ЖУРНАЛИСТ. РЕДАКТОР. МЕНЕДЖЕР.
Ғалым Қасабай 63 жаста
Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Ғалым Иенбергенұлы Қасабаймен тай-құлындай тебісіп, бала кезден бірге өспедік. Дегенмен екеуміз де қара шаңырақ білім, ғылым ордасы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыдық. Онда да Ғалым Иенбергенұлы менен 1 курс жоғары оқыды. Мен филология факультетінің 1-курсына жаңадан оқуға түсіп, қаланың тіршілігіне енді сіңісіп жүргенімде Ғалекеңдер 2-курсқа көшкен, қаланың тыныс-тіршілігіне әбден үйреніскен белді, белсенді студенттердің бірі еді. Сол кезден-ақ Ғалекеңнің бойынан алғырлық, жол бастар көшбасшылық байқалып-ақ тұратын.
Бүгін де өмірінің басым бөлігін журналистика саласына арнаған, оның тура 30 жылын редактор болып қызмет атқарған замандасым 63 жасқа толып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ел ағасы болып отыр.
Қазақ университетінің журналистика факультетін 1985 жылы тәмәмдаған соң Ғалым Қасабай туған өңірі – Қордай ауданына келіп, аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне тілші болып орналасады. Көп ұзамай газет басшылығы оны бөлім басшысы етіп тағайындайды. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов және Әбілфайыз Ыдырысов сынды ұстаздардан дәріс алған Ғалым журналистиканың әртүрлі жанрында жазған дүниелері басылымда үздіксіз жарияланып жатты. Ол заманда газетке шыққан сын мақала немесе фельетон аудандық партия комитеті бюросының күн тәртібіне шығарылып, кемшілікке жол берген колхоз-совхоз төрағасы мен директоры, кәсіпорын, мекеме басшысы партиялық жауапкершілікке тартылатын. «Аудандық газеттен Ғалым Қасабай келе жатыр» дегенде қандай да бір басшы болмасын, «ұйқысынан шошып оянатын» деген сөздерді де естігенмін. Факультет деканы Темірбек Қожакеев лекциясында «Сатира – күштілер қаруы» дегенді көп айтушы еді. Осы тақырыпта кітабы да бар. Деканның осы сөзі есінен шыққан емес. Аудандық басылымға тілші болып орналасқан алғашқы күннен бастап, ол бүгінде ұмыт болған фельетон жанрына ден қойды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Жамбыл қаласына қоныс аударған Ғалым Қасабай облыс орталығындағы Жамбыл технологиялық институтының орыс тілі кафедрасы жанынан қазақ бөлімін ашуға ықпал етті. Кейіннен Жамбыл қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының «Замандас» газетін шығарды. Журналистің бұл еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
Қандайда бір мемлекеттің болмасын, тірегі – салық түсімдері болғандықтан «Салық кодексінің» талаптары жаңадан ұйымдастырыла бастаған жеке шаруашылық құрылымдарының басшыларына, жекешеге өтіп жатқан басқа да мекеме, кәсіпорын жетекшілеріне, әрбір салық төлеушіге жете түсіндірудің қажеттілігі туындады. Ұлтжанды, мемлекетшіл азаматты бұл мәселе бейжай қалдырмады.
Ол жайында Ғалым Қасабай былай дейді: «Содан әрі ойланып, бері ойланып, сол кездегі облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовқа барып, ойымды айтып, ұсынысымды жеткіздім. Өңірдің бас салықшысы газет ашу туралы ұсынысымды бірден қолдап, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан, өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім», — деді.
Облыстық салық басқармасының басшысы қос қолын көтеріп қолдап отырған соң, не тұрыс, бірден Алматыға, Ақпарат министрлігіне газетті тіркетуге барды. Сол кездегі еліміздің ең жас Ақпарат министрі, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев та қолдап, еш кедергісіз тіркетіп береді. Сөйтіп, 1994 жылдың 22 наурызы күні «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына тарайды.
Ел Тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Жаңа құрылым «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңды басшылыққа алады. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы Заң және кейіннен «Салық кодексі» талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлерін де тартты. Облыстық, қалалық және аудандық салық құрылымдарының қызметкерлері басылым бетінен жиі орын алып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кеңінен материалдар жариялады. Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын арта түсті. Тіпті, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер де өздерінің жазғандарын редакцияға жолдап немесе арнайы алып келіп жатты.
Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» «Салық кодексіне» түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы (Түркістан), Алматы қаласы мен облысы (Жетісу) және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары: «Бізде құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Содан газет аймақтық басылым болып қайта тіркелді. Әр облысқа меншікті тілшілер тағайындалды. Осы өңірлердің салық басқармалары, кейіннен департаменттері газетті қаржыландырып, мемлекеттік тапсырысты республикадан Қаржы және Ақпарат министрлігінен алып тұрды.
