыстанып келеді. Осы жолы тұрғындарды тазалық іс-шарасына белсене атсалысуға шақырып, сенбілік ұйымдастырған.

 

 

– Сенбілікке үлкендеріміз бастап шығып, оларға балалар да қосылып, аялдамалар мен дүкендердің айналасындағы, балалар алаңдарындағы, шеткі аумақтардағы қысқы қалдықтарды жинадық. Тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Нәтижесінде өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға үлгі боламыз, – деген Жанна Тілекқызы шағынаудан тұрғындарының ауызбіршілігі жоғары екенін атап өтті. Жалпықалалық сенбілікке отыз шақты адам шықса, өзге тұрғындар көшелерді, аулаларды жинастырып, еңбек науқанын қыздыра түскен.

Белсенді азаматша барлық уақытта қалалық коммуналдық мекемелермен де байланысқа шығып, шағын аудан тұрғындарының өтініштерін жеткізіп отырады.

Бұл жолы да «Жайық таза қала» ЖШС қызметкерлері көмекке келіп, тұрғындардың күшімен жиналған қоқыстарды арнайы көлікпен тиеп алып кеткен.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы