Жусаны аңқыған кең даламды ештеңеге айырбастамаймын — тәжірибелі жылқышы
– Солтүстік Қазақстан облысында қазақы болмысын жоғалтпаған елді мекен санаулы болса, соның бірі – Амандық ауылы. Оның басқалардан ерекшелігі, мұнда өмір қыз-қыз қайнаған, шағын ғана ауыл болғанымен, 11 жылдық мектебі бар. Ал жастары ата кәсіп — жылқы өсіруді қолға алып, ұлттық құндылығымыз – тазы өсіруді, қазақ күресін, өрімшілікті, ұлттық спорт ойындарын дамытып жатыр. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Ілияс Баймағанбетовті ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.
— Ілияс, оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
— Жасым 36-да, Тайынша ауданы Амандық ауылында туып, өстім. «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте білім алдым. Оқу бітірісімен туған ауылыма келіп, жұмыс істеймін деп шештім. Қазір мектепте балаларға тарих пәнінен сабақ беремін. Екінші білімім — заңгер. Отбасым бар, үш қыздың әкесімін.
— Туған ауылыңыз Амандық ауылы туралы айтып берсеңіз. Қанша шаңырақ бар? Жастар бар ма, оларға жағдай жасалған ба?
— Амандық ауылы кезінде көпке танымал болды. Елді мекенде ісі өрге басқан ірі қой шаруашылығы болды. Өмір қайнап жататын. Қазіргі уақытта да ауылымызда жағдай жаман емес. Бос тұрған үй жоқ. 110 отбасы тұратын, салт-жорасын салмақтаған, ақсақалын ардақтаған қазақы ауыл. Төрт шақырым жерде 4 кәсіпорын бар, яғни ауыл тұрғындары толық жұмыспен қамтылған.
Ауыл жанынан республикалық маңызы бар Омбы-Бурабай тасжолы өтеді, ол жөнделіп жатыр, жолымыз жақсы.
Мектепте көп жылдар бойы 2012 жылға дейін интернат жұмыс істеді. Қазір 11 жылдық мектеп. Білім ордасы 2021 жылы толық күрделі жөндеуден өтті. Қаланың мектебі сияқты тамаша жағдай жасалған.
— Балаларды ұлттық өнерге баулып, салт-дәстүрді насихаттап жүр екенсіз. Неден басталды? Қандай үйірмелерді жүргізесіз?
— Ұлттық өнер, салт-дәстүр мені қатты қызықтырады. Өз білгенімді балаларға үйретуді мақсат еттім. Менің арнайы жаттықтырушылық білімім болмағандықтан аудандық білім бөлімінің рұқсатын алуға тура келді. Осылайша қазақ күресінен 2011 жылы үйірме аштым. Содан бері жұмыс істеп келемін. Оны мен 2019 жылға дейін тегін атқардым. Қазір ата-аналар өздері ниет етіп, демеушілік көрсетеді, керек-жарақты алып беріп, жарыстарға шығуға жәрдемдеседі.
photo
Нәтижеміз бар, жаман емес. Облыстық жарыстардан жүлдемен оралып жүрміз. 2019 жылы оқушым облыстық іріктеуден өтіп, СҚО-ның атынан Ақтау қаласында өткен республикалық турнирге барып келді.
Бұдан басқа қазақтың өрімшілік өнерін үйретуді қолға алып, 2 жылдай жүргіздім. Қазір уақыттың жоқтығынан қолым тимей тоқтап тұр. Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық көрмеге оқушыларыммен қатысып, өз бұйымдарымызды көрермен назарына ұсындық.
Оқушыларыма тоғызқұмалақ үйірмесін де аштым.
Қазір балаларға көкпар тартуды үйретіп жүрмін.
— Мал шаруашылығын да дамытып жатыр екенсіз, төрт түліктің ішінен таңдау неге жылқыға түсті?
