Жұлдызы жанған Жамбыл ауданы жыл санап, өндірісін өркенді дамытуда

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен өзге де мемлекеттік, салалықбағдарламалар аясында Жамбыл облысында бірқатар жұмыстар бастау алып, бүгінгі таңда жүйелі түрде жалғасын табуда. Нәтижесінде, өңірімізде барлық салада ілгерілеушілік байқалады.  Атап айтсақ, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында өнім еселеп өсті. Тіпті, биыл егін  үш есе көп көлемде жиналып, рекордтық көрсеткішті көрсеткелі тұр. Бұл әрине бағдарлы бастамалар мен жүйелі жұмыстардың жемісі.

Әрине, өңірдің өркенін өсіретін елді мекендердегі еңбек адамдарының ерлігі. Сондай аймақтың бірі – Жамбыл ауданы қазір қанатын кеңге жайып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отыр.

«Әулие-ата алма»  апортын жейтін күн алыс емес

IMG_0127Кезінде апортымен аты шыққан Қазақстанның қазіргі алма өндірісі өз нарығымызды толықтай қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Кез келген сауда нүктесіне бас сұға қалсақ, көздің жауын алатын шет елдік өнімдерден көз сүрінеді. Дегенмен, кенжелеп  тұрған алма өндірісін өркендету мақсатында Жамбыл ауданында жұмысын бастаған «Әулие-ата алма» өндірістік кооперативі ішкі нарығымызда орын алып жатқан олқылықтың орнын толтырмақ. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қолдауымен жұмысын бастаған жобаның жалпы аумағы 60гектарды құраса, 50 гектарына алма көшеттері отырғызылған. Кооператив басшысы Шәріпхан Туғанбаев көшеттерді таңдау барысында білікті мамандармен ұзақ кеңесе келе, Сербия мемлекетінен өнімділігі жоғары вируссыз алма көшеттерін арнайы алдырған екен. Отырғызылған 125 түп алма көшеттері алдағы жылы  алғашқы өнімін береді деп күтілуде. Ал, кооператив басшылығы бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр.

Тәтті түбір – табыс көзі

DSC_0174Ауыл шаруашылығы саласындағы күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі-елімізде қант қызылшасын көп мөлшерде өсіру болып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сараптауынша, алдағы 5-6 жылда Қазақстанда 960 тонна қант қызылшасын өндіруге мүмкіндігі бар.  Бұл мәселе біздің облыста да өткір қойылып, ерекше мән беріліп отыр. Облыс бойынша барлық шаруа қожалықтарға түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, қызылша өсіруге құлықты қожалықтардың қатары артқан. Мәселен,  Октябрь-жеміс ауылы аумағындағы жүз гектаржерге қант қызылшасын еккен «Амангелді» өндірістік кооперативының берекелі ісі көпке үлгі. Кооператив басшысы Қасымхан Қанаев бүгінгі таңда қант қызылшасын өсіру уақыт талабы екендігін айтып отыр.  Сондай-ақ, ол өз сөзінде қызылша өсірудің қиындығы көп болғанымен, маусымдық жұмыс кезінде кездескен қиындықтарға қарсы тұра білсе, табысы да мол болатындығына тоқталды.

Тарихқа көз жіберетін болсақ, кезінде Жамбыл, Мерке, Жуалы және Байзақ аудандарында бағалы техникалық дақыл – қант қызылшасы 42 мың гектардан астам алқапқа егілген екен.  Олардың орташа түсімі гектарына 300центнерден айналған кездері де болған десе-ді. Қант қызылшасын өсіруді қолға алған Жамбылдық диқандар алдағы уақытта өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы межені бағындыруды алдарына мақсат етіп отыр.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Ауыл шаруашылығы–ел экономикасындағы маңызды секторлардың бiрi болғандықтан, соңғы жылдары осы салаға басымдық берiлiп келедi. Агроөнеркәсiп кешенiндегi барлық субъектiлерiне субсидиялар мен несиелер бөлiнiп, түрлi бағдарламалар қабылданып жатқаны – соның айғағы. Нәтижесінде ел ішінде түрлі бағдарламаларға сүйене отырып несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалардың үлесі артып келеді.  Аса ауылының тұрғыны Нұрман Жантелиев бірнеше жыл бұрын  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 3,0 млн. теңге несие алып, өз кәсібін бастаған.

