Жұртты қан қақсатқан ұрылар дес берер емес

Соңғы жылдары мал ұрлығы бар өңірде өршіп тұр. Жан бағысы, балаларының оқып-тоқуы, тіршілігінің күретамыры — төрт түлік мал болғасын, қарапайым жұрттың да мазасы қашуда. Бір малымды екі етемін деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген олардың мұңына әзірге құлақ асып жатқан құзырлы орган аз. Болса да, қылмыстық іс ауылдан, әрі кетсе ауданнан аспайды. Себебі қылмыстың ашылмағаны үшін жоғары жақ «із кесушілерді» маңдайдан сыйпамасы белгілі. Сондықтан «Жабулы қазан жабулы күйінде» оларға тиімді секілді. Сонымен қатар, мал ұрлығының басында полиция өкілдерінің де «крышавайт» етіп жүретіні жайлы біреулер сыбырлап, баз біреулер дабырлап айтып жатады. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды». Бәлкім рас та шығар! Әйтпесе, Қостанай облысына қарасты Торғай елінде соңғы үш-төрт жылда мал ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталмапты. Ал мал ұрлығы, соның ішінде өрістегі жылқы малының қолды болуы — үдеп барады.

 

Үйір-үйір жылқылардың ұшты-күйлі жоғалатыны, қарапайым халықтың жоқ іздеп сабылып-сабылып қайтатыны туралы да дақпырт көп. «Жоғалған малым табылып қалар деп» полицияға арызданбай, әліптің артын бағып отырған отбасылар қарасы да жетерлік. Кәнігі ұрылар, қарапайым халықтың ақ-адал малын, әсіресе түз жайлаған жылқыларын ен далада, ең семізін таңдап жүріп эросанмен, болмаса жол таңдамайтын ірі көліктермен атып алып кетуі сұмдық оқиға. Жоғарыда айтқанымыздай, бары да, нары да мал болғасын қарапайым ауыл жұрты ашулы. Жәнгелді ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны «Аянбай» шаруа қожалығының басшысы Талғат Қорғанұлы Әмірхамзин былайша ағынан жарылды: «Қазақта «дәніккеннен құныққан жаман» деген сөз бар. Ұрлыққа ұрылардың ең бірінші арсыздығы себеп, екіншіден жазаланбаған соң, ұсталмаған соң олар оны кәсіпке айналдырып алғаны анық. Малымызды қыс түгілі жазда көзден таса етпеуге тырысамыз. Себебі ұры-қары көп. Аудан орталығынан алыста тұрғандықтан арыздана беруге де уақыт тапшы. Арызданған күннің өзінде жоғалған малдың табылуы қиын.
Меніңше, мал ұрлығының ашылмау себептері әрқилы. Кинодан көргенміздің бәрі өмірде қайталанып тұратыны қызық. Мысалы ұрылардың ішкі істер органында «көр тышқандары», яғни xабарлап отыратын сыбайластары болуын ешкім жоққа шығармайды. Оған тосқауыл қою үшін ел болып, бүкіл xалық болып араласып ұрылардың ұсталуына жәрдемші болуымыз керек. Жазасын алмаған ұрылар енді момын жұртты қан қақсатып кетуді әдетке айналдырады. Көңілжықпастық қазақтың соры болып тұр. Менің өтінішім: халықтың арызын жоғары билікке жеткізсеңіздер екен?» — деп сөзін тәмәмдады.
Ұрлық мәселесін терең қаузап жатқанымыз, әлі күнге ұрылардың ұсталмауы жұмбақ күйінде қалуында болып тұр. Біздің полицейлер «мыңмен жалғыз алысатын» комиссар Каттани болуға «құштар» емес. Қара қылды қақ жаратын ерік-жігер жетпей жатқаны содан. Бары да, байлығы да малға барып тірелетін халықтың жанайқайына кім құлақ түреді? Біз үшін осы маңызды!
Жақында BAQ.KZ парталында «Алматы облысы аумағында жүргізілген «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында бір күн ішінде мал ұрлығына қатысты 9 дерек ашылып, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталды. Іс-шара барысында полицейлер өзгенің малына қол салған алты деректің бесеуін ізін суытпай ашты», — деп хабарлады. Демек, өзге өңірлерде де мал ұрлығы белең алған.
Сөзіміз жалаң болмасын, мал ұрлығының кең етек жайғаны соншалық, ҚР Парламентіне де жеткенін атап айтуымыз керек. Сенат отырысында (31 қаңтарда) депутат Нұрлан Қылышбаев ҚР Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың атына депутаттық сауалында былай деді (Қысқартып беріп отырмыз): «Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Депутаттық сауалға бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жарияланымдар және әлеуметтік желілерде бөтен мүлікті ұрлаудың жиілеп кеткен фактілері туралы талқылау себеп болып отыр.
…Келтірілген залал, атап айтқанда мал ұрлығынан түскен зардап жүздеген мың тенгені құрайды.Тіпті қылмыскерді ұстаған жағдайда да, ұрланған малды тауып, қайтарып алу әрдайым мүмкін емес.
Бүгінгі таңда Алматы облысында өте күрделі және үрейлі жағдай қалыптасып отыр. 2018 жылы тіркелген қылмыстар саны бойынша бұл аймақ республика көлемінде екінші орында, ал Алматы қаласы бірінші орында тұр.Сонымен қатар, 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген көрсеткіш 27 678 фактіні құрады, 2017 жылмен салыстырғанда 6,3% артып отыр.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының аумағында 17 350 бөтен мүлікті ұрлау фактісі тіркелді…
…Соның ішінде 1 338 мал ұрлығы, оның 44%-ы ашылды, келтірілген материалдық шығын 157 миллион теңгені құрайды,1 843 бас мал ұрланды. Облыс бойынша 422 адам ұсталып, оның 239-ы бұрын осы ұрлық жасағаны үшін тартылған, бұл 57%. Әрбір үшінші мал ұрлығы жеке аулада жасалған…
…Тиісті органдар күдіктілерге қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шараларын қолдану қажет.Көп жағдайда күдіктілерге қатысты “ешқайда кетпеу туралы қолхат” немесе “кепіл”қолданылады. Осы себептен ұрлық жасауда негізделген күдіктілердің 5 мыңнан астам адам бостандықта қалуда».
Сенат депутаты сөзінің соңын былай түйіндепті: «Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Осыған байланысты, аталған мән-жайларды және қалыптасқан криминогендік жағдайды ескере отырып, Сізден тиісті мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне меншікке қарсы, қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды күшейтуге бағытталған тиісті өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу және бастамашылық жасау жөнінде тапсырма беруді сұраймыз.

 

Нағашыбай Қабылбек