Жұмыспен қамту – басты мәселе

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірмановтың қатысуымен «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» тақырыбы аясында баспасөз брифингі өтті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс – облыстық жоспары бойынша бүгінгі күнге 11,0 мың жұмыс орны құрылған. Халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылып отыр. Аталған жоба бойынша биыл 49 500 адамға жұмыс беру жоспарланған. Жыл басынан бері бұл жоспар 132,0 пайызға орындалып, 65350 адам белсенді шараларға тартылған.

Бүгінгі таңда облыстағы жұмыс күші – 529,8 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар саны– 503,6 мың, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 334,5 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 169,0 мың болса, жұмыссыздар саны – 26,2 мың.

Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 33879 адам болса, есепті кезеңде 40615-і жұмысқа тұрғызылып, жоспар 119,9 пайызға қамтылып отыр.

– Қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарында 853 адамды оқыту үшін 201,1 млн.теңге қарастырылған. Есепті мерзімге 933 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілді. Жұмыс берушінің жұмыс орнында 284 адам жолданған. Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1 030 орынға 295,3 млн.теңге қаралып, есепті кезеңде 1 150 адам бағытталып, оның 380-і жұмысын аяқтаса, 362-сі тұрақты жұмысқа тұрды. Жастар практикасына барлығы 1 262 орынға есепті кезеңде 1 738 түлек ие болады. Оның 461-і жұмысын аяқтаса, 405-сі немесе 87,9 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды. Ақылы қоғамдық жұмысқа барлығы 7 627 адамды тартуға 4597,0 млн.теңге қаралып, бүгінгі күнге қоғамдық жұмыстарға 9293 адам жолданды, – деді басқарма басшысының орынбасары Ғалижан Советұлы.

Есепті кезеңде облыс бойынша 2158 адамға 2 643,9 млн.теңге қайтарымсыз грант берілген. Грант беру жұмыстары қаржыландыру жоспарына сәйкес орындалып отыр. Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірлік еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың 2-ші тоқсанындағы 5,0 пайыздан төмендеп, 3-тоқсанда 4,9 пайызды құраған.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