Жұманазар Ерсұлтанов: «Қазақстан барысына» алтын аламын деп келген едім
Өткен жексенбіде Қазақ елі Елорда төрінде ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы-2016» турниріне куә болған еді. Жарыс алдында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев биылғы доданың жылдағыдан да дүркіреп өтетінін мәлімдеген болатын. Расымен, сегіз мың көрерменді «Сарыарқа» велотрегіне, миллиондаған телекөрерменді көкжәшіктің алдына жинаған «Қазақстан Барысы-2016» есте қаларлықтай айрықша өтті. Отыз төрт балуанды боз кілемге жинап, аталмыш сайысқа алғаш түскен он бір күрес шеберін халыққа таныстырған бірегей жобаның бас жүлдесін бүгінгі қазақ күресінің дарабозы Бейбіт Ыстыбай жеңіп, өзін үшінші мәрте мойындатты. Бұған дейін 2012 жылы және былтыр «Қазақстан Барысы» атанған Бейбіт үш дүркін чемпион атанамын деген уәдесіне тұрғанын айта кетейік. Атақты жеңіп алғаннан сақтап қалудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінетін белді балуан турнир кезінде аса қырағы қимылдағанын көз көрді. Қарсыласының аяқ алысын бағамдап, шабуылына тосын әдістермен жауап берген жамбылдық балуан білгенінен жаңылмады. Боз кілем айқасында табандылық танытып, алтыннан үмітті екенін анық білдірген ең ауыр салмақтағы (160 келі) Жұманазар Ерсұлтановты финалда қапы қалдырған Бейбіт Ыстыбаевтың маңдайына алтын «Тайтұяқ» пен 25 миллион теңге, сондай-ақ, Астана қаласынан пәтер де бұйырды. Ал, үшінші орын жүлдесі турнирде ең көп жекпе-жек өткізген, бұған дейінгі «Қазақстан Барысытарында» ерекше көзге түсіп жүрген Дәулетхан Жақыповты жеңген тағы бір жамбылдық балуан Айбол Айтбектің қанжығасында кетті. Турнир бітіп, ел-жұрт балуандардың белдесуін талқыға салып жатқан шақта «Қазақстан Барысының» 2013 жылғы қола жүлдегері, биылғы турнирде тамаша өнер көрсетіп, тек финалда ғана сүрінген Оңтүстік Қазақстандық балуан Жұманазар Ерсұлтановпен сұхбаттасуға мүмкіндік алған болатынбыз. Отызында орда бұзған арда азамат жеңілдім екен деп мойымақ емес, керісінше дайындығымды шыңдап, діттеген мақсатыма жетпей қоймаймын деп отыр.
-Жұманазар аға, жауырыны қақпақтай, қос иығы тоқпақтай түйе балуандар бәсекесіндегі күміс жүлдеңіз құтты болсын! Білуімше, «Қазақстан Барысына» осымен төртінші рет қатысып отырсыз. Биылғы турнир көңіліңізден шықты ма?
-Тілегіңе рахмет. Биылғы турнир шыны керек өте жоғары деңгейде өтті. Өздеріңіз де бұл жарыстың тамаша ұйымдастырылғанына куә болдыңыздар. Бастысы, балуандардың барлығы дерлік жақсы дайындықпен келгенін байқатты әрі белдесулер әділ өтті. Артық әңгіме болған жоқ. Халық та, ұйымдастырушылар да және біз де риза болып тарқастық.
—Финалға дейінгі жекпе-жектеріңізде аса бір қиналмай, күш сарқымай жеңіске жеткеніңізді білеміз. Бейбітпен өткен белдесуде қарсыласыңыздан басым түсуге мүмкіндігіңіз болды ма?
-Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» демеуші ме еді? Финалда Бейбіт бауырымыздың бағы жанды. Әйтпесе, екеуміз де тас-түйін дайындықпен шыққан едік. Тек, белдесу кезінде күтпеген әдіс жасап, Бейбіттің тұзағына түсіп қалдым. Ол да сол бір сәтті өзінің пайдасына асырып, дер кезінде жеңісті қолдан жұлып алды.
—Қазақтың аңызға айналған балуаны Жақсылық Үшкемпіров осы турнирдегі сіздің аяқ алысыңызға оң бағасын беріп, тіпті, кейбір әдістеріңізді бұрынғы қазақтар қолданбаса, бүгінгі апайтөс күресшілеріміз боз кілемде қажетіне пайдаланып жүрген жоқ деп еді. Құпия болмаса, қандай әдістер оң жамбасыңызға сай келеді?
—Ағамыздың айтқан әдісі қарсыластың екі аяғының ортасына аяқты созып лақтыру әдісі болуы керек. Оны жарыстарға қарағанда күнделікті жаттығу кезінде жиі қолданамыз. Негізінен ол әдіс жапондардың дзюдосында да бар. Мен өзім бала кезімнен дзюдо күресімен айналысқандықтан әдетіме айналған ұрыс тәсілі десем дұрыс шығар. Қазір қарап отырсам, қазақ күресіне еркін күрестен, самбодан жігіттер ауысып жатыр. Тіпті, дзюдодан ұлттық құрама сапындағы жігіттердің де келіп жатқанын көріп қазақ күресіне неше түрлі айла-әдістердің қосылып жатқанына бір жағынан қуанамын. Өйткені, қазақ күресімен айналысушылар көбейгенде ғана ол дамиды, танымалдылығы арта түседі деп есептеймін.
-Күресшілердің киімінде өзгерістің барын байқадық. Жең мен балақтың ұзындау болуы ыңғайсыз емес пе екен?
-Киімнің жеңі шынтақтан, балағы тізеден түсіп тұрса да өте жеңіл материалдан тігілген. Дзюдо киманосына ұқсатып дайындаған екен. Өте ыңғайлы, отырып-тұруда, белдесу кезінде ешқандай кедергісін байқамадым.
-EXPO-2017 Халықаралық көрмесіне орай «Әлем барысы» ұйымдастырылады деген ақпар бар. Келесі жылы аталмыш байрақты бәсекеде сізді көріп қалуымыз мүмкін бе?
-Алла нәсіп етсе, «Әлем барысында» қазақтың қандай халық екенін дүниежүзіне мойындатып қалармыз. Өзімді ол бәсекеде күресуге лайықты қазақ жігіттерінің бірімін деп ойлаймын. Негізгі мақсатым – «Қазақстан Барысында» топ жару. Алдымен, осы турнирдің алтынын иеленемін деген үміт бар. Соған қарай талпынып та жүрмін. 2013 жылы «Қазақстан Барысында» қоланы қанағат тұтсам, биыл алтын аламын деген ойым болған еді. Әлі де дайындығымды пысықтап, келесі бәсекеде жанкүйерлерімді чемпиондық атақпен қуантамын деген ойым бар.
—Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет! Мақсатыңызға талмай жетуіңізге тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