ЖҰМЫСТЫҢ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА БОЛДЫ

Аудандық Қоғамдық кеңесте 2022 жылдың бекітілген жылдық іс-жоспары бойынша есепті мерзімде қоғамдық кеңестің 6 отырысы, 6 төралқа отырысы, 19 комиссия отырысы, 2 қоғамдық бақылау мен 2 қоғамдық тыңдау өткізілді.
Аудандық Қоғамдық кеңеске келіп түскен 19 нормативті-құқықтық акт жобалары кеңес жанынан құрылған тиісті комиссияларда талқыланып, сәйкесінше 14 ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, 6 рет Төралқа отырысы ұйымдастырылып, онда ауылдық округтер әкімшіліктері тарапынан Үлгілі ауылдық округіндегі 13 көшенің, Түймекент ауылдық округіндегі 8 тұйық көшенің, Қостөбе ауылдық округіндегі 1 көше мен 2 көше бұрылысының, Жалғызтөбе ауылдық округіндегі 2 көше тұйығының, Сарыкемер ауылдық округіндегі 24 көшенің атауларын өзгертуге байланысты келісімдер берілді.
Аудандық Қоғамдық кеңестің қызметінің ашықтығын, жұмысының пәрменділігі мен жариялылығын дамыту мақсатында, әрбір атқарылған іс-шараның қорытындысы ақпараттық жүйелерде жарияланып отырды.
Есепті мерзімде кеңес тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша аудандық «Ауыл жаңалығы» — «Сельская новь» газетінде 8 мақала және Қоғамдық кеңес қызметіне қатысты 6 хабарландыру, Байзақ ауданы әкімдігінің ресми сайтында (bayzak.zhambyl.kz), Жамбыл облысы Қоғамдық кеңесінің сайтында (q-kenes.kz) және аудандық басылымның сайтында (auil-zhanaligi.kz) 6 мақаладан жарияланды.
Аудандық Қоғамдық кеңестің негізгі жұмысының бірі — «Қоғамдық кеңестер туралы» заңының және басқа да заңдардың аясында, аудан тұрғындарының талап — тілектеріне, мұң — мұқтажын анықтау мақсатында, Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық қабылдауларға қатысып, жеке азаматтардың өтініш – пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың шешімін табуға түсініктеме, ұсынымдар беріп отырады.
Байзақ ауданы әкімдігінің жанынан құрылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» мәселелері бойынша аудандық комиссияның және «Құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету» жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамындағы қоғамдық кеңес мүшелері аудан көлеміндегі осы комиссияның ашықтығына, нәтижелі жұмыс атқаруы барысында белсенділік көрсетуде. Осы мерзімде жоғарыда көрсетілген комиссияның 4 отырысы өтіп, ондағы қаралған мәселелерге кеңес мүшелері өз пікірлерін білдірді.
Қоғамдық кеңес қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған заң берген өкілеттіктер аясында, комиссия мүшелерінің қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган басшылары жұмыстарының нәтижелері туралы есептерін тыңдау формалары арқылы өз жұмысын жүргізеді. Сонымен бірге, кеңес отырысында берген ұсыныстардың орындалу нәтижесіне бақылау жасайды.
Қоғамдық кеңестің отырысында аудандағы спорт мектептерінің жасөспірімдерді спортқа баулудағы атқарған жұмыстарына зерделеу-мониторинг жұмыстарын жүргізіп, жіберілген кемшіліктерді жолға қою мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Жолдасбековке ұсыныстар берілген болатын.
Аталған ұсыныста Ж.Үшкемпіров атындағы №9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Жалғызтөбе ауылдық округі, Жетібай ауылындағы спорт залының жағдайы санитарлық талапқа сай келмейтіні, залға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі, балалар жуынатын бөлме (душ) орнатылмағаны айтылған. Осы аталған мәселені шешу мақсатында, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына 2022 жылдың 13 сәуірінде №28, 2022 жылдың 11 қарашасында №50 хаттар жолданып, содан бері осы ұсыныс орындалмай келген еді. 2023 жылдың 10 қаңтарында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Н.Жолдасбековтің жіберген №4-55 хатында ағымдағы жылы аталған нысанға су құбырын кіргізуге, киім ауыстыру бөлмелері мен жуынатын душ орнатуға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге спорт мектебі тарапынан тиісті құжаттар әзірленіп, облыстық бюджетті нақтылау барысында қосымша қаражат қарастыруға бюджеттік өтінімнің ұсынылатыны туралы ақпарат келді.
