«ЖҰМБАҚ ҒҰМЫР»

Нәзигүл Абутұрапова:Әуезовтың әлемдік көлемдегі мерейтойы тұсында жазушының тұңғышы Мұғамилә Мұхтарқызымен, ұлы Абайдың ұрпақтары Иісжан және Ғазел Мағауияқыздарымен дидарласып, жақын танысып, телехабарлар жасап, тікелей эфирге де шығарған едік.

Уақыт өте соның бәрін саралай келсек, сол аяулы аналарымыз өз ғұмырында талай-талай арпалыс толқынын бастан кешкені, кешегі өткелең кезеңнен күні бүгінге дейін жүректерінде бойтұмардай сақтаған қымбатты да қимас жандарының өздеріне қатысты ең маңызды деректерін толқи баяндағаны бізді бейтарап қалдырмаған болатын. Себебі, біз де, Әлем де «Даңқы жер жарған құдіретті қалам иесі, алып Әуезовтің жазушы ретінде асқан бақытты болғанынан хабардар едік. Ал адами пенде ретінде, жар сүю мен әке ретінде ше.?!» деген ой да мазалағаны рас.
Мұғамилә Мұхтарқызының боямасыз баяндауы арқылы бір ұққанымыз: ұлы Әуезовтің – тірліктің ең маңызды мәселесі тұсында тым трагедиялы, түйткілі мен түйіні көп, күрделі де қарама-қайшылыққа толы тағдыр азабын арқалап өткені анық екен…

«Ғұмыр-дария» атты деректі телетоптаманың кезекті санын Әуезов әлеміне арнау мақсатында Мұғамилә апамен сыр-сұхбат жүргізіп, сонау бір кездің тарихын қайта жаңғыртудың жөні келді! Шәй үстінде ұлы жазушының перзенті әкесіне деген сүйіспеншілігін жан тебіренісімен де, сөзімен де сездіріп отырды:

–Әкемнің маған деген ықыласы сол, мені бес шешемнің біреуінің де қарамағына қалдырмай, жанторсығындай жанынан тастамай жүргенінен-ақ аңғарылар еді, – деді апа парасат пен мейірім толы жанары жасаурап отырып. Қатты толқығаны сезілгендіктен де біз апаның әңгімесін бөлмей, тым-тырыс тыңдадық. Сөзді өзі сабақтады, – Әкемнің жылы дидары өмірі естен кетер ме? Қайта жылдар жылжыған сайын қайран әкемнің қадірін бұрынғыдан бетер жақын сезінгендей боламын…

–Мұғамилә апа, әкеңіздің осы уақытқа дейінгі мерейтойларында сіз мүлде көрінбедіңіз, неге? – дедік.
–Е-е, жаным, бақытты адамдардың өмірі бір-біріне соншалықты ұқсас болғанымен, бақытсыздардың тағдыры – бөлектеу болады екен. Менің де өз қайғым өзімде болып, іштей тынумен бәрін ана дүниеге арқалап кетем-ау деуші едім… Әуелі Алла деп айтайын, сосын Құдай жарылқап, өздерің мына телевизордан көрсеткелі бері елдің де есіне түсе бастадым-ау деймін…
Әйтпесе, күні кешеге дейін әкемнің тұңғышы боп дүниеге келген сонау сағынышты жылдарды еске алудың өзі – әлдекімдерге жасалатын қиянаттай көрінгені рас еді. Әкем өмірден өтті, енді кімге арыз айтайын?! Мен де Әуезовтер әулетіне «фамилиялас» атанып шыға келдім! Көңілім қанша қалап, тіпті құлап тұрса да, жаңағы өзің айтқандай той-домалақ тұсында да «мен де бар едім ғой!» деп бас көтере алмай, іштен тынғаным рас. Оның үстіне «пәленшенің қызы сөйдепті» дегізіп, ғазиз әкеме зиянымды тигізбей-ақ үнсіз өтейін бұл өмірден деп шерменде күй кешкенімді қайтып ұмытайын?! Кімге айтайын?!
Енді міне, жасым сексенге келгенде кешегі бізді қызғанып, жанына жолатпағандардың бәрі қырылып қалып, Мұрат бауырым екеуміз-ақ қалыппыз!??

«ОЙҚҰДЫҚ»

–Мұғамилә апа, бұрынғы жүздесулерде кемеңгер әкеңіздің тағдыр-талайынан бізге беймәлім біраз мағлұматқа қанықтық. Бірақ, жүрегіңізде әлі де айтылмаған, ашылмаған құпия-сыр жеткілікті сияқты.
Соның бірі – әкеңіздің өзі таңдап қосылған жары Райханнан неге тез суыды екен деген ой. Анаңыз ол жайлы сізге сыр ашқан жоқ па?

–Бұл әңгімеге оралу – анам екеумізге де оңай тимейтін… – деді апа ауыр күрсініп. – Алайда әкеме де кінәрат арта алмаймын. Кінәлі заман ба, орта ма, оны бір Құдай білмесе, бұл сырдың жұмбағын мен түгілі, кемеңгер әкемнің өзі де шеше алмай кеткен тәрізді…

–Егер суреткер жазушы сұлулыққа құштар болған шығар дейін десек – Райхан өте сұлу, шыққан тегіне қарады десек – текті жерден шыққан, ақылына алаңдады ма екен десек – ажарына ақылы сай, өзі таңдап жүріп тапқан жары емес пе еді Райхан дегеніміз ғой?..

–Жаным-ау, егер шындығына жүгінсек, менің әкемдей адамды өзі қаламағанға зорлап қосу – ешкімнің қолынан келмейтін құдірет.

