ЖУРНАЛИСТІ НЕГЕ ҚАМАЙДЫ?
Қойшы қойын бағады, егінші егінін егеді, журналист пен жазушы жазуын жазады. Қиялдап, аспаннан алып жазбайды, өмірде көргені мен түйгенін жазады. Ол үшін халықтың тіршілігін зерттейді. «Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба?» демеуші ме еді ертеректе. «Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» дейді ғой сонда әңгіме сұраған адам. Сол айтқандай журналист пен жазушы көргенін жазады. Көру үшін барады.
Мен де шілденің 6-сында митінгі болады деген соң, митінгішілердің түрін көрейін, айтқанын құлағыммен естиін деп алаңға барғанмын. Барсам, митінгі түгіл шайтан да жоқ. Бала-шағасын ерткен халық субұрқақ маңында қыдырыстап жүр. Емін-еркін. Ұрандатқан ешкім көрінбейді. Алайда айнала «полисай». Қаптап жүр. Анадайда үстеріне көк жилет киген журналистер топтанып тұр.
Жарты сағаттай сол маңайды шиырлап, болмаған соң, қой қайтайын деп бұрылып кетіп бара жатқанмын. Сол-ақ екен, артқы жақтан апыр-топыр дыбыс естілгені. Жалт қарасам, жаңа ғана ұзынша орындықта жайбарақат отырған бір жігітті бет-аузын тұмшалаған қара киімді «полисай» жігіттер ес жыйдырмай бара жатыр екен. Сөйткенше болған жоқ, қара киімділердің тағы бір тобы маған қарай лап қойғаны. Келе сала мені де шопақ құрлы көрмей, аяқ-қолымды жерге тигізбей көтеріп алып, 20-30 метрдей жерде тұрған «полисайдың» «Газельіне» жүгіріп барып сүңгітті де жіберді. Әлгі жігіт те сонда пенде боп отыр. (Кейін білдім, ол да журналист екен. Аты-жөні – Төлеген Сейділләұлы.) Сонымен екеумізді құдды бір аса қауіпті қылмыскер ұстағандай, көліктің төбесіндегі шамын жарқылдатып, біреуі аға лейтенант, екіншісі жәй лейтенат, екі қызметкер екі жақтан күзетіп, жердің түбіндегі «Жұлдыз» шағын ауданына апарсын. Сондағы бөлімшесіне. Сірә, ұрандатқан айқайшы шықпаған соң, әйтеуір біреулерді қамау керек болған-ау.
Біздің алдымызда тағы төртеуін апарған екен. Алтау болдық. Алтаумызды алты тергеуші тергей жөнелді. Мені тергеген тергеуші іші-бауырыма кіргісі келіп, оннан-мұннан әңгіме құрап айтқансиды. «Алаңда халық аз, ә» деп мен жаққа шыққансиды. Сөйтіп айтпасымды айтқызғысы келеді. Дәл осы күндері деректі детектив жазып жүргенмін. Небір шулы қылмыстарды ашқан атақты, тәжрибелі, тісқаққан тергеушілермен сұқбаттасып, олардың әдіс-айласына әбден қаныққанмын. Сондықтан да алдымда сұрақ қойып отырған шөже тергеушінің мына қылығына іштей мырс-мырс күліп қоям. Байқаймын, оның да мені тергеуге құлқы жоқ. Бәрін біліп отыр. Ісінің бекер екенін.
Сонымен «билікті төңкеріп тастауға оқталған алты қылмыскер» кешкі сағат 7-лерден, түнгі 12-ге дейін полиция бөлімшесінде саяси әңгіме айтып отыруға мәжбүр болдық. Ол әңгімеге қолы бос, еріккен полисай жігіттер де қосылып кеткені…
Бір қыз тергеуші маған «Үйленгенсіз ба?» дейді. «Әрине, отбасым бар. «Нәрмәлни» еркектер үйленбей құр жүретін бе еді» деймін мен. Бұл сөзім қыз тергеушіге қатты ұнап қалды.
Сонымен қойшы, әңгіменің қысқасы, алтаумызды қалалық полиция департаментінен жарлық келген соң ғана екі қызметтік көлікпен үйді-үйлерімізге жақындатып, жеткізіп салды ғой.
Әңгіме «полисай» жігіттерде емес, әңгіме оларды осылай істеуге мәжбүр қылып отырған жоғары жақта. Ірілі-ұсақты қаншама қылмыс болып жатыр, тақталары толған іздеу салулар, сонымен айналысудың орнына көшеде жай кетіп бара жатқан адамды қоян ұстаған қарақұстай бүріп алып, қамауға апару деген не сұмдық. Қылмыс емес пе? «Шал кет» деп айқайлап жүрсең бір жөн. Плакат көтеріп жүрсең бір жөн. Тым-тырыс, жайына кетіп бара жатқан адамды бас салып, тыпыр еткізбей жердің түбіндегі «Жұлдызға» жаншып, басып әкету деген… Оның үстіне ол журналист болса. Журналисті жұмыс кезінде қамауға оларға кім рұқсат берген? Журналисті жұмысынан шеттетіп, заңсыз қамағандардардан жауап алатын біреу бар ма біздің қоғамда?
Тіпті митингіде талабын айқайлап айтқан мен плакатка жазып әкеп, үнсіз білдірген адамды да қамауға болмайды. Бұл деген барып тұрған жабайылық!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының
бас редакторы.Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен