Жұмағали тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді
Қостанай облысы Сарыкөл ауданының тумасы Жұмағали Ысмағұлов – публицист-жазушы, аудармашы, сыншы-әдебиетші ғалым. Филология ғылым докторы, профессор, Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінің журналистика бөлімін, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген зиялы тұлға.
Жұмағали Ысмағұлов — 1986 жылы желтоқсанда Алматыда қазақ жастарының бас көтеруіне қатысқаны үшін жауапқа тартылған Қайрат Рысқұлбеков пен тағы үш жігітке үкім шығарылған кезде олардың сот залынан түсірілген суреттерін газетте жарияланғаны үшін 1987 жылы саяси қуғынға ұшыраған адамдардың бірі. Сол кезде үкіметке қарасты ҚазТАГ агенттігін басқарған Жұмағали Ысмағұлов та жұмыстан қуылған еді.
Осыған орай, Алматы қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен Жұмағали Ысмағұловтың құрметіне, оның ел есінде мәңгі сақталып қалу мақсатында ол соңғы жылдары тұрған тұрғын үй кешеніне ескерткіш тақта орнатты. Іс-шараға ғалымның туған-туыстары, шәкірттерімен қоса жазушылар одағының мүшелері қатысты. Жұмағали Ысмағұловтың құрметіне Шөмішбай Сариев өлең оқып, ал қонақтар ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.
Айман Рамзия