Соноооу 1917 жылы Семейдегі семинарияда оқып жүріп елге келеді. Сол уақыттағы қазақ салты бойынша ауыл аралап, қыз таңдаған әкем Тұрағұл Абай-ұлының айтуымен анам Райхан Кәкенқызын көріп, көңілі құлайды. Құда түсіп үйленеді. 1918 жылы қыс айында мен дүниеге келіппін де, інім Шоқанды шешем емшек сүтімен көтеріпті.
Екеуі аяқ астынан ажырасқанда Шоқан әлі емшектен де шықпаған кезі екен. Дәм-тұзы жараспады ма екен, әлде тағдырдың жазуы солай болды ма, кім білсін! Әйтпесе анам ажарлы, аққұба, «аласы аз қара көзі нұр жайнаған», тал шыбықтай сымбатты еді. Тіпті жасы ұлғайған шағында да бойына артық ет жинамай өзін бабымен ұстаған, тап-таза жүретін ұқыпты-ақ әйел болатын. Әрі өмір бойы әдемі әдебінен жаңылмаған, орнықты да салмақты әйелден әкемнің көңілін қалдыратындай мінез шықты деу қыйсынға келмес. Бірақ, өкінішке орай, отбасы тағдырының ішкі иірімдерін кім түсініп, кім талдап берер дейсің, Назгүлжан-ау?..

 

Біз қолымызға Мұғамилә апаның жеке мұрағатындағы анасы Райханмен түскен суретін алып, кезек-кезек үңіліп, ұзақ қарадық. Бөлмеде үнсіздік орнады. Әркім өз ойымен отырған сияқты төңірек тым-тырыс. Ал менің ойыма «Әуезов жылы» қарсаңында «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған ақын Исраиыл Сапарбаевтың «Мұхтар мұңы» деген өлеңі оралды. Жадымда жатталып қалған мұңды жыр Райханға арналған еді. Есімде қалғаны мына жолдар екен:

Кешіремісің, мұңлығым, кешіремісің?
Өшіремісің – көңілден көшіремісің?
Қайрылып келіп,
Қапыда айрылып қалып…
Қайта бір жапқан есікті несібемісің?!
Жек көремісің, жоқ әлде, кектенемісің,
Көгершін пішін, көріктім, көктеме мүсін!
Далаға сыймай дал болған дәргүмән едім,
Дауысың жетпей, шерлім-ау, шектелемісің?

Сол бір ойға толы оралымды өлең жолдары біздің осынау түсініксіз халге біраз жауап жеткізгендей еді. Мұхтардай таланттың қуатты мүмкіндігіне алақандай ауыл тарлық еткен сияқты. Үлкен оқу ордаларының есігін ашқан, талғамы биік, махаббат туралы түсінігі де өзгеше ортадан өнеге алып алыстарға көз тіккен өрелі жігіт, тағы да мына өлең жолдарындағыдай:

Саған да, маған мәлімсіз арғы жайлары,
Қалаға сонау қайдағы тағдыр айдады.
Даланың еркін ұлына қаңғалақ ұрған
Қаланың ерке бір қызы қарғы байлады.

Сөкпегін мені, – дей алман, – сөкпегін мені,
Кеудеңде жатқан шығар-ау өкпенің кені!
Өліп те өшіп, өртеніп, өзеуреп, өбіп –
Еріте алмаса не істейін от демің мені?!?

–дегендей, арабша сауаты болғанымен, жаңаша оқымаған, қала тәрбиесінен кенжелеу, Мұхаңның өзінің «Қыр суреттері» атты топтамасына енген «Сөніп-жану» деген әңгімесінде суреттелгендей, махаббатын да жөндеп ұқтыра алмаған ауылдың ұяң қызы сері жігіттің сезіміне алтын қазық бола алмағанының бір себебі – осы-ау деген ойға қалдым.

Осы тұста әңгімені Мұғамилә апаның өзі сабақтады:

–Ауыл билері халық сотын шақырып, некені бұзу үкімін шығарып жатқанда да шешем байғұс баяғы әдебінен жаңылмай, шымылдығының ішінде солқылдап жылаудан көз ашпапты. Сол кезде өзі екі баланың анасы ғой, ең болмаса әкемнен «жазығым не, неге бұлай еттің?» деп сұрауға да именіп, «бар кінәм – оқымағаным шығар, өзіне тең көрмеді-ау» деген пікірге келіпті.

Оны да қай-да-а, кейі-іін, арада ширек ғасырға жуық жылдар өткен соң маған баяндап берген мына әңгімесінен түйгенім: «Мені алып кетуге төркінімнен алты бірдей ағам, жеңгелерім мен шешем келді», –деп есіне түсіруші еді анам Райхан. Шешемнің: «Қызымды жазықсыздан-жазықсыз жерге қараттыңдар!» – деп, келе шаңдарын қаққан дауысын есітіп қалдым шымылдықта жылап отырып. Айнала абыр-сабыр, у да шу болып кетті… Менің есіл-дертім жат қолында қалып бара жатқан құйттай Шоқанымда болды. Себебі «Ойқұдықтағы» ауыл билерінің шешімі бойынша, қыз – шешеде, ұл – әкеде қалуы керек еді. Небәрі 8 айлық нәрестемді қимай, менің көкірегім қарс айрылды.

Кетер кезде құлынымды құшағымнан босата алсамшы… Амал жоқ, жүру керек. Сол тұста пәуескеге отырарда жаңа ғана киіндіріп қойған сені іздесек, ұшты-күйлі жоқсың. Сөйтсек, біз абыр-сабыр болып жатқанда Мұхтар атқа мініп, сені алдына отырғызған күйі айдалаға қарай шаба жөнеліпті.
«Әкесін танытайық!» деп аттарына ұмтылған ағаларымның үзеңгісіне өзім жармастым: «Біреу-міреуі жазым боп жүрер. Алып кетсе өз баласы ғой. Мен қидым…» – деп, аңыраған күйі аттанып кеттім…
Ашу үстіндегі ағаларым Мұхтарға зақым қылып жүрер деп қорыққаннан да «қидым» деген едім. Үкімнің аты – үкім. Шоқан да шырылдап қала берді соңымда…

Мұғамилә апа арада ширек ғасыр өткен соң ғана табысқан анасы Райханнан бар шындықты тап осылай естіген екен. Айтудың өзі ауыр әрине, амал не, түзеуге келмес тағдыр ғой деп түйдік біз де іштей…

–Осы әңгіме қозғалса болды, анам да, мен де жайсыз бір күй кешетінбіз. Әркез қайталанып айтылған сайын, осы бір ауыр оқиға басымызда жаңа ғана болып өткендей әжептеуір есеңгіретіп тастайтын. Қайтейік енді, түзеуге келмес тағдыр да…

–Рас айтасыз, апа, бақ пен сор да – күн мен түн секілді егіз ұғым ғой. Сіздің де тағдыр-талайыңыз ұлының ұрпағы еді деп, таңдайыңызға тек тәттісін тоспаған секілді.
–Ие-е, жаным, бұл тіршілік дегенің – кісі ақылы бойлай бермейтін сыры терең, бір тылсым дүние емес пе? Біреу тұнық айдында межелі жеріне жел қайықпен-ақ жеңіл жүзіп жеткендей болса, енді біреуі – дауылды күнгі мұхитта үлкен кемеден жел жұлып түсірген жаңқадай, өмір бойы аласапыран тағдыр толқынымен алысып, малтумен болады. Сол секілді ұлының ұрпағы болсам да, балалық шағым базарлы болды дей алмаймын, Назгүлжан.

«Балалық шағым» деуге келмейтін сол бір жылдар ойыма оралса болды, әлі күнге алқымға тығылған ащы жасты талғап-талғап, жұта алмай қалатындай күй кешем… Қайтейін, бала көңілімде суық сыз бен жаралы сызат қалмады деп өтірік айта алмаймын. Туған шешеден тірідей айрылған бізді, Шоқан екеумізді айтам, Разақ аға мен Мәкежан апаның қолына берді. Қанша жерден жақсы адамдар болғанымен, өздерінің де шиеттей бала-шағасы мен қонақ-қопсысы бар, Мәкежан апаға емшектен шықпаған Шоқанның күтімі қиын тиді. Ақыры мал сүтімен қоректендіріп отырған Шоқан іш сүзегінен қайтыс болды.

«МҰХ–КӘМИЛӘ»

–Мұғамилә апа, екінші шешеңіз Кәмилә Мағауияқызы туралы да аңызға бергісіз әңгімелер болушы еді. Соның бірі – сіздің есіміңізге байланысты. «Мұғамилә» деген ат Мұхтар-Кәмилә деген екі есімнің қосындысы сияқты.
–Болса болар. Ал менің атымды әкем қойғаны анық.

Райхан анам жас босанып үйде отырғанда, ауылдың қыз-бозбалалары «Алтыбақан» тербеп, «Ақсүйек» ойнап ауыл сыртында қызық-думан құрған ғой. Қалада оқыған Кәмиләні да әкем сол тұстан таныса керек. Кейін әкем мен шешем ажырасқан соң, Кәмилә да көп кешікпей өз некесін бұзып, әкеме қосылды.

Апа осымен әңгімені бітіргендей үнсіз отырып қалды. Бірақ біз әрі қарай ой суыртпақтап, сөзге тартқан болдық.

–Ие-е, жаным, әлгі өзің айтқан «аңызға бергісіз ақиқат» дегеніңдей, ол қайбір көңілді әңгіме дейсің?
Көп ұзамай Кәмиләға үйленген әкем: «шешең осы» деп таныстырып, табыстырса да, ес біліп қалған мен алғашқыда жатырқап, бір жағынан Шоқанды сағынып жабырқап, көпке дейін көңілсіз күй кешкенімді білемін.
Менің жарамды жазып, бауырына тартқан да Кәмилә тәтемнің ерекше мейірімі еді. Құлағымды тесіп, әдемі сырға салды. Қуыршақтай киіндіріп, айтқанымды екі етпей әбден еркелетті. Өзі де әдемі, сүйкімді, бойынан жылылық төгіліп тұратын Кәмилә тәтемді туған анамдай сезініп, жақсы көріп кеткенім рас. Кей-кейде, егер Шоқан да бірден осы Кәмилә тәтемнің қолына келгенде, бәлкім тірі қалар ма еді деп те қиялдап кететінмін.

Қойшы әйтеуір, не керек, күндер солай сырғып өтіп жатты. Кәмилә тәтем екі рет құрсақ көтерді. Екеуі де көп ұзамай шетінеп кетті. Әкем екеуінің арасындағы жалғыз дәнекері маған бар аналық мейірімін төге бастады. Осыны сезінген менің де алаң көңілімнің бұлты сейіліп, бал дәуренім жапырақ жая бастаған шақта тағдыр құйыны тағы кеп соқты.