2022 жылдың 30 наурызында өткен Қоғамдық кеңес отырысында Байзақ ауданының әкімі Қазанбасов Бақыт Алпысбайұлының 2021 жылғы жұмыс нәтижелері туралы есебі тыңдалды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда артығымен орындалғаны атап көрсетілді.
2021 жылы аудан аумағында атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Ақбаев Бақтияр Мұратұлының және аудандық Қоғамдық кеңестің қосымша баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, күн тәртібі бойынша “2021 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің атқарылуы туралы” аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саққұлова Әлия Бағысбекқызы есеп берді.
Отырыс барысында күн тәртібінде қаралған аудан әкімінің есебі бойынша аудан әкімдігіне тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, өткен жылғы суармалы дақылдарды ағын сумен қамтамасыз етудегі және табиғаттағы қиындықтарды ескере отырып, ағын суды көп талап ететін дақылдарды тиімді орналастыруға ықпал ету, ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының өзіндік құнын қымбаттатпау мақсатында, аудан көлемінде ұйымдастырылған кооперативтердегі ауыл шаруашылығы техникаларының шаруа қожалықтарына агротехникалық процесте көрсететін қызметінің бағасын қолжетімді көлемде белгілеу, ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген жағдайда және ауданда жеке тұрғын үйде тұрғындардың тұрмыстық мәдениетінің жақсаруына байланысты, елді мекендерде экологиялық жағдайды қалыпты деңгейде ұстау үшін аудан орталығында кәріз жүйесін қолға алу ұсынылды.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оның алдын алу мақсатында, мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық нысанға көшірілуін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсету және қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін аудан тұрғындарының қатысуымен семинарлар, тренингтер ұйымдастыру және көрсетілген қызметтер бойынша ақпараттық құралдарда тұрақты жариялап отыру, аудандық орталық ауруханаға және Байзақ ауданы білім бөліміне қарасты мемлекеттік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіріп-шығу үшін пандус қойылмағандығын толық анықтап, заң шеңберінде тиісті шара қолдану ұсынылды.
2022 жылдың 30 мамырында өткізілген кезекті кеңес отырысында “Байзақ ауданы бюджетінің атқарылуы туралы” аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жүзбаев Қанай Әлібекұлының және “2021 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің атқарылуы туралы” аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Телеуов Қанат Рысбайұлының есептері тыңдалды.
Байзақ ауданы әкімдігінің қаржы бөліміне Қазақстан Республикасының “Салық туралы” Кодексіне сәйкес, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салық төлемдерінің түсімдерін жоспарлауда салық салу объектілерін толық және дұрыс анықтап, бюджеттің кіріс бөлігін дұрыс жоспарлау, аудан бюджетін игеру барысында бағдарлама әкімшілері Қазақстан Республикасының “Бюджет туралы” Кодексінің заң талаптарын орындай отырып, аудан бюджетін атқару ұсынылды.
Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне Қазақстан Республикасы “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” заңының талаптарына сай, бөлім мамандарының біліктіліктерін арттыру, Қазақстан Республикасының “Еңбек туралы” Кодексіне сәйкес, азаматтар демалыс және мереке күндері қызметке жүгінген жағдайда мемлекеттік қызметті көрсету аясын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқару ұсынылды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы 2022 жылдың 16 қыркүйегіне шақырылып, онда күн тәртібіне «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз ету туралы» аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебі және «2021 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген ауданың ауыл шаруашылығын өркендетудегі функционалдық міндеттерінің атқарылуы туралы» аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі енгізілді.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министірінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жеке оңалту бағдарламасы ашылған мүгедектігі бар адамдар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүріп-тұруына бейімдеу жұмысын жүргізу үшін қаржы бөлу мәселесін шешуге ықпал жасау және де ауыл, ауылдық округтердің ғимараттарына пандус орнатуға бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін игеріп, пандустарды сапалы орналастыру ұсынылды.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарған жұмыстары бойынша кеңес мүшелерінің, яғни, жұмысшы тобының жасаған анықтамасында көрсетілген кемшіліктер толықтырылып, Төралқа отырысында қайта қаралатын болып шешілді.
