Жұрт алдында сөйлеуде ескерер 8 қағида

Жұрт алдында сөйлеудің де өзіндік қағидалары болады. Тыңдаушыларды еліктіре білу, олардың назарын аудара алу – бұл өзіңе жүктелген міндеттің басты шарты.

Жұрт алдында жақсы сөйлеудің ең негізгі шарты – дайындық. Алдымен жоспар түзіп алған дұрыс. Жоспарда қамтылуға тиісті мәселелер реттелген тақырып күйінде жазылады. Одан кейін сол жоспар бойынша баяндаманың тезисі жасалады. Онда айтылуға тиісті жайлардың негізгі қағидалары, мазмұны тұжырымдалғаны абзал. Онымен қоса жұрт алдында сөйлеуші мына қағидаларды да ескергені құба-құп.

  1. Жұрттың бәріне белгілі жайларды тәптіштеп айта беру жөнсіз. Нәрсіз, дәмсіз сөйлемеген жақсы. Нәрсіз сөз көбінесе өзі жақсы білмеген жайды баяндаудан анық байқалады. Міне, сондықтан көп қателеседі.
  2. Өзін өзгеден артық санап, дауласып, мақтана сөйлеген адамның айтқаны далаға кетеді. Тыңдаушылар ондайды қабылдамайды, сөзіне күле қарайды. Мен белгенді тыңдаушыларым білмейді, олар білімсіз дегендей пиғыл білдіріп, білгішсініп, мақтана сөйлеу жұртты теріс қаратады.
  3. Сөйлегенде, әрбір сөз анық, дәл, айқын естілетін болсын. Сөйлеушінің даусы құбылмасы әрі жайлы болуы тиіс. Сөз әуенінен байсалдылық, сенім, табандылық, қайрат сезінетін болсын.
  4. Ойды жеткізудің тілден тыс элементтерін, атап айтқанда, ым, ишара, мимика, понтомимика, дауыс күші, дауыс темпі т.б. жақсы меңгеруге қажет.
  5. Жұрт алдында сөйлеуші қағаздан көзін алмай қатып қалмай, тыңдаушылардың жеке тобына, жеке кісілерге көз жіберіп отырған мақұл. Сонда тыңдаушы да соған қарайды, сөзіне назар аударады.
  6. Сөзді әбден жауыр болған сөздерден бастаған болмайды. Ой-пікірді әдеби тілге тән сөздермен, әсерлі де қызықты етіп жеткізуге тырысу қажет. Сөз арасында мақал-мәтелді, нақыл сөздер мен қанатты сөздерді келтіре отырып сөйлеу нәтижелі болмақ.
  7. Айтылатын ой қысқа да нұсқа, тұжырымды болсын. «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» деген мақалды басшылыққа алған мақұл.
  8. Сөйлеу жүйелі болуы тиіс. Жүйелі сөздің арқауы, өзара тығыз байланысты желісі болды. Сөйлем мен сөйлем арасында, ой мен ойдың арасында табиғи байланыс болмаса, тыңдаушы ондай сөзден қанағат ала алмайды.

Өмірбек САНСЫЗБАЙ