Жұма намаздан «Питницаға» дейін… (боямасыз өмір)

–Көмектесіңіздерші! Анамның еміне көмектесіңіздерші! Өтінемін, сіздерден, көмектесіңіздерші!
Мешіттің алдында құйтақандай қыз бала шырқырап тұр. Жасы тоғыз бен онның ар жақ-бер жағы… Шыр-шыр етеді бала жүрек. Қасында көк-сұр куртка киген келіншек бар. Меңдеген дерт қуаңқы жүзінде мен мұндалап тұр. Бір парақ қағазға ауруының диагнозы мен қажетті қаражаттың сомасын ірі қаріптермен жазыпты, онысын кендір жіппен байлап мойынға ілген. Өткен-кеткенге назар салар емес. Өмірден күдер үзген пендедей сүлесоқ, бей-жай. Қыздың даусында ғана үміт бар, шыр-шыр еткен сол үміт. Жұма намазынан қайтқан жұрт қыз бен ананың қасына үйіріліп қалды. Қалтаға салынған саусақтар бос шығып жатқан жоқ. Майда-шүйде тиын-тебенді уыстаған, ірі ақшаны қыстырған қолдар қыз көтерген қорапшаға кезекпен барып-қайтты. Бейшара екеудің бірі ернін жыбырлатып рақмет айтса, екіншісі көмек сұрап асыға, алқына айқайлайды. Мешіт жамағаты тарап кетпей тұрғанда садақа жинап қалуды бала санасы сезетіндей. Суық сорған беті алабұртып, мұрнын пыс-пыс тартады. Көзінен аққан жасты сүртуге де мұршасы болмаған секілді. Суалған өзен арнасындай болып томпақтау бетінде айғыздалған екі із жатыр. Мен жақындай бергенде сол ізді қуалап қос тамшы ағып түсті. Мөп-мөлдір екен.
–Ем болсын!–деп қорап ішіне аз-маз теңге тастадым.
–Қабыл болсын,–деп анасы естілер-естілместей сыбырлады. Жеделдете басып жөніме кете бардым. Құйтақандай қыздың дауысы сапырылысқан көлік пен самбырласқан адамдардың ырду-дырдуына жұтылып қала берді. Мешіт орналасқан көшені өрлеп жүріп келемін. Көңіл шіркін бұзылып, жел көтерген теңіздей шайқалып-ақ тұр. Барқырай жылаған баланың үні шыққанда бас көтеріп жан-жағымды бағдарладым. «Пятница» деген атауындағы екінші әріпті белден бір сызып «Питница» қылып өзгерткен сырахананың қасына жетіп қалыппын. Май бөксе, болбыр қарын жуәрмекті бір келіншек дедектетіп сүйреп келеді.
– Машинка,машинка,–дейді әлгі тентек көшені басына көтеріп ойбайлап.
–Мәшинеде басың қалғыр, өзім жаяу жүрсем де сенің сексен мәшинең бар. Екінші саған ойыншық әперсем атым өшсін,–деп шешесі тұлданады. Бір қолына базар сөмкеге сықитып салған азық-түлігін мықшыңдай көтеріп, екіншісімен бақырауық ұлын жетелеп һәм желкелеп қасымнан өте шықты. Тап бір баласын біреу ұрып жылатқандай бұлқан-талқан болып, көшедегілерді қағып-соғып барады. Духананың ойнақы әуенімен жарысып шиқылдаған, қарқылдаған дарақы күлкі естіледі. Жазғы алаңқайға жайғасып алып, сыра суатына бас қойған «Питницаның» тұрақты «жамағатына» қарағым келмеді. Теңіздей шайқалған көңіл көбік ата бастаған.
– Анамның еміне көмектесіңіздерші! –деген құйтақандай қыздың дауысы көпке жетпейтінін білем, көкке жетсе деп тіледім. 


01.04.2019 жыл, сағат: 19.19
Талдықорған