Нәтижесінде, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде өткізілген аудандық Қоғамдық кеңестің Төралқа отырысында «2021 жылдың және 2022 жылдың 5 айында көрсетілген ауданның ауыл шаруашылығын өркендетудегі функционалдық міндеттерінің атқарылуы туралы» аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рсалиев Еркебай Жарқынбекұлының есебі қайта тыңдалды.
Қоғамдық кеңестің жұмысшы тобы зерделеу – мониторинг жүргізу барысында бұрынғы кемшіліктері дәлелденіп, қосымша кемшіліктер анықталып, осы кемшіліктерді жою мақсатында тиісті бөлімге «Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы Ереженің талаптарын орындау мақсатында, Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаны іске асыру мақсатында, ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасын дайындап бекіту және Үкімет тарапынан кепілдендірілген дизель отынын шаруа қожалықтарының жер көлеміне сәйкес, агротехникалық жұмыстарға белгіленген кешенді өлшемдерге сай босатуды ұйымдастыру, жер көлемі аз шаруа қожалықтарына дизель отынын босатуды қолжетімді ұйымдастыру ұсынылды.
Қоғамдық кеңестің 07.11.2022 жылғы №51 ұсыныс хатына жауап ретінде аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен 2022 жылдың 29 желтоқсанында келген №16-670 хатында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сай, облыс пен аудан әкімдері арасында келісім бекітілгені, соның негізінде, нысаналы индикаторлар қалыптастырылғаны және соған сәйкес жұмыстар жүзеге асырылуда екені көрсетілген. Үкімет тарапынан кепілдендірілген дизель отыны ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жер көлемінің және агротехникалық жұмыстарына белгіленген кешенді нормативке сәйкес қолжетімді түрде босатылатынын жеткізген. Сонымен қатар, облыс бойынша басқа аудандарда жоқ, жер көлемі аз және сақтауға мүмкіндігі жоқ шаруаларға кепілдендірілген дизель отынын операторлар талон арқылы беру қарастырылғаны көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Жамбыл облысы бойынша Департаменті 2022 жылғы қараша-желтоқсан айлары аралығында аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері және кәсіпкерлермен бірлесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын.
Осыған байланысты, 2022 жылдың 29 қарашасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің басшылығы мен Жамбыл облысының Қоғамдық кеңесінің заңдылық, құқық тәртібі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшелері бірлесе отырып, аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысын өткізді.
Жиында тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жатқызылған мәселелерді және қоғамдық кеңестің азаматтық қоғаммен, квазимемлекеттік сектор субъектілермен іс-қимыл жасау нәтижелері туралы талқылау қарастырылды.
Аталмыш кеңес отырысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Жұмақадырұлы Бақтыхожаев, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Норманбекқызы Жувандикова, аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Жамалов Талғат Салқанұлы қатысты.
Күн тәртібіне шығарылған «Байзақ ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар туралы» мәселе бойынша Қарар қабылданып, тиісінше жергілікті жерде Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс атқару басшылыққа алынды.
2022 жылдың 23 желтоқсанында, аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңестің отырысында күн тәртібіне сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған Байзақ ауданы бюджетінің жобасы» туралы аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жақыпбеков Дулат Бекбосынұлының хабарламасы және аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шоғалов Жарқынбек Амангелдіұлының «Бөлімнің функционалдық міндетін атқарудағы 9 айдағы жұмыстары туралы» есебі тыңдалды.
Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жақыпбеков Дулат Бекбосынұлының хабарламасы назарға алынып, «2023-2025 жылдарға арналған Байзақ ауданының бюджеті» жобасы мақұлданды. Сонымен қатар, алдағы уақытта қосымша баяндамада айтылған жұмыстарды қаржыландыру, атап айтқанда, мүгедектердің қызметтерге қолжетімділігін арттыру үшін пандустармен қамтамасыз ету, жөндеуді қажет ететін көшелерді жөндеуден өткізу, «Сарыкемер-Мырзатай» бағытындағы автожолды жөндеуге, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына, мәдениет ошақтарының құрылысы мен оларды жөндеуге, спорт кешендерінің құрылысын тиісті деңгейдегі бюджеттер есебінен қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша жұмыстарды жандандыру ұсынылды.
Аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқынбек Шоғаловтың «Бөлімнің функционалдық міндетін атқаруда 2022 жылғы 9 айдағы атқарған жұмыстары» туралы есебі назарға алынды.
Бөлім басшысына Жамбыл облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын орындау мақсатында ауданда атқарылатын жобалау — сметалық геологиялық барлау жұмыстарын дер кезінде даярлап, жоғары тұрған басқарма органдарына өтініш беруді ұйымдастыру, елді мекендердегі құрылысы аяқталған ауыз су жүйесін тұрғындардың тегіс пайдалануына ықпал жасау, ауыз су қызметін пайдаланатын тұрғындардың ауыз су төлем ақысын өз еріктерімен төлеу үшін электронды құралдарды пайдалануды, су пайдалану есептегіштерін көрнекті жерге орналастыруды ұйымдастыру, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелеріне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының сапасына кешенді бақылау жүргізіп, мердігердің келісім шарттағы құрылыс жұмыстарының кестесін бұзуға жол бермеу, қыс мезгілінде жолаушыларға төтенше жағдайда жылыту пункттерінде жолаушыларды қабылдап, тиісті жағдай жасау үшін ғимарат иесімен алдын ала меморандум жасап, екіжақты атқаратын міндеттерді келісу ұсынылды.
Осы, көрсетілген ұсыныстарды орындау шаралары бойынша атқарылған жұмыстар туралы 2023 жылдың 11 қаңтарында №11-1-20/28 жауап хатта толығымен көрініс тапқан. Атап айтқанда, елді мекендерді ауыз сумен қамтудағы 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, 2022 жылға сумен қамтылмаған 13 елді мекеннің 8 елді мекені осы жылы толық қамтылатындығы, ал, халық саны аз елді мекенге жататын Төрткел, Қайнар, Жаңасаз ауылдарына суды тазартудың кешенді блок-модельдерін орнату алдағы жылдарға жоспарланғандығы көрсетілген. Сондай-ақ, Төрегелді, Жібек Жолы елді мекендерінде ауыз сумен қамту бағытында жобалық – сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң нәтижесі алынып, қаражатқа байланысты алдағы жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігі айтылған.
«Жол активтерінің сапа орталығымен» жасалған келісім-шарт бойынша аудандық манызы бар жолдар мен елді мекен ішіндегі көшелерге жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының сапасына кешенді бақылау жүргізіліп, мердігердің келісім шарттарға құрылыс жұмыстарының кестесі қатаң бақылауға алынғандығы баяндалған. Ауданда қыс мезгілінде жолаушыларға төтенше жағдайда жылыту пункттеріне жолаушыларды қабылдап, тиісті жағдай жасау үшін 7 жылыту бекетінің ғимарат иесімен меморандум жасалғандығы атап көрсетілді. Яғни, қоғамдық кеңес отырысында берілген ұсыныс негізінен орындалды.
Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен өткізілген қоғамдық тыңдауда қаралған Сарыкемер елді мекеніндегі ауыз су құрылысы және автокөлік жолдарының орта жөндеу жұмыстарының сапасы туралы берілген ұсыныстардың орындалуы туралы жұмысшы тобының жүргізген мониторингі талқыланды.
Мониторинг қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Сарыкемер елді мекеніндегі жолдарды орта жөндеу жұмыстары барысында 9 көшедегі жолдың жиегіне қиыршық тас төселмегенін анықтап, кемшіліктерді қалпына келтіруге ықпал етті.
Бұдан бөлек, кезекті өткізілген қоғамдық тыңдауда «Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр көшесінің 3,1 шақырымына және Д.Қонаев көшесінің 2,5 шақырымына мердігер «Рауан» ЖШС-і жүргізіп жатқан орта жөндеу жұмыстарының барысы туралы» мәселе қаралды.