Әкем Ленинградқа оқуда кеткен кезі болатын.
Бір күні үйге Семейден Әлкей Марғұлан ағам келді. Біраз сөйлескеннен кейін, Кәмилә тәтем ал кеп ағыл-тегіл егілсін. Не болғанын түсінбей, аң-таң күйде, мен екеуіне бірдей кезек-кезек жаутаңдаймын.
Олар маған түсініксіз, жайсыз бір жағдайды айта алмай отырған сыңайлы. Сөз арасындағы Кәмилә тәтемнің: «Ең болмаса маған Мұғашты қалдырсыншы…» деген жалынышты сөзін құлағым шалып қалса да, бұл әңгіменің төркінін түсініп, байыбына бара алатындай кезім емес еді ғой ол кез!
Осылай, бір сұмдықты ішім сезіп, түкке түсінбей сілейіп тұрғанымда, Кәмилә тәтем орнынан әзер көтеріліп, көңілсіздеу қалыпта мені жолға дайындай бастады. Бар айтқан сөзі «Семейге барасың» болды.
Бұрын да Семейге барып, Ахметбек ағаның үйінде қонақ болып қайтатынбыз. Әкеме баратын болдым деп қуанып қалған мен Кәмилә тәтемнің үйде қалатынын түсінгенде «бірге барамыз» деп жер тепкілеп, біраз қиғылық салдым. Кәмилә тәтем де ағыл-тегіл жылап, құшағынан әрең босатып тұрып:
–Мен кейінірек келемін, жаным. Әкең қатты сағынып жүр екен, сен бара бер, – дегеніне алданып, алды артыма қарамай кете беріппін.

Со жолы Кәмилә тәтеден біржола ажырағанымды, енді қайтіп оны ешқашан көре алмайтынымды түк сезген жоқ едім мен байғұс…
Сүйіп қосылған жарынан бір, бауырына басқан менен екі айырылған Кәмилә шешем осы бір қатты қайғыны көтере алмай, күйзелістен ауру өкпесі онан сайын қабынып, көп ұзамай құсадан көз жұмыпты. Қайтейін, жаным-ау, менің қолымда не тұр дейсің?! Қазір де есіме түссе, егіліп кетем…

Мұғамилә апа бет орамалын қолға алып, тағы да егілген күйі орнынан теңселе тұрып кетті… Біз де түсірілімді тоқтатып, жайсыз күй кештік. Осы тұста менің есіме Мұхтар Әузовтің: «Өңімнен де, түсімнен де екі жан мүлде кетпейді… Бірі– Даниял, екіншісі – аяулы Кәмилә!» деген өкінішке толы жазбасы түсті. Ағайынды Иісжан мен Ғазел апа да «Қарагөз» атты драмалық трагедиясын осы Кәмиләға арнап жазғаны сол өкінішінің айғағы дегенді айтып еді…

Аздаған үзілістен кейін, апа орнына қайта келіп жайғасты.
Біз де камераны қостық. Әңгіме әрі қарай жалғасты.

–Ойымда түк жоқ мен бейбақ Әлкей ағамен бірге Семейдегі Ахметбек ағамның үйіне келіп түстік. Келіп жүрген үйім. Сағынышым басылған соң «енді үйге қайтам, Кәмилә тәтеме барам» деп әлек салдым емес пе, баяғы. Олар ананы-мынаны айтып алдандырған болады, бірақ мен көнер емеспін. Сосын бір кезде Қапажан апа тұрды да:
–Кәмилә сенің шешең емес! – дегенді қойып қалды, – кішкене күніңнен бауырына салғаны болмаса, ол енді саған мүлде бөтен адам. Енді менің қызым боласың, – деп түсіндіріп бағуда. Мен бейбақ ненің түбіне жетіп, ненің мәнін ұға қояр дейсің?! Түк түсінер емеспін.
Кішкентай жүрегім – қырық жамау. Әкемнен өзге анық жақыным кім екенін ажыратудан қалдым. Туған шеше туралы бұлыңғыр түсінігім сағымға айналып, ол да із-түзсіз жоғалуда.
Енді қайттім?! Алдана-алдана бір тоқтамға келе алмаған сенімім сарқылып, тауым шағылып, іштей өкси-өкси бұл тіршілікке де көндім.

«Үш күннен кейін кісі көрге де үйренеді» дейді ғой. Әкесі қасында болған соң да, Мұғамилә апа бірте-бірте Ахметбек ағасының үйіне де үйрене бастаған. Сөйтіп жүргенде әкесі тағы да қызын сол үйге қалдырып, өзі Ленинградқа жол жүріп кетеді.

–Қапажан апа мен Ахметбек ағаның арасында бала жоқ еді. Сонан ба екен, екеуі де маған жаман қараған жоқ. Өз балаларындай көріп, жақын тартты. Қала мәдениетіне үйретіп, Семейдегі орыс-қазақ мектебіне оқуға берді. Өздері бір перзентке зарығып жүргенде құдай қолдарына ұстата салған мені бала ғып алуға шындап ықыласы ауған Ахметбек аға мен Қапажан апаның құшағына сіңісіп кеттім. Мен көнбеске не шара?! – деді Мұғамилә апа әр сөзіне терең мән бере салмақтай сөйлеп, – менімен кім санасып, менің жайымды кім түсініпті!? Қалай десең де, кісі есігінің аты – кісі есігі емес пе, мимырт тіршілік ілбіп өте берді білінбей.

«ӨГЕЙ ШЕШЕ»

–Мұғамилә апа, бір сөзіңізден Валентина Николаевна шешеңізге деген реніштің ұштығы сезіліп қалып еді. Ақыры бастаған соң, айта кетсеңіз қайтеді?

