Жүрек тазалығы

Ғұламадан бір адам:
— Сіз ғұлама атанғанша немен айналысатын едіңіз?- деп сұрапты.
Ғұлама:
— Отын дайындайтын едім, су таситын едім,- деп жауап беріпті.
— Ал, қазір немен шұғылданып жүрсіз?
— Отын дайындаймын, су тасимын.
— Не себепті қазір мұндай іспен шұғылданып жүрсіз?
— Өйткені бұл менің міндетім.
— Ал, бұрын ше?
— Бұрын да міндетім еді.
— Сонда айырмашылық жоқ па? Ондай болса, неліктен сіз ғұлама атанып жүрсіз?
— Айырмашылық бар.
— Қандай айырмашылық бар?
— Бұрын мен міндетімді атқарғым келмей, ұнжырғам түсіп, ашуланып атқаратынмын. Қазір қуанып, құлшынып атқарам.
— Неліктен олай? Не өзгерді?
— Мен өзгердім. Бұрын «Күнде осы бітпейтін тірлік. Тезірек бітсе екен. Мұны менен басқа адам атқарса, болмай ма?» деп істейтінмін.
Қазір «Күнде осы тірлік. Бітпесе екен. Мен үшін, әйелім үшін, қартайған әке-шешем үшін, жас балаларым үшін үй жылы болу керек, тамақ пісіруге су керек» деп атқарам.
Бұрын мен міндет атқаруды күйкі тірлік деп ойлайтынмын. Қазір мәңгілік қамқорлықтың нышаны деп білем,- деп жауап беріпті ғұлама.
Болай Бердиев
Желіден алынды.