«SALYQ TÁRTІBІ» республикалық тәуелсіз басылымға айналып, оқырмандары көбейіп, әр алуан тақырыпта дүниелер берсеңіздер деген ұсыныстар түсе бастады. Осыны ескеріп, экономика, кәсіпкерлік, салық саясатын насихаттаумен қатар, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік сала, білім, спорт және басқа да салаларды қамтып, әр өңірден мемлекеттік тапсырыс алатын болды. Әр саладан тақырыпты жан-жақты қамтып жазудың нәтижесінде, бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Тараз қаласының орталығында үш қабатты ғимаратта редакция орналасқан. Әр өңірден материалдар редакцияның электрондық поштасына түсіп жатады. Газет өзінің баспаханасында теріліп, беттеліп, басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етеді.
Жер дөңгелек деген осы болар, мен де әрбір саланың басын шала келе осы журналистика саласына келіп тұрақтаған жайым бар. Осы салада, аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарып жүргенімде аудандық газеттердің үлестері жекеге өтіп, кейіннен біздің аудандық «Мойынқұм таңы» газеті де, Меркі аудандық «Меркі тынысы», Талас аудандық «Талас тынысы» газеттерімен бірге толығымен «Салық тәртібі» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне өтті. Осы бір кезеңде Ғалым Қасабаймен өміріміз тағы да тоғысып, 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап әріптес болып келеміз.
Ғалым Иенбергенұлы туралы айта кетерлік тағы бір жайт, тәжірибелі журналист Ғалым Қасабайдың редакторлық қыры облыстық «Ақ жол» газетінде де көрінді. Өзі салық саласын жаңғақша шағатын болғандықтан, ең бірінші басылымның салыққа қордаланып қалған миллиондаған теңге қарызын жапты. Редакциядағы журналистердің айлығы шайлығына жетпей жатқан кез. Оның үстіне шығармашылық ұжымдағы компьютерлердің пайдалану мерзімі өтіп, әбден ескіріп, істен шығып жатты. Басқа да қажетті жабдықтар әбден тозған. Оның екінші қолға алған мәселесі – журналистердің ғана емес, редакция ұжымының жалақысын еселеп көтеруді, қаламақы көлемін ұлғайтып, сыйақыны жүйелі түрде беріп тұруды сол кездегі облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың алдына мәселе етіп қоя білді. Сонымен қатар, ұжым мүшелерін баспанамен қамту мәселесін қолға алды. Редакция бюджеті үш есеге ұлғайған соң, журналистер аудандарға іссапарларға жиі шыққан екен. Журналистердің жалақысы үш есеге көтеріліп, қаламақыға қомақты қаржы бөлінген дейді. Редакциядағы журналистер түгелдей ноутбукпен қамтамасыз етіліп, шығармашылық ұжымның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Сол жылдары басылым таралымы 22 мыңға дейін жетіпті.
Зейнет жасына абыроймен жеткен журналист, қаламгер, редактор, медиа менеджер Ғалым Қасабайдың туған өңірі мен шыққан тегінен де хабардар еткен жөн шығар. Қордайдың Қызылсайының тумасы Ғалымның бабасы Қасабай құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы ақ пен қызыл қырғынында қызылдардан қашып бара жатқан ақтың жендеттері ауыл тұрғындарын жас демей, кәрі демей қырып салады. Сонда Қасабай мерген ақтың солдаттарын бірінен кейін, бірін сұлатып, ауыл адамдарын түгелдей қырылып кетуден аман алып қалған екен. Кейіннен «Жандысай» аталған өзеннен қызыл қан тола аққандықтан «Қызылсай» аталыпты, ауыл да осы атты иеленген. Атасы Сексен Ұлы Отан соғысына барып, денсаулығының жарамсыздығымен қайтып келіп, ауылының экономикасы мен мәдениетін арттыруға атсалысты. Әкесі Иенберген саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз еді. Сексен жастан асып, өмірден өтті. Анасы Сағымбүбі денсаулық сақтау саласының ардагері. Фельдшер-дәрігер осы Қызылсай ауылының және іргелес жатқан елді мекендерде талай нәрестеге «кіндік шеше болған», үш ұл, екі қызды өмірге алып келген ардақты ана.
Ғалымның құдай қосқан қосағы – Жібек ардагер ұстаз. Асқар тау – әкенің ізбасар ұлы – Олжас әке жолын қуып келеді. Жас та болса еткен еңбегі көзге көрініп, елеулі жетістіктерге жеткен азамат. Қыздары теңдерін тапқан, бір-бір үйдің түтінін түзу шығарып отыр.
Ғалекең зейнет жасқа отыз жыл облыстық, республикалық басылымдарға басшылық жасап, абыроймен бейнеттің зейнетін көрер шаққа да жетті. Зейнет жасына толып отырған әріптесіміз Ғалым Қасабайдың ақпарат саласына сіңірген еңбегі өзінің лайықты бағасын алды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатынан бастап, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, еліміздің қаржы, Ақпарат министрліктерінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ақпарат саласының үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері және тағы басқа марапаттар алып, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, туған өңірі Қордай ауданының Құрметті азаматы атанды. 2021 жылы ата-баба алдындағы перзенттік парызы ретінде мерген бабасына арнап «Аманатқа адалдық» атты кітабын шығарды.
Сөз соңында, бар саналы ғұмырын қазақ баспасөзін дамытуға арнаған әріптесіміз Ғалым Иенбергенұлы Қасабайға алдағы кезде де зор творчестовалық шабыт, табыс, мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ, Мойынқұм ауданы