Жұлдызы жарық жас әнші
Бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік стилімен, өзгеше дауысымен ерекшеленіп, музыка әлеміне жаңа леп әкеліп жатқан жас әншілер қатары көбейіп келеді. Халықаралық деңгейге көтерілген Димаш Құдайбергеновті айтпағанда, Ғалымжан Молданазар, Мирас Жүгінісов, 2RAR, Aro, Khalifarniya жақында ғана өмірден өзған Darkhan Juzz секілді орындаушылар, әдемі дауыстарымен, қайталанбас әндерімен халық жоғары бағасын берген сүйікті әншілеріне айналып үлгерді. Отандық музыкаға жаңа дем әкелсем деп жүрген өнерлі ұлдың бірі – Дархан Қали.
Музыкаға құштар жас Таразға іргелес жатқан Қызыл жұлдыз ауылының тумасы. Алайда жас күнінде отбасы жұмыс бабымен Астана қаласына қоныс аударған. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін «Музыка» бөлімі бойынша аяқтаған ол қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білімін жалғастырып жатыр. Мүмкіндіктері көп үлкен қалада ержеткен жігіт неге Таразда оқып жүр деп таңырқадық. Оның себебі – Дархан ата-әжесінің қолында өскен бала болғандықтан екен. Ата-әженің тәрбиесін көрген ол Қызыл жұлдыздағы қарашаңырақта қалған аталарын жалғыз қалдырмауға тырысады. Мектеп кезінде де Жамбылға жиі келіп тұратын ол мектеп бітірген соң осында оқуға түсіп, ата-әжесінің қасында болуды қалайды.
Өнерлі жастың музыкаға деген қызығушылығы бала күнінде оянған. Алдындағы ағасы домбыра үйірмесіне қатысып жүргенде оған қызыға қарайтын. Кейін сол ағасы кәсіби домбырашы атанды, бұл да «әнші болғым келеді» деген ойынан айныған жоқ.
Бұл күнде көп жастар әнші, актер, вайнер, блогер атанып, танымал болғысы келетіні рас. Алайда Дарханның әнші болғысы келетін арманы танымалдылық пен атақ үшін емес, музыканы шын жақсы көретіндігінен. Бұлай болуы бекер де емес. Ол жастайынан музыкалық ортада өскен екен. Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Құрмаш Махан, Қайрат Нұртас, Мейрамбектей ел сыйлаған өнерлі ағаларын жиі көріп, көп әңгімелесіп тұратын. Ол аз десеңіз, қазақ сахнасына енді шығып келе жатқан жас әншінің ұстазы әрі продюсері – Бауыржан Есебаев. Сонымен қатар Дарханның өкіл әкесі бірнеше әншінің хит әндеріне сөз жазған белгілі ақын Олжас Отар.
– Қазіргі уақытта тас лақтырсаң әншіге барып тиетін заман екенін жақсы түсінемін. Бірақ мен «саны бар, сапасы жоқ» әншілердің қатарынан болғым келмейді. Raim, Мирас Жүгінісовтей өзге замандастарым секілді сапалы әндерді жиі жарыққа шығарып, халықтың сүйікті әншісіне айналғым келеді. Өнерде әр адамның өзіндік ерекшелігі болуы керек. Мендегі басты мақсат – өз бағытымды қалыптастыру, – дейді ол.
Бауыржан Есебаевтың тәлімін алып жүрген жас әншінің репертуарында әндер біртіндеп көбейіп келеді. Солардың арасында «Әке-ана» «Ойлама», «Бақытымсың», «Еркеле» атты әндері тыңдармандарынан жоғары баға алып үлгерді. Әндерінің барлығы да белгілі бір кейіпкерлерге арналған. Әсіресе әнін Азамат Тұрманов, сөзін Сымбат Қадырбек жазған «Ойлама» әні жанына ерекше жақын. Өзі ұнатып жүрген сүйіктісінен белгілі себептерге байланысты алшақтап қалған жігіттің сезімдері ән болып шығады. Әні мен сөзін Б.Есебаев жазған жақында жарыққа шығатын «Жоқ, жоқ» деп аталатын тағы бір жаңа әніне бейнебаян түсірілген. Шығармашылық жолындағы ең алғашқы бейнебаяны жуық арада көрермен назарына ұсынылмақ.
Сыртта жүрсе де туған өлкесін есінен еш шығармайтын әнші облыстағы танымал композиторлармен де жақсы байланыста. Әуезхан Салабеков, Сәрсенбек Бәкір ағаларына деген құрметі ерекше. Тіпті өнер жолына алғаш келгенде Сәрсенбек ағасы «Әке-ана» деген әнін сыйлапты. Ол ән ең алғаш автордың шығармашылық кешінде орындалған.
Ән айтумен қатар, домбыра, баян аспаптарында керемет ойнай білетін өнерпаз осы аспаптың сүйемелдеуімен халық әндерін шырқағанды ұнатады.
– Менің халық әндеріне деген құрметім, сүйіспеншілігім айрықша. Кейде халық әндерін, танымал термелерді заман талабына сай етіп шығарса деп ойлаймын. Әннің маңыздылығын жойып алмай, ырғағын бұзбай, сәл ғана өңдеп айтса несі жаман? Жастар бізде осындай керемет музыкалық мұрамыз бар екенін білуі тиіс.
Бала кезден Қайрат Нұртас, Төреғали, Еркін Нұржанов, Айгүл Елшібаева, Өмірқұл Айниязовты тыңдап өстім. Қазір сол аға-әпкелеріммен бір сахнада жүргеніме қуанамын. Алайда әркімнің жолы басқаша. Бірге ән жазбасақ та болашақта әндерін, термелерді концертімде басқаша форматта айтқым келеді. Қазір альбом жазып жатырмын. Келесі жылы қалаларды аралап, тур жасағым келеді. Жалпы менің үлкен арманым – әлемдік сахнаға кіріп, әлемді мойындату. Ол үшін белгілі бір шеңберде тұрып қалмау керек. Шеңберден шықсаң ғана халықты таңғалдыра аласың, – деп өз ойымен бөлісті Д.Қали.
Қазақ өнерін әлемге таныту үшін сол жолда аянбай еңбек етемін деп жүрген жас өнер иесінің ісіне сәттілік, шығармашылық жолына табыс тілейміз!
А.БЕКЕНҚЫЗЫ