–Тағдырымның маған тартар табағының ащысы әлі алдымда екен, жаным.
Әкемнің Ленинградтағы оқуын бітіріп, орыс қызына үйленгені, онан Тәшкенге келіп, жұмысқа орналасқаны туралы бұрынғы-кейінгі хаттарынан хабардар болатынбыз. Енді бір күні мені өз қолына алмақшы болып, Елдес Омаров деген досынан сәлем жолдапты.
Бір жағынан «бала қылып алдық» деген сенімде жүрген Ахметбек аға мен Қапажан апаның үміті үзіліп, жылап-еңіреген түрлерін көргенде – жаным ашып, бала жүрегім боздады. Екінші жағынан әкеме баратыныма қуанып, не істерімді білмей, әрі-сәрі күйде түстім. Қалай десем де, балалық сағыныш басым түсіп, Тәшкеннен бір-ақ шықтым.

Алғашында тосырқаңқырап жүргеніммен әдемі киімдер, түрлі ойыншықтар әперіп, тілімді табуға тырысқан Валентина шешеме де үйрене бастадым. Кішкентай сіңлім Ләйләні ойнатамын, шешеммен еріп базарға барамын, ол кісі маған «мама» деп айт дегендей орысша үйретеді. Сөйтіп өмір қайтадан қалыпқа келе бастағандай еді…

1930 жылдың күзгі қара суық желімен бірге ұлт зиялыларының басына да қара бұлт үйіріле бастады. Қызметте жүргендер саяси тұтқын есебінде ұсталып, шетінен қамауға алынды. Кезек менің әкеме де жетті. Бір кеште үйге сау етіп кіріп келген түсі суық 4-5 адам бөлмелердің астан-кестеңін шығара тінтіп, түгел ақтарып шықты да, әкемді алдарына салып, алды да кетті. Біз жылап-сықтап артында қала бердік.
Арада екі-үш күн өтпей-ақ орыс шешем үйдегі іске татыр дүниені іріктеп, буып-түйіп жинала бастады. Ойымда дәнеңе жоқ мен байғұс та құрақ ұшып, жиып-теруіне көмектескен боламын.
Ертесіне кешкілік, маған бұрылып бірауыз да тіл қатпастан, өзінен туған Ләйләні жетектеді де, Ленинградқа тайып тұрды емес пе!
Үлкен үйде қызметші әйел екеуміз ғана қалдық аңырап. Енді не істеудің ретін білмей дал болып отырғанымызда, қолдарында қағазы бар біреулер кіріп келіп, екеумізден үйді тез босатуды талап етті. Ұйден шыққан соң, қызметші әйел өз жөніне кете барды. Мен болсам аш-жалаңаш, танымайтын қалада, тілін білмейтін жұрттың ортасында жалғыз қалдым тентіреп.

Жылап-еңіреп жүріп қарным ашқан соң базарға барам, мені аяған біреулер қолыма жейтін бірдеңе ұстатады. Соны жеп, көшедегі колонкадан су ішем. Содан айналып келіп, бұрынғы «өз үйімізді» төңіректеп, алысқа ұзай алмай, бейне бір кезбе күшіктей қаңғалақтап қалдым.
Қазір ойлаймын ғой «қалай өліп қалмағам?!» деп. Атам қазақ «итті құдай иесімен қинасын» дегенді қалай тауып айтқан! Иесі бар иттің күні де менен тәуір еді-ау сонда. Көз алдымда заманымның зарынан бұрын, анамдай көрген адамымның зәбірінен жүдеген жұдырықтай кезімді елестетсем – өзегім өртеніп, өз-өзімнен ағыл-тегіл боздай беремін.

Бұл дүние жақсыларға да кенде емес екен. Өгей шешем өксітіп, далаға қаңғыртып кетсе де – туыспай-ақ туғандай болған, әзіз жандары шапағат пен шарапат шашып тұратын, садағаң кетейін аяулы ағаларым Әлкей Марғұлан мен Ахметбек Шикібаев қандай қиындық кезде де, өздеріне төнген қауіпке қарамай, менің жанымнан табылып жүрді. Мен оларды өле-өлгенше ұмытуға хақым жоқ. Алғысымды жаудырып, құранымды бағыштап отырамын әлі күнге дейін. Әруағыңнан айналайын, асыл ағаларым-ай, мына дүниенің төңкеріліп кетпей тұрғаны да – сендердей қасиетті жандардың құдіретінен шығар-ау…

Қайдан естігенін қайдам, қайыршы халде қалған мені Әлкей аға іздеп келіп, тауып алды. Ол кезде әлі үйленбеген, өзі жатақханада тұрады. Қайда барса, қасынан екі елі қалдырмай ілестіріп жүрді. Бір күні «қой, сені елге қайтармасам болмайды екен» дегенді айтып, тозығы жеткен тәпішкені сүйретіп жүрген маған базардан аяғыма топылай сатып әперді. Сосын сұрастырып жүріп, баяғы Ахметбек ағамның Алматыға көшіп барғанын, әкемнің де сол Алматы түрмесінде екенін біліп келді. Бұл хабарға екеуміз де кәдімгідей қуанып қалдық.

Егер, со жолы Әлкей Марғұлан аға мені тауып алып, базардан аяғыма топылай әперіп, Алматыға қарай пойызға салып жібермегенде, Тәшкенде қаңғырып өлетін бе едім, кім білсін…
Пойызға отырғызды да «Алматыдан аман-есен түсіріп кетерсіз» деп жолсерік әйелге әбден табыстап, шығарып салды. Ол кездің пойызы қандай еді, апталап жүріп, Алматыға жеттік-ау әйтеуір. Бірақ, мені тосқан таныс бейне көрінбеді. Құдай басқа салмасын, мен бейбақтың соры тағы қайнады. Енді қайттім, қайда барам?!

