«Жүргізушілер жүндеуге жақсы»

Алматы қалалық жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасы, Қалақұрылыс және сәулет басқармасының назарына!

«Жүргізушілер жүндеуге жақсы»

                                            Шаңнан кейінгі шадыман          

Әрине, жаз бойы Алматының астын үстіне шығарып, ішек-қарнын ақтарған шақта, шаңға қақалған халықтың да, қай көшеге барса да тұмсығымен тірелген жүргізушілердің де қиналғаны рас. Бірақ атам заманғы шіріген су құбырлары жаңаланып, көшелерінің көріктенгенін көргенде, қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаның атқарған ісіне көз де, көңіл тояттап, риза болыстық. Талапшыл жас әкімнің жаңашылдыққа деген талпынысы қала тынысынан көрініп тұрды.  Басқаларын айтпағанда, анау Жібек жолы көшесіндегі  «Алматының Арбатын»,  Қонаев, Панфилов, Шевченко, Құрманғазы көшелері мен «Астана» алаңын-ақ алайықшы. Әсіресе, кейбір көшелердегі трамвай жолдары алынып, көлік қозғалысына сай бір бағытқа икемделгені  көлік кептелісін азайтып, жүргізушілердің көңілінен шығып жатты.

Дегенмен, қанша жерден көше қозғалысының реттілігі мен көлік апаттарының қауіпсіздігін алға тартып, «тәртіпке бағынған ел құл болмайдыны» алға тартсақ та, жүргізушілер көңілін күпті етіп жүрген жайттар да аз емес.

Оған мысал ретінде соңғы күндері бағасы аспандап, еш нарыққа ырық бермей, тіпті дефицитке айналып, тек талонға ғана сатылған, бүгінгі жағдайы да аумалы-төкпелі болып тұрған  жанармайды айтпағанның өзінде, автокөліктерге арналған көше бойындағы ақылы тұрақтар мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл мәселе жалпы жүргізушілерге ортақ болғанымен, мен аталмыш проблеманы өз басымдағы жағдаяттар арқылы жария етейін. Өйткені бүкіл жүргізуші атаулының көріп жүргені бір құқай.

                                          Қайда барып күн көреміз?       

Иә, сонымен, автокөлігіммен жұмысқа келіп, кем дегенде жарты сағат орын таппай айналшықтап жүру менің күндегі әдетіме айналды.  Өйткені бұрынырақта ертеден кешке дейін қойып жүретін көше бойы тұрақтары ақылыға айналған. Сағатына — 100 теңге. Егер мен осы жол бойына қойсам, жұмыс істеп қайтқан сегіз сағат ішінде 800 теңге төлеуім керек. Ал оны  орташа есеппен 20-22 жұмыс күніне көбейтіп кеп жіберсем, шамамен 16-18 мың теңге шығады екен. Мұндай соманы менің қалтам көтермейтіні анық. Сондықтан жұмысыма жақын маңдағы үйлердің ауласына кіремін. Бірақ ол жерде де мен сияқты тұрақ іздеп сабылып жүргендер көп. Не керек, әйтеуір бір босаған жерге көлігімнің тұмсығын тығуға тырысамын. Әзірге, күнделікті тірлігім осы. Айтпақшы, әзірге дейтін себебім, «аңдысқан жау алмай қоймас» демекші, бір күндері аранын ашқан «аждаһаның» бұл аулаға да басын сумаңдай тығып, аузын ашары сөзсіз.  Не «аждаһаның» сұрағанын беруім керек, не көлігімді тастап, жаяу жүруім керек. Екінің бірі. Сірә,  осы соңғысына биліктің өзі итермелеп, әкеле жатқаны байқалады. Көксегені — көшедегі автокөліктер тұратын жерлерді ақылы ету, қоғамдық көлікке арнайы жолақ сызып, жеке көліктердің өкпесін қысу арқылы, халықты қоғамдық көліктермен жүруге мәжбүрлеу. Яғни, үкіметке немесе қала бюджетіне  қалай да ақша түсіру. Кейде тіпті астыңдағы көлігіңді тастай салып, безіп кеткің келеді. Қайда барып күн көреміз?..