Нәтижесінде, Сарыкемер ауылдық округінің әкімі С.Тлеуқұловаға Д.Қонаев көшесіндегі автожолды жөндеу кезінде қоғамдық көлік тоқтайтын аялдаманы енгізу, Д.Қонаев пен Байзақ батыр көшелеріне жөндеу жұмысының кестесін қайта қарап, салқындайтын мерзімге жеткізбей, жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап ету, автожолды жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына тұрақты бақылау жүргізу үшін ауыл округіндегі қауымдастық мүшелерінің қатысуымен жұмысшы тобын құру ұсынылды.
Байзақ аудандық Қоғамдық кеңесі жанынан құрылған бақылау тобы Мырзатай және Суханбаев ауылдық округтеріндегі бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан құрылыс нысандары жұмыстарының сапалы атқарылуына ауылдық округ әкімдерінің жанынан құрылған қауымдастық мүшелерімен бірлесіп бақылау жүргізді.
Мырзатай ауылдық округіне қарасты Дихан-2 елді мекеніндегі мердігер “Интеллект Азия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан ауыз су құбырын жүргізу жұмысының сметалық құны 465915,0 мың теңгені құрайды. Осы құрылыс нысанына техникалық қадағалау жүргізетін “Экспертиза сейсмостойкого строительства” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Нұрбек Оспанов) осы мердігердің атқаратын жұмысына төленетін қаражат 13478,0 мың теңгеге келісім-шарт жасалған.
Құрылыс жұмысының сапасына бақылау жүргізу үшін аудандық қоғамдық кеңестің құрған жұмысшы тобымен бірге Мырзатай ауылдық округі жанынан сайланған қауымдастық мүшелері А.Әлімбаев, Ә.Байгелов, ауылдық округ әкімі Р.Абилдаевтар қатысып, құрылыс жұмыстарының сапасын дұрыстауға ескертулер жасап, атқарылып жатқан жұмыстың сапасына ауылдық округтегі қауымдастық мүшелеріне тұрақты бақылау жасау ұсынылды.
Бақылау барысында құрылыс жұмыстарының көрінбей қалатын (скрытый) жұмыстарын атқарған кездерде техникалық қадағалаушының тұрақты қатыспайтындығы байқалды. Сол күні Суханбаев ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторына арналып салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау жүргізіліп, ондағы жұмыс сапасына қанағаттанарлық деген баға берілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 16 наурызында Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты кезекті Жолдауын түсіндіруге арналған аудандық ақпараттық топтардың құрамында Қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді атсалысуда. Олар ақпараттық топ мүшелерімен бірге бекітілген кестеге сәйкес, аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, 2022 жылдың 5 маусымына белгіленген жалпыхалықтық референдумда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өзгерістерді бүкіл халықтың талқысына шығаруы – ел болып қолдауға лайықты іс болды. Халқымен ақылдасатын биліктің аты озады. Бұл әрбір азаматтың жан дү-ниесін түлетіп, мерейін өсіріп, рухын көтерді. Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамын референдумнан бастау арқылы Президент енді әр қазақстандықтың пікірі маңызды екенін айқындады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді халықтың таңдауы арқылы жүзеге асыру бастамасы -қоғамдағы саяси өзгерістердің батыл қадамдарының бірі болып табылды. Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері референдум халықтың нақты бір мәселеге байланысты пікірі, көзқарасы, таңдауы екенін, онда әр қазақстандық өзінің пікірін білдіруге мүмкіндік алатынын насихаттауда өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Үстіміздегі жылдың 20 қарашасында елімізде тарихи оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткенін білесіздер. Аталмыш саяси науқанға кеңес мүшелері біркісідей атсалысып, өздерінің белсенділіктерін танытты десем артық айтпағаным.
Сөз соңында айтарым, Қоғамдық кеңестің негізгі басты мақсаты – берілген ұсыныстардың нәтижелі орындалуын бақылау, олардың тиімді орындалуын қадағалап отыру болып табылады. Сондықтан, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, атқарушы органдармен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы қызметін жандандыру мақсатында өз міндетін атқара беретін болады.

Жұманғали Құмғанбаев,
аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.