ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА ДА ЖҮЙЕЛІЛІК КЕРЕК
Жұмыссыз жандарды жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар қабылданып жатыр. Себебі бүгінгі күні жұмыссыз адамдар көп. Бірі мамандығына сай келетін жұмыс таппаса, бірі мемлекеттік бағдарламаларға жүгінбейді. Осы ретте тұрғындардың жағдайын, әлауқатын көтеру үшін елімізде көптеген кәсіпкерлікті, жұмыспен қамтуды іскеасыру шаралары қалыптасуда.
2023 жылдың басында Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6%-дан асқан болатын. 2024 жылдың екінші тоқсанының деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш 4,5% болып, жұмыссыздық деңгейі 1,1%-ға төмендегені байқалды. Мұны қалалық жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Олардың мәліметінше, Алматыдағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 65 мың түлегінің 60-80%-ы жыл сайын Алматыдан жұмыс табуға тырысады. Сонымен қатар, 10-12 мың түлек жыл бойы жұмыс іздейді. Жастар саясаты басқармасы NEET санатындағы жастардың (Not in Education, Employment, or Training) үлесін азайтуға бағытталған бағдарламаны әзірледі. Бұл санатқа жұмыссыз, оқымайтын және кәсіби дайындықтан өтпеген 14 пен 35 жас аралығындағы жастар жатады.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде NEET-жастардың үлесі 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы 8,3%-дан (53,8 мың адам) 2024 жылдың екінші тоқсанында 6,5%-ға (42,8 мың адам) дейін төмендеді.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен мегаполисте бір жылдан астам уақыт бойы Қалалық карьера орталығы жұмыс істеп келеді. 2023 жылдың ақпан айынан бері орталыққа 4 мыңнан астам жас жүгінген. Орталық 3 мың адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 30-дан астам қысқа мерзімді курстар ашты. Биыл жыл басынан бері 4,8 мың жас оқудан өтіп, олардың 3 мыңы жұмысқа орналасып, 1,8 мыңы тағылымдамадан өтіп жатыр.
NEET-жастарға арналған Jasalmaty.kz мобильді қосымшасы іске қосылды, онда Jobfair365 жұмыспен қамту және SkillBrigde оқыту сервистері ұсынылған. Ақпараттық портал 20 мың адамды тартты. Жұмыс басталғаннан бері Қазақстанның 20 өңірінен 3 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Соның нәтижесінде 2,5 мың жас жұмысқа орналасты.
2024 жылы басқарма «8 Күндік карьера» іс-шарасын ұйымдастырып, оған 450-ден астам ірі компания қатысты. Соның нәтижесінде 2,8 мыңнан астам жас жұмыс тапты.
«Жасыл ел» ұлттық жобасы аясында 2,1 мың адам уақытша жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 4,8 мың жас жұмысқа орналастырылды.
«Алматы қаласының 2024 жылғы жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы» аясында жастарға 18,1 мың жұмыс орны ұсынылды. Enbek.kz порталы арқылы 1,1 мың жас жұмысқа орналастырылды.
Осылайша, 2024 жылдың қаңтарынан бері барлығы 31,3 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде Алматы қалалық жастар саясаты басқармасы арқылы 13,3 мың жас жұмыспен қамтылды.
Қаланың даму жоспарының Жол картасында көрсетілген жұмыспен қамту бойынша KPI (жоспар – 10 мың) 3 есеге артық орындалды.
Айта кетейік, Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 695,6 мыңнан астам жас (қала халқының 32%-ы) тұрады, олардың 421,6 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 279 мыңы – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары. Алматыда белсенді жұмыспен қамту шараларымен шамамен 38 253 адамды қамтылған. Жұмыссыздар ретінде Еңбек мобильділігі орталығында есепте 15 727 адам тұрған, оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Асланбек Қуанышов мәлімдеді. «Осы кезде орталыққа 4 905 адам жүгініп, 15 727 адам жұмыссыз ретінде тіркелді, оның ішінде 13001 адам өткен жылдары тіркелген. 2024 жылы белсенді жұмыспен қамту шараларымен 38 253 адамды қамту жоспарланған, 2023 жылы жоспар 43 004 адамды құрады, шаралармен 52 928 адам қамтылды, бұл 123% құрады», — деді А.Қуанышов. Өткен жылғы мәліметтерге сәйкес, Еңбек мобильділігі орталығы 61 563 адам жүгінген, оның ішінде 41 120 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Әр түрлі себептермен 41 432 адам жұмыссыз ретінде тіркеуден шығарылды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба
Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту. Бірінші міндет шеңберінде аудандардың мастер-жоспарлары қалыптастырылады, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі.
Екінші міндетті іске асыру субсидиялау арқылы жұмыс берушілердің уәждемесін арттыруға арналған өзекті құралдардың көмегімен, ал жас мамандар үшін-өз дағдыларын арттыруға, өз кәсібін табуға немесе уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылады.
Осылайша, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетіледі.
Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда.
Талап етілетін дағдыларға онлайн-оқыту платформада жүргізіледі skills.enbek.kz, онда сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн-курстар пулы қалыптастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындары
Жұмыс орындарын бөлу кезінде осы жұмыс орнына барлық қажетті аударымдарды ескере отырып, мемлекет тарапынан 12 айға дейін ішінара субсидиялау қарастырылғанын есте сақтаңыз.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушыларға жалақы ретінде берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған 20 АЕК мөлшерінен аспайды.
Жастар практикасы
Жастар практикасы білім беру ұйымдарының түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибе қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады. Жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысы республикалық бюджеттен айына 30 АЕК-ті құрайды.
Қоғамдық жұмыстар
Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырады. Олар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және жергілікті бюджет қаражаты және олардың өтінімдері бойынша жұмыс берушілердің қаражаты шегінде қаржыландырылады.
Г.Тұрсынқожа