Қойшы әйтеуір, сол вокзалдағы милициялар отыратын бір будканың маңайын айналып жүріп 4-5 күнді өткіздім. Бір күні Ахметбек ағам да келді-ау, әйтеуір. Сөйтсем хат кешігіп жетіпті оған.
Мені көріп, Ахметбек ағам жылап жіберді: «ой, жаным, есен-аман жеттің бе?» – деп. Арбада келе жатып, жол бойына көңілді тербейтін талай әңгімелер айтты. Арбамыз ағаның ауласына кіре бергені сол еді, үйден Қапажан апам ұшып шықты да, мені бас сала құшақтап, ал кеп аңырасын! Аздан кейін:

– Жаудың қызын паналаттың деп сені де қамап қойса қайтеміз?! – деді Қапажан апам көңілдегі қаупін жасыра алмай.
Бұл сөзге Ахметбек ағам шалқасынан түсіп:
–Қамаса –қамасын! Менің жаным Мұхтардан артық емес. Мұғаш өз балам, қаңғырта алмаймын! – деп кесіп айтты. Сөйтіп мен ағаның үйінде тұрып қалдым.

«АЛМАТЫДАҒЫ АБАҚТЫ»

Мұғамилә апаның баяндауымен болмаса, біз бұрын-соңды есімін еш жерден есітіп-білмеген Ахметбек Шикібаев сынды осы бір керекулік азаматтың достыққа адал, кісілікке келгенде алдына жан салмайтын қадір-қасиетіне аса разы көңілмен:
–Апа, біздің бір анық байқағанымыз – сіздің әкеңіз, қазақтың Әуезовы достан да, әйелден де, баладан да бақытты болған екен ғой! – дедік бірауыздан.

–Бірер күн тыныққаннан кейін Ахметбек аға: «Ал, Мұғашжан, әкеңнің тамағын өзің жеткізіп, кірін жуып апарып, әкеңді өзің күтпесең, біздің ол жақта көрінуіміз аса қауіпті. Тамақты қалай дәмді дайындап, қалай апаруды өзім үйретемін, түрменің қайда екенін де өзім көрсетемін» – деді. Сөйтіп менің алып жүруіме жеңіл, ыңғайлы ыдыстар тауып әкеліп, кейбіреуін өзі қолдан жасап бергені есімде.
Әуел баста түрмеге Ахметбек ағаның өзі ертіп апарып, сыртынан «анау үй» деп көрсетіп жіберіп, алысырақ жерден өзі мені күтіп алып жүрді. Кейін өзім жалғыз жаяу қатынайтын болып алдым.

Еее, жаным-ай, тірі жетімнің күйін кешіп, кісі есігінде телміріп қалу оңай ма,тірлік үшін тілін тауып күн кештім. Ертелі-кеш ас-су қамдап, салдырлатып жұрттың мазасын алмайын деп, есіктің алдындағы сарайға көшіп алдым. Түнімен кір жуып, түрмеге апаратын тамақ дайындап, таңертең ертемен жолға шығамын.
Ал түрме, ол кезде қаланың сырты деп есептелетін «Тастақ» деген жерде болатын. Тастақ деген атына сәйкес, дөңбектей-дөңбектей тастары бар, жолы да қиын жер екен. Қаламен екі ортасын қалың тоғай бөліп жататын. Мен тамақты қолшанамен тасушы едім. Қыстың күндері шанам тасқа соғылып, талай рет төңкеріліп те қалды. Сорпам төгіліп, сорым қайнап, кішкентай кеудемді өкпе мен нала-наз кернеп, айдалада отырып алып армансыз аңыраған күндерім де болған.
Сөйтіп жасым 13-ке толғанша үй қызметшісі есебінде күн кештім. Бар олжам – әкемнің кір-қоңын қара қазанға қайнатып алып, судың бетіне қалқып шыққан биттерді сүзіп тастаймын да соңынан қолмен жуып-шаямын. Кепкен кірді шоқ өтекпен ықтияттап басамын. Әкешімнің талыққан өзегіне талшық болсын деп тамақ тасимын. Әйтпесе, айналаны аштық жалмаған сол жылдары түрме түгілі, үйде отырған халық та қырылып қалмады ма? Оның үстіне оба, сүзек сияқты аурулардың да асқынып тұрған шағы. Менің де бар мақсатым – әкемді осындай аранын ашқан апаттан қалайда аман алып қалудың жолы еді.

1932 жылдың жазында әкем түрмеден шығып, мен тұрып жатқан үйге келді. Әке мен бала көпке дейін құшағымызды жаза алмай, үнсіз егіліп ұзақ тұрдық. Ахметбек ағам мен Қапажан апам да бізге қарап бір жылап, бір күліп қуанысып жатыр. Менің басымнан өткен жайларды ағадан естіген әкем налып, қатты босады.
Сол күнгі кеш бәріміз үшін де естен кетпес ең әсерлі кеш болды ғой деймін. Екеуі ұзақ сырласты. Ахметбек аға әкемнің көңілін көтеру үшін көптен қолына ұстамай кеткен үкілі домбырасын алып, күй шертіп, әдемі қоңыр даусымен ән салды.
Бір-екі күн дем алған соң әкем театрға жұмысқа орналасты. Біраз жұмыс істегеннен кейін әкеме дем алып қайтуға сол кездегі өнер адамдарына арналған «Ауыл» санаторийіне екі жолдама берген екен. Әкем маған: «Мұғашжан, әбден шаршадың ғой, тәтең екеуің барып дем алып қайтыңдар» – деп Қапажан апам екеумізді сонда жіберді.