— Төрт түліктен жылқы ерекше жануар ғой. Білуімше, жылқының еті ғана 17 түрлі дертке қарсы қолданылады екен. Мәселен, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады, адамның есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар оның еті жүрек-қан тамыры ауруларына шипа, бүйрек жұмысын жақсартады, буын сүйектерінің сырқырағанын басады. Жылқы етінің ерекшелігі — жеген адамның денесін қыздыратын қасиетінде.
2013 жылдан бері бие байлаймын. Ия, бие сауудың машақаты көп, уақытты талап етеді, бірақ сүйген ісіне адам қалай болсын уақыт табуға тырысады.
Сүті, қымызы көп ауруларға ем. Қымызға сұраныс қашан да болмақ. Дәмді, балдай тәтті қылып жасалса, тіпті сұраныс өте көп болады.
Жылқы ұстаған соң оған қажетті ат әбзелдерін өзім жасаймын. Жүген, ноқта, шылбыр – бәрін өзім өремін. Әзірге дайын иленген терілермен жұмыс істеймін. Қайысты базардан сатып аламын. Тері илеуге кіріскім келеді, бірақ ол өте үлкен шаруа.
— Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген санаулы жандардың бірісіз. Қазақтың өнеріне, ата-баба кәсібіне деген құрметтің бойыңызға сіңуіне себепші болған кім?
— Ата-баба дәстүріне деген құрмет ана сүті, әке қанымен берілген болар. Өрімшілікке алғаш үйреткен ағам Жанат деген кісі. Қазақ күресіне алғаш рет студенттік кезде ден қойдым. Бапкерім Тілектес Шыңғысұлы бүгінде дүниеден озды.
Мен өмірде жігітке жеті өнер де аз деген принципті ұстанамын. Жігітке қажет жеті қазына болса, менде қыран бүркіттен басқасының бәрі бар.
Аңшылық – хоббиім. Төрт мылтығым бар, оның барлығы заңды, тіркелген.
2010 жылдан бастап тазы өсіруді қолға алдым. Қазір білгенімді басқаларға үйретіп жүрмін, шәкірттерім бар. Бәріміз жиналып, қансонарда аңға шығамыз, тазы жүгіртеміз. Көрмелерге қатысып, қазақтың тазысын насихаттап жүрміз.
— Ауылдың көркеюіне үлес қосып, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді екенсіз. Сіздің бастамаңызбен қандай жұмыстар атқарылды?
— Ауылдың жігіттері ұйымшыл. Қандай бастама болмасын қолдап, соңына жеткізуге бар күштерін салады. Мәселен, жаңадан қорым ашып едік, соның басына жаңа үй салу қажет болды. Ауыл жігіттерімен үйді көтердік. Одан соң 2021 жылы ауыл маңындағы су көздерінің тартылып, құрғап қалуына байланысты, су тоқтайтын арнайы орынды тазарттық экскаватормен. Мұның барлығы өзімізге керек қой, біз істемесек кім келіп істеп береді?!
— Сіздің пікіріңізше, жастар ауылда тұруы үшін не керек?
— Жастар ауылда тұрақтап қалуы үшін олардың дамуына қажетті жағдайлар жасау қажет, кәсіп керек, жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Спорт, мәдениет үйлері ашылса. Жастар ауылдан жұмыс болмаған соң кетеді. Біздің ауыл жанындағы кәсіпорындар әлі толық жұмыс істемей тұрғанда, жастар бірен-саран ғана болатын. Қазір қатарымыз қалың.
Сосын ауыл жастарына кәсібін ашуға, дамытуға көбірек қолдау жасалса.
— Бір емес екі жоғары біліміңіз бар, қалада жұмыссыз қалмасыңыз анық. Қалаға кеткіңіз келмей ме?
— Қалада ия, жұмыс бар, мүмкіндік көп қой, бірақ ауылда да қазір қаладағыдан кем емес жағдайды жасауға болады. Мен өзімді ауылсыз елестете алмаймын. Бұл жерде маған барлық сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік бар. Жусаны аңқыған кең даламды ештеңеге айырбастамаймын.
— Рахмет!
www.inform.kz