Жұмыспен қамту жалғасуда

Қордай ауданының орталық мәдениет үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Зарина Оразбекова, ауданның білім ошақтары мен мәдениет мекемелерінің басшылары мен өкілдері, жұмыссыздар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.

Онда сөз алған аталған департаменттің бас маманы Зарина Оразбекова жәрмеңкенің мақсатына тоқталды. Іс- шара барысында жұмыссыз азаматтарды, оқу орындарының түлектерін, жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін атап өтті.

Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 68 мекемеден түскен 171 тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Атап айтсақ, білім саласы бойынша 34, денсаулық сақтау саласында 17, экономика бойынша 6, заңгерлік 1, әртүрлі жұмыстар бойынша 113 бос жұмыс орны ұсынылды.

Іс-шараға арнайы келген сегіз мекеменің өкілдері жұмыссыз азаматтарды өздеріндегі ваканттық орындармен таныстырды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 50-ден астам азаматтың ішінен 17 азамат тұрақты жұмысқа, 5-еуі «Жастар тәжірибесі», біреуі «Алғашқы жұмыс орнына» және екі азамат «Күміс жас» жобасы бойынша, екі азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, бір азамат әлеуметтік жұмыс орнына жолданды.

Сонымен қатар, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары келушілерге 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпарат берді. Оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Дияс МАРАТҰЛЫ.

Қордай ауданы