IMG_0110–Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге елімізде барлық жағдай жасалған.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарында да кәсіпкерлікті дамытуға байланысты көп ақпарат  пен жеңілдік айтылған. Бұл экономикалық қиын кезеңде шағын және орта бизнесті қолдау үшін маңызды екендігі сөзсіз. Сол себепті, жұмыс жоқтығын алға тартып, қол қусырып жата бермей, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзімде несие алып, ең бірінші жылқы шаруашылығымен айналыса бастадым. Қыста бордақылап етін саттым, жаз бен күз айында бие байлап, қымыз-саумалыны  саттым. Бірте-бірте бастаған ісіміз аяғына тұрып, көкжиегін кеңейте түсті. Қазіргі таңда Польшадан асыл тұқымды жылқылар алып келіп, қолдағы жылқыларды асылдандырудамыз,– дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер бірнеше отбасыны тұрақты жұмыспен қамтып, қарамағындағы жұмысшыларына 50-60 мың теңге көлемінде жалақы төлеуде.

«Азамат»  жылыжайынан 200 тонна қияр алмақ

IMG_0047Қазіргі кезде республикамыз бойынша барлық өңірде жылыжай шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келе жатқандығы белгілі. Бұрындары ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен толығымен қамтамасыз ету мәселесі көрші елдерден тасымалдау арқылы шешіліп жүрсе, енді өзгеге жалтақтамай, қолдан келетін іске өзіміз-ақ білек түріп кірісе бастадық.Жамбыл ауданыБектөбе ауылындағы 1 гектар жерді алып жатқан жылыжай голланд технологиясы бойынша жасалған.  «Бизнестің жол картасы 2020»  бағдарламасы шеңберінде өндірістік инфрақұрылымды дамыту шарты бойынша жылыжайға электр желісі мен газ құбырын  тарту үшін жалпы құны 23 млн. 321 теңге қаражат бөлінген. Жылыжай иесі, «Азамат» шаруа қожалығының басшысы Ғалым Сатыбалдиев айтуынша, осы жарты жылдықта жылыжайдан 200 тоннадан астам қияр жиналады деп күтілуде.Ал, түскен өнімдер облыс аумағындағы сауда нүктелері мен орталық базарларға жөнелтілмек.

Өндірісті өңірдің ертеңі өрісті

Жалпы, өңірді өрге сүйрейтін индустриалды-инновациялық бағдарламалар екені айдан анық.  Бұл жұмыста жамбылдықтардың мерейі үстем. Сөзіміз дәлелді болу үшін, осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында «БиномСтройДеталь» ЖШС-нің жылына 19,5 мың текше метр панельді үй құрылыс бұйымдарын шығаратын комбинат салу жобасы іске асырылып, кәсіпорын алғашқы сынама өнімдерін шығарған болатын. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау арқылы тұрғызылған «Бином-Строй Деталь» ЖШС жылына 10 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын, 9,5 мың текше метр арақабырғалар мен аражабын тақтатастарын шығаруға мүмкіндіктері бар. Ал, өндіріс орнына қажетті негізгі құрал-жабдықтар Германия мемлекетінен әкелінген. Бүгінгі таңда нысанда 105 адамтұрақты жұмыспен қамтылуда.

IMG_0134

Сонымен қатар, Жалпақтөбе ауылында орналасқан «Достар» шұжық цехы да бүгінде өнімдерін тек облыс аумағына ғана емес, еліміздің көптеген аймақтарына жөнелтуде.  Аталған цех басшысы, жеке кәсіпкер Сайд Берсанукаев он бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жиырма бір түрлі щұжық өнімдерін шығаруды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта тұшпара шығаратын цехты іске  қосуды жоспарлауда.

Бала-біздің болашағымыз

IMG_0078    IMG_0194

Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл ауданында да жалғасын тауып келеді. Мәселен, Пригород ауылындағы «Нурумова Г» жеке кәсіпкерлігінің қолдауымен салынған 280 орындық  жекеменшік иеліктегі балабақша жуырда  пайдалануға берілмек. Жобаның жалпы құны-650,0 млн. теңгені құрайды. Заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған балабақшаның ашылуын ауыл тұрғындары асыға күтуде.

ТҮЙІН. Міне, алақандай Жамбыл ауданында осындай үлкен жобалар жандануда. Бұл әрине ел, облыс экономикасына елеулі үлес қосатыны анық. Әрі жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнімді де пайдалануға мол мүкіндік туғызады. Сондықтан біз де өз тарапымыздан Жамбыл ауданының жұлдызы жанып, барлық саласының бағыты бағдарлы болсын деп тілейміз.

Саятхан Сатылғанов