Сары жәшік сарсаңы

Жарайды, енді жоғарыда сөз еткен ақылы автотұрақ мәселесіне қайта оралайын. Иә, сонымен: «Назар аударыңыз! Сіз ақылы автотұрақ аумағына кірдіңіз!» деген бұрылыстағы ескертпе тақтайшаны жүргізушінің көрмей қалуы, сөйтіп автокөлігін біраз уақытқа (1-2 сағат немесе одан да көп) көше бойы тұрағына қалдырып кетуі мүмкін. Осы аралықта, қолында планшеті бар, автокөліктердің «артын аңдушы» арнайы адам келіп, көлік нөмірін суретке түсіріп алады.  Осылайша, еш алаңсыз жүрген жүргізушіге біраз күннен кейін түкке тұрмас 100 теңгенің орнына 6807 теңге айыппұл келіп тұрады. Ал негізінде, көше бойы тұрағы ерекше белгілермен  белгіленіп, тұрақ орнының сызбасы беріліп, төлем тәртібі мен тарифтері көрсетіліп тұруы тиіс емес пе?! Оның үстіне, төлем аппараттары өзің іздеп тауып ал дегендей, квартал ортасындағы  тал-теректердің тасасында тұрады. Оны тапқан күннің өзінде «сары жәшікке» телміргендердің кезегінде тұруға мәжбүрсің.

                                                  Ұрт күйдірмес ұсыныстар

Әрине, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайтынын» бәріміз де білеміз, бірақ 1000 жылдық тарихы бар Алматыда паркинг, автотұрақ сияқты қажетті жобалар қарастырылмаса, сол үшін қарапайым халық жапа шегуі тиіс пе?  Шындығында, мұндай азапқа түскеннен гөрі, билік көксеп отырғандай, жаяу немесе қоғамдық көлікпен-ақ жүруге болар еді, егер қаланың және қалаға кіріккен шеткі ықшамаудандардың бәрі толықтай  қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіліп, шеткері ықшам аудандардан  қала орталықтарына жеткізетін метрополитен стансалары салынса. Өкініштісі сол, Шаңырақ 1, Дархан сияқты шағын аудандар метро тұрмақ, қарапайым автобустардан  шетқақпайланып отырған жоқ па?!  Ол жақтан қала орталығына жетудің өзі қияметтің қайымы. Бірақ мұны елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Сонымен, несін айтамыз, ақыры болар іс болып жатыр екен, ендеше естір құлақ табылса, екі-үш ұсынысымызды да айтып қалайық.

  Біріншісі: Рас, мегаполисте көлік саны көп. Оны азайту керек болса, неге бұрыннан айтылып, бірақ сол айтылған жерінде қалып келе жатқан қалаға сырттан кіретін автокөліктерді кіргізбеу мәселесін ешкім қарамайды?  Меніңше, сырттан кіретін көліктерге арнап, қалаға кіреберіс жолдардан төлем құны арзандау арнайы паркингтер салып, ал жолаушылар үшін, метроны айтпағанда, қаланың әр маңына баратын маршруттар шығарса, көлік нөпірінен бастап, қала экологиясы сияқты біраз проблемалар да шешілер еді. Тіпті, сол бюджет қабының толмай жатқан жерін аталмыш паркингтермен-ақ толтыруға болмас па?!

  Екіншісі: Әрине, қаладағы түрлі мекемелер мен жекелеген үйлерге құрылыс немесе басқа да тауар жеткізу керек. Ондайда сырттан кіретін жүк көліктері үшін, көшедегі көлік саябырлайтын  кешкі немесе түнгі бір уақыт аралығын белгілеу керек.

Үшіншісі: Жоғарыда айтқан сары жәшіктердің көмейіне тығатын 100 теңгені ең болмаса 50 теңгеге түсіру керек. Сонда сегіз сағат алаңсыз жұмысын істеп шыққан адам тәртіпке бойұсынып, 400 теңгесін қиналмай-ақ төлей алар еді. Екіншіден, қашып-пұшып аулаларды паналайтындардың саны азайып, көше бойы тұрақтары қожайынының да қоржыны тоқ болар еді.

Түйін: Менің бұл жазғандарым — жылағаным емес, жоғарыдағы құзырлы орындардан сұрағаным. Жүргізушілер де адам баласы, қоғамның бір-бір мүшесі. Олардың ішінде шенді-шекпендісі де, шекпенсіз кетпендісі де бар. Сондықтан, сөз соңында, мен өз басымдағы жайттарды баяндау арқылы, артымда жүз мыңдаған жүргізушілердің жанайқайы жатқанын тағы да ескерте кетейін.

 

 

Жанбақыт Мерекеұлы