ЖҰМЫС ТОБЫ МҮШЕЛЕРІ АУДАНЫМЫЗДА
Жамбыл облысы аумағында былтырғы жылы бастау алған ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың өкімімен мақұлданып, оны іске асыру бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Аталған жоба аясында құрылған жұмыс топтары апта басында біздің ауданда болды.
Карантин талаптарына сәйкес, үш күн көлемінде ауданда болатын кешенді іс-шараларды өткізетін топ құрамында этнос және конфессияаралық келісім, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту, құқық қорғау саласы секілді бағыттар бойынша үш жұмыс тобы бар. Жамбыл облысының тиісті басқарма басшылары мен сала мамандары аудан тұрғындарымен кездесіп, толғандыратын мәселелерді анықтап, шешу бойынша жұмыстар жүргізетін болады.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі Нұржан Нұржігітов өткен жылғы жоба аясында аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы және 9-11 наурыз аралығындағы ұйымдастырылатын іс-шаралар барысымен таныстырды.
— Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасының бірінші кезеңі болып өтті. Осы кезеңде біздің ауданда 103 іс-шара өткізілді. Аталмыш шараларға 3 165 адам қамтылып, 386 азаматтың мәселесін шешуге көмек берілді. 213 азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 52 адам жұмысқа орналасса, 6 адам «Жастар практикасына» тартылды. Биылғы жылы осы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы өз жалғасын тауып отыр, — деген аудан басшысы жоба аясында арнайы құрылған «Этнос және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік – тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» және «Құқық қорғау саласы» топтары жетекшілерімен таныстырды.
Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Этнос және конфессияаралық келісім» тобының жетекшісі Сержан Қуанышов бірінші топтың жұмыс бағытымен таныстыра келе, карантин талаптары бойынша бес топтың үш топқа біріктірілгенін атап өтті.
Өз кезегінде екінші топтың жұмыс бағытымен таныстырған Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының жетекшісі Жорабек Баубеков топ жұмысының негізгі мақсаты түпкі нәтижеге жеткізуге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, «Құқық қорғау саласы» бағытында құрылған үшінші топқа Жамбыл облыстық прокуратурасы 3 Басқарма бастығының орынбасары Ақберген Мулкиманов жетекшілік ететінін атап өткен аудан әкімі сөз кезегін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Арқабек Төлебаевқа берді. Филиал төрағасы қандастарды қолдау шаралары туралы ойын ортаға салып, осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Марат Бүркітбаев, «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» бөлім басшысы:
— Біз бүгін «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бойынша Байзақ ауданына келіп отырмыз. «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» бағытындағы екінші тобының мүшесі ретінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізбекпіз. Одан басқа ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтар, фермерлермен кездесуге тырасамыз. Олардың қандай шарттары бар, көкейкесті мәселелері бар екенін анықтап, шешу жолдарын қарастырмақ ниеттеміз.
— Біздің негізгі мақсат – елдің көтерген проблемалық мәселелерін шешу, этносаралық қарым-қатынасты қарастыру болып табылады. Оған былтыр жоба аясында өткізілген іс-шаралардың нәтижелілігі себеп. Сондықтан, алдағы атқаратын жұмыстарына сәттілік тілеймін, — деген Нұржан Молдиярұлы кездесуді қорытындылады.