Жұмыс жүйелене түспек

Ауданымызға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы Айдапкелов келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларымен кездесу өткізді.
♦ Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Қанатбек Мәдібек сайлау туралы заң жүйесімен қысқаша таныстыра келіп, алғашқы сөз кезегін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серік Дадабаевқа берді.
♦ Серік Ералыұлы 2021 жылы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айтарлықтай жұмыс атқарғанын мәлімдеп, аудандағы 30 сайлау учаскелерінде 193 комиссия мүшелері бар екенін баяндады. Сондай-ақ, «Nur Otan», «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл», «Ақ жол» партияларынан, 1 кәсіподақтан және 2 қоғамдық бірлестіктен Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 5-тармағына сәйкес депутаттыққа 125 адам ұсынылғанын жеткізді. Сонымен қатар, Серік Дадабаев 2021 жылы ауылдық округтердің 8 әкімі өз өкілеттіліктерін тоқтатып, 3 жанама, 5 тікелей сайлау өткенін, осы 8 сайлауға елді мекендерден 3802 сайлаушы қатысқанын да баяндап өтті.
♦ Серік Ералыұлының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қосымша дауыс беру кабиналары мен арнайы жабдықталған орындар әзірленген. Сондай-ақ, сайлау комиссиясы мүшелерінің сауаттылығын арттыру үшін оқыту семинарлары да назардан тыс қалмаған.
♦ Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Малкайдаров сайлау барысында билік органдары тарапынан болатын ықпалды жұмыстарға тоқталып, сайлау учаскелері мен комиссия мүшелерінің жұмысын саралады.
♦ Ал Аққұм ауылдық округінің әкімі Болат Ошақбаев 2017 жылдан бері осы қызметте келе жатқанын, 2021 жылы шілде айында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған демократиялық жүйедегі ауыл әкімдері сайлауына ауыл тұрғындарының ұсынысымен Nur Otan партиясының атынан түскенін, 3 үміткердің ішінен өзіне ауылдағы 680 сайлаушының 629-ы дауыс беріп, ауыл әкімі болып сайланғанын баяндады.
Өз кезегінде Қызыләуіт ауылдық округі № 403 сайлау учаскесінің төрағасы Ержан Мырзамбет сайлау учаскесінде әр партия мен қоғамдық бірлестіктерден іріктелген 7 адам жұмыс атқаратынын, сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстары ұйымдастырылғанынан хабардар етті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне де ыңғайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді.
♦ Аудандағы сайлау жұмысының барысымен танысқан Серғали Өмірзақұлы сайлаушылар тізімінде кеткен қателіктерді түзеу жұмысымен айналысу керектігін, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсіп, оның ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарына көңіл бөлуді де тапсырды.
— Қазіргі таңда сайлау жұмысында оң өзгерістер болуда. Депутаттар саны көбейді. Бұрын үміткер болып тіркелу үшін саяси партиялар 40 мың қол жинайтын, енді ол екі есе қысқарып, 20 мың болды. Сайлаушылар мәдениетін көтеруіміз керек, — деді Серғали Айдапкелов.
☑️☑️☑️ Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі