Жұмыспен қамту жалғаса береді
Елімізде жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – халықты жұмыспен қамту, осы арқылы елдегі кедейшілікті жою. Қазақ елінде өндіріс, бизнес, экономика секілді негізгі салалар қарқынды дамыса, бұл халықтың тиісті дәрежеде жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді.
Осы мақсатта елімізде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сан түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жұртты жұмыспен қамтитын бірегей жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба». Аталған ұлттық жоба Меркі ауданы тұрғындарының да тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына ықпал етуде.
Жалпы Меркі ауданында халықты жұмыспен қамту үшін осы жылы жергілікті бюджеттен 1292141 мың теңге қаралыпты. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа –
725040 мың теңге, әлеуметтік жұмыс орнына – 33732 мың теңге, қысқамерзімді кәсіптік оқуға – 23893 мың теңге, «Жастар тәжірибесі» үшін – 403650 мың теңге, «Алғашқы жұмыс орнына» – 63474 мың теңге, «Күміс жас» жобасына – 42352 мың теңге бөлінген.
Меркі аудандық мансаптық орталығының директоры Ербол Дүйсебаев биыл аудандағы 4 574 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланғанын айтады. Бүгінгі күнге
3 280 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, жоспар 71,7 пайызға орындалыпты.
– Тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша осы жылы берілген жоспар
2 424 болса, қазіргі кезде 1 397 адам тұрақты жұмысқа орналасып, меже 57,6 пайыз болғанын көрсетті. Жыл басында аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасында 900 жаңа жұмыс орнын ашу бойынша меже (индикатор) бекітілген болатын. Осы меже негізінде ауылдық округтерге жоспар берілген. Бүгінгі таңда 850 жаңа жұмыс орны ашылып, нәтиже 94,4 пайызды құрап отыр.
Қазіргі уақытта аудан бойынша жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұрған адам саны 1 661 болса, оның ішінде әйелдер – 970 адам, қалғаны 35 жасқа дейінгі жастар.
Қысқамерзімді кәсіптік оқуға 130 адамға 23,9 миллион теңге бөлініп, оқу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Нақты айтқанда, «Айсұлу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қалысбаев» және «Оқыту орталығы» жеке кәсіпкерлігі мекемелері шаштараз, маникюр, киім пішуші, кондитер, 1С: бухгалтерия, бағдарламашы, электр-газбен дәнекерлеуші, автожүргізуші А,А1,В,В1,С,С1,Е категориялары, машина ісінің шебері, массажист, темір өңдеуші (токарь) мамандықтары бойынша оқуға жолданғандарды қысқамерзімді оқыту курсынан өткізетін болады.
Онлайн оқыту бойынша 133 адам жоспарланып, өтініш білдірген 140 адам толығымен оқытылды. Жұмыс берушінің жұмыс орнында 40 адамды оқыту көзделсе, тиісті қаражат облыстан бөлінген жағдайда алдағы қыркүйек айында бұл іс те жүзеге асырылады. Оларды да алдағы уақытта «Айсұлу» ЖШС мен «Қалысбаев» жеке кәсіпкерлігі келісімшарт жасасып оқытатын болады.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. 2023 жылы 138 миллион теңге қайтарымсыз қаржыны 100 адамға беру жоспарланып, осы күнге дейін 49 адамға 67,6 миллион теңге қайтарымсыз қаржы үлестірілді. Енді келесі комиссия отырысы қыркүйек айының соңында өтеді, – дейді Ербол Кәрібайұлы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша, жастар және зейнеталды жастағы адамдар үшін әлеуметтік жұмыс орындары «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобасы қолданысқа енгізілгені белгілі. Меркі ауданында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы осы жылы 47 адамды қамту жоспарланса, қазіргі таңда 11 адам алғашқы жұмыс орнын тапқан.
«Күміс жас» жобасы бойынша 66 адамды жұмысқа тұрғызу көзделсе, бүгінгі күнде 69 адам жұмысқа орналасып, меже 105 пайызға орындалыпты. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 2 адамды тарту жоспарланса, олар жұмысқа қыркүйек айында орналаспақ.
Осы жылы әлеуметтік жұмыс орнына берілген жоспар 110 адам болса, аудандағы мекемелермен келісімшарт жасасу арқылы 106 адам жұмысқа жолданған екен. Оның ішінен 9-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты.
«Жастар тәжірибесі» бойынша 275 жасты жұмысқа орналастыру межеленсе, қазіргі күнге берген өтінімдерге сәйкес аудандағы мекемелерге келісімшарт арқылы 68 өрен жолданған екен. Ақылы қоғамдық жұмысқа 580 адамды тарту көзделіп, бірінші жартыжылдықта 797 адам ауылдық округтерге жолдама алған. Оның ішінде 95-і әртүрлі себептермен жұмыстарын аяқтап, 45-і тұрақты жұмысқа орналасыпты.
– 2023 жылы пробация бойынша ауылдық округтерден орталыққа 36 адам қайырылып, оның 27-сі тұрақты жұмысқа орналасуы арқылы межені 75 пайызға жеткіздік. Меркі ауданы бойынша «2022-2025 жылдарға арналған жұмыс орындарын құру өңірлік картасы» аясында 2023 жылы 49 жобаға барлығы 367 жұмыс орнын ашу жоспарланған еді. Ашылатын жұмыс орнының 135-і тұрақты, 232-сі уақытша.
Бүгінгі таңда ауданда 31 жоба бойынша тиісті жұмыстар басталып, онда 216 адам еңбек етуде. Олардың 77-сі тұрақты, 139-ы уақытша жұмысқа орналасқандар. Аталған жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарналарының аударылу көлемі 57 пайызды құрап отыр. Бұл жайында тарқата айтар болсақ, Ақермен ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жобасы бойынша – 20, Меркі ауылындағы Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге – 6, Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімшелерін, инфекциялық бөлімшесін, балалар бөлімшесін, қайта құру жобасы бойынша – 8, Достық ауылдық дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу, Жеміс-жидек ауылы, ХХІІІ партсъезд көшесі, Сарымолдаев ауылындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына 13 адам жұмысқа тұрса, бұдан да басқа ашылған жұмыс орындары бар.
Қалған 18 жобаның 10-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, оған 95 адам қатысатын болады. Қазан айында 8 жоба өз жұмысын бастайды. Ол арқылы 56 тұрғын жұмыспен қамтылатын болады.
Жыл басынан бері 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 218 бос жұмыс орны ұсынылды. Аталған бос жұмыс орындарына 187 меркілік жолдамамен жіберілді, – дейді Е.Дүйсебаев.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша да мансаптық орталықтың атқарып отырған жұмысы көңіл көншітеді. Осы жылға Т.Рысқұлов ауданы бойынша 3 687 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, 2 696 адамға жұмыс тауып беру арқылы меже 73,1 пайызға орындалыпты. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 2 147 тұрғынды тарту көзделіп, бүгінде оның жартысына жуығы екі қолға бір күрек тапқан. Аудандық мансаптық орталық директоры Сапар Құлмановтың айтуынша, жалпы жұмысқа орналастыру жоспары
3 136 адам болса, меже 63,6 пайызға жеткен.
– Ауданда 1 770 адам бос жүргендер есебінде. Статистикалық көрсеткіш бойынша, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға облыстық бюджеттен 11452 мың теңге қаражат бөлініп, осы жылы 50 адамды оқыту және 28 жұмыссыз азаматты жұмыс орындарында оқыту көзделген. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 240 азаматты оқыту жоспарланса, кәсіпкерлік негіздері аясында 420 үміткер қатысып, оның ішінде 358 адам оқуын аяқтады. 140 адамды онлайн оқыту жоспарланды. Дегенмен қатпарлы қамыр дайындау технологиясы бойынша –
72, құс шаруашылығы – 33, кассир – 21, сабын өндірісі – 1, бағдарламашы – 1, ірі қара бордақылау – 61, кондитер – 3, жылыжай – 10, консерві өндірісі – 10, сүт бағытында ірі қара өсіру – 7, микрожасыл өсіру технологиясы мамандығы бойынша бір адам оқып, барлығы 220 тұрғын қолына сертификат алды.
«Жастар тәжірибесіне» 200 жас түлекті жұмысқа жіберуге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 248400 мың теңге, жергілікті бюджеттен 40333 мың теңге қаражат бөлініп, 68 адам жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 70 азаматқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 21504 мың теңге, жергілікті бюджеттен 12762 мың теңге қаражат бөлініп, бұл бойынша 109 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.
Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 600 азаматты жұмысқа жіберу жоспарланып, жергілікті бюджет есебінен 200000 мың теңге қаражат, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 496800 мың теңге бөлініп, 716 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 48 адамға жергілікті бюджеттен 17285 мың теңге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 59616 мың теңге қаражат қаралып, 5 жас маман жұмысқа жолданды.
«Күміс жас» жобасына 69 адамды жұмысқа жіберу жоспарланып, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 44277 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13252 мың теңге қаражат бөлінді, қазір 51 адам аталған жоба аясында жұмыс істеп жатыр.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына жергілікті бюджет есебінен 2 жас маманды жіберуге 1153 мың теңге қаражат қаралды. Ұлттық жоба бойынша биылғы жылға 32 жобада 330 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 144 орын тұрақты жұмыс болса, 186-сы уақытша жұмыс орны. Бүгінгі күнге 24 жобада жұмыстар басталып, жалпы 165 адам еңбек майданына аттандырылса, оның ішінде 94 адам уақытша, 71-і тұрақты жұмыс істеп жүр, – дейді Сапар Тілеубердіұлы.
Осы жылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 73 адамға 100,7 миллион теңге қайтарымсыз грант беру жоспарланса, бүгінгі күнде 36 адамға өз ісін ашу үшін 49,6 миллион теңге беріліпті. Т.Рысқұлов ауданында қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастағандардың ішінде мүгедектігі бар адамдар да бар. Соның бірі – Ақыртөбе ауылының тұрғыны Сырым Абсалимов. Ол шыныдан бұйым жасаумен айналысса, Құлан ауылының дәл осы санаттағы тұрғыны Данияр Байтайлақов пластикалық терезелер жасау арқылы табыс тауып отыр.
– Аудандық мансаптық орталық мамандарының кеңесі арқылы оқыту курсынан өтіп, қолыма сертификат алғанмын. Кейіннен қайтарымсыз қаржы алу үшін конкурсқа түстік. Өз жобамды сәтті қорғағаннан кейін, наурыз айында мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге грант алдым. Оған пластик материалды қиғашынан, тігінен кесетін фрезерлік станок, шруп бұрағыш, бұрғы, үтік секілді тағы да басқа құрал-жабдықтар алдым. Қазіргі уақытта Тараз қаласынан шынының бір бөлігін (лист) 8 500 теңгеден, терезе қаңқасы үшін пластик бұйымның метрін сапасына қарай әртүрлі бағада сатып аламын. Осылайша терезені құрастырғаннан кейін оның ақ түсінің 1 шаршы метрін 30 мың, қоңыр түсті пластикалық терезені 38 мың теңгеден жасап сатамын. 500 мың теңгеге тапсырыс қабылдасам, оның 100 мың теңгеден астамы таза табыс ретінде өзімде қалады. Болашақта осы цехтің аясын кеңейтсем деген жоспарым бар.
Әйелім мектепте тазалықшы болып жұмыс істейді. Оның 70 мың теңге еңбекақысы, өзімнің ІІІ топтағы мүгедектігіме байланысты берілетін жәрдемақы, табысым 6 баламызды асырауға молынан жетіп отыр.
Қазіргі заманда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысатын азаматтарға сан түрлі қолдау көрсетуде. Өзгеге жалтақтамай, қолдан келгенше кәсіппен айналысқан адам қоғамға да, өзіне де пайда әкеледі, – деді ол.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеріп, тұрмыстық жағдайын түзеуде, жекелеген адамдардың қаржылық күш-қуатын арттыруда аудан, облыс орталығындағы мансаптық орталықтардың атқарып отырған рөлі маңызды. Жұртты кәсіпкерлікке машықтандырып, түрлі оқыту курстарынан өткізіп, олардың жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз қаржы алып, іс бастауына елімізде арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндік береді. Сол үшін бос жүрген немесе мардымсыз жалақы немесе жәрдемақыға иек арту арқылы күнелтіп жүргендер кәсіпке бет бұрса, әрине, тасы өрге домалайтыны анық.
Арай газеті