Бір айдан соң демалып келсек, әкем Валентина шешем мен Ләйләні алып келіпті. Мені көрген бойда орыс шешем: «Сені баяғыда өліп қалған шығар деп уайымдап ем, курорттатып шалқып жүрсің ғой», – дегені. Әрине бұл суық сөз менің жүрегіме жеткенше мұзға айналып, тартқан азабым аздай, тірілігім мен итшілеген тіршілігімді де көп көргені ме деген ой санамды осып өтті. Өктемдігін көрсеткен өгей шешенің алдында кінәсіз айыпты боп, үнсіз қала бердім.

Қазір ойласам, шешемнің сол ауыр сөзді айтпауға ақылы да, мәдениеті де жетіп артылады. Тек, қу қызғаныш көңілі ғой айтқызып тұрған. Кезінде әкемнің басқа ұлттың қызына үйленгенін Ахметбек аға ұнатпаған екен. Бұл жолы да: «Басыңа күн туғанда, тастай қашып, балаңды қаңғыртып кеткен әйелді несіне қайта әкелесің?» – деп қарсы болғанына қарамай әкем өзі барып алып келіпті. Өгей шешем де Ахметбек ағаның мұнысын кешпеді. Сонан бастап адал дос пен әкемнің арасына сыналап суық кірді.

Әке-шешем басқа пәтер алып, біз сонда көшер кезде, Ахметбек ағаның: «Ең болмаса, Мұғашты жылы орнынан қозғама, туған баламыздай болып кетіп еді. Бізде қалсын…» – дегеніне көнбеген әкем: «Туған шешесіне де бермей, айдалаға алып қашып едім. Енді «орыс қатынынан қорқып, далаға тастап кетіпті» деген елдің өсегін естірткің келмесе, Мұғашты сұрама!» – деді қысқа ғана. Әңгіме осымен бітті.
Сонымен қайтадан өгей шешенің қолында өттім. Ішер ас, киер киімнен таршылық көргенім жоқ. Орталау мектепті бітіріп, мұғалімдер даярлайтын училищеге түстім. Оны тәмәмдаған соң, Алматыдағы заң мектебіне кітапханашы болып жұмысқа орналастым.

Бір күні үйге Ахметбек ағаның туған бауырының жалғыз ұлы келді. Ол Ахметбек ағаның 1937 жылдың науқанымен ұсталып кеткенін, ал Қапажан шешеміз соның дертінен жүрегі жараланып, көп ұзамай қайтыс болғанын жеткізді.
Ой, жалған-ай десеңші! Мұны естігенде көкірегім қарс айырылып, жүрегім езіліп кетті. Осының алдында ғана айттым ғой, Валентина Николаевна шешеме байланысты түсініспестік болғаннан кейін-ақ, әкем мен Ахметбек ағамның ара қатынасы мүлдем үзіліп кеткен-ді деп. Сол себепті біз мұның бәрінен де тіпті бейхабар едік. Қиын күндерде қорған боп, әкеме тік тұрып адал қызмет жасаған, мені бауырына басып, қамқорлыққа бөлеген асыл ағам мен қайран Қапажан шешемнің қайғылы жайы қабырғамды қайыстырып кетті…

Көп айтып басыңды несін ауыртайын, жаным. Өмір де өз дегенін жасайды емес пе?! Бір заманда Ахметбек ағаның үйінде жүргенде егіз қозыдай қатар өскен сол жігітке қосылып, өз алдымызға отау тіктік. Ахметбектің інісіне ерге шыққаным Валентина шешеме ұнай қоймады. Сөйтіп, әке-шешеммен арамызда салқындық сыз берді.
Уақыт жылжып өте берді. Түрмеден шықса қолымызға аламыз деген үмітіміз ақталмай, Ахметбек аға әкем жатқан абақтыда қайтыс болды. Бар олжам туған анамды тауып алып, көп созбай қолыма әкелдім.

Міне, тура осы жерде тағы да өгей шешем білтеге от қойып: «Сенің рұқсатыңсыз шешесін қолына алғаны – сенімен тіпті санаспайтын болғаны ғой. Мұнысы бізді сыйламағандық!» – деген сияқты сөздерімен әкемді маған айдап салған сияқты. Бұрын да алыс-берісіміз шамалы еді. Енді тіпті қатынаудан қалдық.

Ойлап отырсақ, сонау биікте тұрған тау шатқалындағы тастар да уақыты өткенде сырттан жеткен сәл ғана дыбыстан қозғалып кететін сәттері болады екен. Мұғамилә апа да сонша жылдар көкірегінде құпия сақтап, қандай жағдай бастан кешпесін көпшілікке жариялап баяндау былай тұрсын, сырт назар үшін тыңдап қабылдаудың өзі оңайға соқпайтын, өкініш пен өксікке, үміт пен күдікке, толқу мен тебіреніске толы өмірінің сан түрлі кезеңдерін көз алдынан өткізіп отырды. Түсіруші тобы біз де сол толқынысты бастан бірге кештік.

«ЕҢЛІКТІҢ ӘНІ»

–Апа, небір кезеңдерді бастан өткердіңіз ғой, сол кешкен күндеріңіздің ішінен қай сәтті ерекше сағынышпен есіңізге аласыз? –Ой, жаным-ай, әркім өзінде жоғын іздейді демекші, мен де өмірімдегі орны толмай өткен бір нәрсені ғана аңсаймын, сағынам, егіліп отырып есіме аламын соны. Ол – туған анам Райханның тағдыры.
Анам ғұмырының қалған отыз жылдан астам уақытын менің қолымда өткізді дедім ғой. Қазір ойлап отырсам, қолыма келген кездегі жасы небәрі 45-тер шамасында ғана екен-ау. Екеуміз құрбыларша көп сырласушы едік. Анамның айрықша әсермен әңгімелейтін Абай ауылының сонау алыста қалған шежіре-естеліктері таңға таусылмаушы еді. Қала берді үй шаруасын жайғастыра жүріп те сол әңгімені жалғастырушы едік.

Ол кезде біз Талғарда тұратынбыз. Ауламыз қалың өскен бақ болатын. Жаздың күндері айлы кештерде анам екеуміз сол бақ ішінде отырып ұза-а-ақ сырласуші едік. Ондай сәттерде іштей жасарып, сонау қыз күндерін қиялдап кететін. Әкеме қалай ұзатылғанын, әкемнің тұңғыш шығармасы «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазып, алғаш «Ойқұдық» жайлауында сахнаға қояр кездегі екеуінің өміріндегі жарастық пен шуақты шақтарын ойына алып, көңілі босап, қамығып қалатын…

Сол тұстарда маған аяғы ауыр кезі екен. Оған да қарамай, пьесаны қоюға дайындық жүргізіп жатқан ауыл жастарымен жақын араласып, оларға тамақ әзірлеп тік тұрып күтетінін, сосын түн ауа бәрі қосылып Еңліктің қоштасу әнін қайта-қайта айтып жаттығатындарын еске алатын. Ең соңында өзі сол әнді шырқап барып, егіле жылап шерін бір тарқатушы еді. Кейін келе ол әнді мен үйреніп алған соң, бақ ішінде екеуміз қосылып сол әнді салатын болдық.
Ол ән мынау еді ғой, жаным:

Ата-ана, ақ батаңды аттап кеттім-ай, жалған,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Туған ел, енді аман бол!
Туған ел, енді аман бол!

Болсамда шұбар жылан іштен шыққан-ай, жалған,
Қарғамас деп сенімді аттап кеттім,
Қарғама жалғызыңды-ай!
Қарғама жалғызыңды-ай!

Мұғамилә апа әнді аяқтағанда бәріміз де толқып кеттік. Көкіректі өксік қысып, көз жасымыз алқымға тірелгендей болды. Өйткені ән зарлы, орындаушы да мұңды, ал осы ән мен оның тарихын бізге жеткізуші жан да – нағыз мұңлық еді!
Әрқайсымыздың көңілімізге әр түрлі ой сәулесі түсіп, іштей тынып, жүрегіміз жылап қалды.

Аз-кем үнсіздіктен кейін апа көз жасын құрғатып, өз-өзіне келді де сөзін сабақтады:
– Ее-ей, дүние-ай, десеңші, сонда анам жарықтық сонау «Ойқұдықта» қалған сауықты кештерін, құрбы-замандастарын, сүйіп қосылған жарын есіне алып, рухы биіктеп қалушы еді. Маған көшіп келгенде сол нұрлы шақтарымен біржола қоштасып келген екен-ау. Қайтейін қадіріңе жете алдым ба, қайран анам! Кейде өзіммен-өзім отырып ғазиз анаммен өткізген сол тамылжыған тәтті түндерімді сағынғанда, Еңліктің осы қоштасу әнін айтып, мен де шерімді тарқатып аламын, жаным…

Қазір ойлап қарасам, әйгілі адамдардың өмірінде өзгелер ұғып-білмейтін беймәлім құбылыстардың көп болатыны кездейсоқ емес екен. Әкем мен анамды айтсам – бірі көлде, бірі шөлде өскендей, екеуі бір топырақта өне алмады, алысқа қарағаны үшін әкемді де, әкеме бой теңестіре алмағаны үшін шешемді де кінәлай алмаймын. Ата-анамның өміріне баға беріп, билік айтуға қандай хақым бар?! Шама-шарқымша, өз өремнің деңгейінде қай-қайсысына да перзенттік парызымды өтеуге тырыстым. Ана орнына ана болған Кәмилә, Қапажан, Валентина шешелерімді де көздерінің тірісінде риза еттім деп ойлаймын. Өзім іздеп тауып алған Фатима апаммен де өле-өлгенше қатынасып, сыйласып тұрдым. Ал Мұрат бауырыма деген ықыласым айрықша. «Фамилиялас» атанып көп жылдар жұрттан шеттеп қалғанымда осы Мұрат бауырым ғой жанымнан табылған.

Құдай бұйыртып, мына тыныштық заманның бір пұшпағын көруге тірлік жазды. Соған да шүкір деп, шәниіп жатып алмай, қолымнан келгенше әкемнің ісін жалғап, атын ардақтап, әке өмірінің көпке белгісіз жайларының шындығын «дейді, дейді, дейді екен» дегізбей, көзім тіріде өз аузыммен айтып, қолымды қойып, келешекке мұра ғып қалдырып кетейін деп қимылдап жатырмын, Назгүлжан.

Ия! Ұлылардың жұмбақ өмірі өнебойы өзіне ынтықтырып, өзіне тартып тұратыны көпке аян ғой. Осы орайда даңқы жер жарған дана Әуезов ұлы суреткер, ғұлама ойшыл ретінде бақытты көрінгенімен, қарапайым пенде, жар немесе әке ретінде соншалықты бақытты бола қоймаған ба дегендей ойда қалатынымыз тегін емес. Бұл арада ұлы Мұхаң өмірінің мүлт кеткен тұстарының түйткілі мен түйінінің шешуін таба алмай, тұңғышы болған Мұғашына жан шуағын толық төге алмай, іштей өксіп те, өкініп те өткендей көрінді бізге…

Осынау жұмбақ ғұмырдың бір шымылдығын түрген – ұлының ұрпағы Мұғамилә апаның өткен тарихы мен кешкен тағдыры театрландыруға да, фильм түсіруге де толық сұранып тұрған сияқты көрінді маған.