«Жұт» не айтпақ болды?
Өткен өмірдің шежіресін, түрлі тарихи оқиғаларды, тарих соқпағын халыққа ұсынудың жолы – көркем әдеби шығарма емес пе! Оны оқып түсіну бір бөлек дүние болса, көркем шығарманың сахналық нұсқасын театрдан тамашалап, көру деген бір ғанибет! Иә, көріп отырып, алатын әсерді, жан-дүниеңді билеп алатын белгісіз бір құдіретті, тебірентіп, толғандыратын, жүрегіңді ауыртып, жылататын, еріксіз күлдіретін тылсым күшті айтып жеткізу мүмкін бе өзі!
Сондай тылсым әсерге Астана шаһарындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған жаңа драмалық қойылымның премьерасында бөлендік. Театр шаңырағындағы қуанышпен ортақтасу үшін газетіміздің атынан арнайы барып, жаңа қойылымды тамашалаған едік. Әсерімізбен бөлісейік. «Каллеки» театрындағы жаңа спектакль «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл қойылымның да пішіні өзгеше болды. Әдеттегі драмалық туындылардан артықшылығы – автордың заманауи көзқараспен, постмодернистік ағымда жазған стилі. Қойылымның аты – «Жұт» деп аталады. Авторы – Мәскеуде тұратын қазақтың баласы Олжас Жанайдаров. Прозаик-драматург Олжас Ерденұлы 1980 жылдың 5 наурызында Алматы қаласында, әскери қызметкерлердің отбасында дүниеге келген. 1987 жылы ата-анасының қызмет бабына байланысты Мәскеуге қоныс аударған. Олжас – Мәскеудегі танымал жас жазушылардың бірегейі. «Двое в кафе», «Берушы» (Қазақшасы – «Бір, екі, үш»), «Танцы плюс», «Душа подушки» сияқты театр репертуарынан түспей жүрген спектакльдардың авторы. Бір әттеген-айы, көпке танылып, орыс халқының ықыласына бөленген қазақ жігітінің әдеби бүркеншек есімі – Констатин Жаров екен. Қазақтың төл тарихы – зұлматты жылдар ақиқаты баяндалатын спектакльдің қоюшы режиссері орыс театр сыншыларының үлкен бағасын иеленген, Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжит Ғафури атындағы Башқұртстан мемлекеттік академиялық театрының режиссері, түбі бір қандас бауырымыз Айрат Абушахманов. Олжастың драмасын қазақ тіліне аударған белгілі журналист Алмас Алтай. Қойылымның ерекшелігі – жаңа пішінде сахналануы «Жұт» қойылымында қазақтың 1930-1932 жылдардағы тарихы суреттеледі. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген Голощекин мен Сталиннің ұранын мықтап ұстанған «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер тарапынан жасалған ашаршылықтығ ақиқатын қарапайым бір ғана отбасының тағдыры арқылы ашуды мақсат еткен. Кедей шаруаның отбасынан шыққан Ахмет пен оның жары, байдың қызы Сәуленің басына түскен қасірет – сол уақыттағы барлық қазақ еліндегі қасірет еді. Иә, Ахмет пен Сәуле – жиынтық образ. Сәуле – қазақтың текті де, ақылды қызының кесек бейнесі. Оның рөлін сомдаған Айнұр Жетпісбаева өзіне жүктелген образдың характерін, бітім-болмысын әп-әдемі ашып, өте жоғары деңгейде бейнелеп шықты. Сәуленің сөйлеген сөзі, іс-әрекеті бәрі тамаша. Ал, Ахметтің рөлін сомдаған Жанат Оспанов «Ер» адамның құнын түсіріп алғандай әсер қалдырды. Жасқаншақ, әлсіз, дәрменсіз. Жылауы мен сықтауы көп. Бәлкім, Жанат образдың характерін дұрыс аша алмады. Қойылым барысында екі баласынан, әйелінен тірідей айырылған Ахмет Ақмола уезінен оңтүстікке қарай көшіп, аман қалады. Ұлы Отан соғысына қатысып, екінші рет отбасылы болғанын жаңа өмірдің хроникасы арқылы білдік. Қойылымның ұтымды жері – уақыт пен кеңістікті (хронотоп) қатар қойып, шебер үйлестіру. Декорация мен сахнаның безендірілуі де хронтоптық көріністі тамаша жеткізеді. Әйгілі «Титаник» кинофильміндегі басты кейіпкер – Роуз Дьюит-Букейтердің қартайған шағындағы Роуз Калверт бейнесіндегі кемпірдің өткен оқиғаны әңгімелеуін білесіз ғой, дәл сол пішіндегідей Ахметтің немересі Ербол Қазақстаннан Мәскеуге барып, Лена есімді журналистке сұхбат береді. Лена – мәскеуде тұратын қазақ қызы. Екеуара әңгімені келесі декорациядағы образдар жүйесі жеткізеді. Сахна осылай қайта-қайта ауысып, оқиғаны ширақтата түседі. Спекталь – екі бағытта жүріп отырады. Бірі – өткен ғасыр, екіншісі – қазіргі уақыт. Біріншісінде – шерлі жылдардағы қасірет, екіншісінде – бүгінгі ішкі жан-дүниесі орыстанып, өзінің кім екенін ұмытқан қазақтың, қазақ тілінің мәселесі күнделікті қарапайым элементтер арқылы беріледі. Құдды бір кино көріп отырғандай боласыз. «Жұт» қандай спектакль? «Жұт» – тек тарихи трагедиялық драма емес, онда комедияның да нышандары бар. Бұл спектакль – жас қаламгердің сәтті шыққан тарихи қолтаңбасы. «Жұт» – нақақтан-нақақ қаза тапқан қазақтардың әруағына қойылған белгі! «Жұт» не айтпақ болды? Сахна тілі арқылы – нәубет жылдарындағы қазақтардың қилы тағдыры сөз болды. Спектакль өзінің атына заты сай туынды болды десек қателеспейтін болармыз. Талғат Теменов, ҚР Халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі: — Қазақ халқының тарихында ақтаңдақ кезең көп болған. Соның ішінде ХХ ғасырдың басында ел-жұртымыздың басынан кешкен нәубет жылдары, ол – ашаршылық уақыты. 1913 жылғы санақ бойынша қазақ халқының саны 6 миллионға жеткен. Ал, 1932-37 жылдардағы ашаршылықтан кейін ресми ақпарат бойынша 2,5 млн адам қырылып қалған. Бірақ, бұл – өтірік! Олардың саны 3,5 миллионнан асады. Міне, сондай қиын кезді бастан өткерген елдің тағдыры сахналанған «Жұт» драмасын көрерменге ұсынып отырмыз. Осындай тақырыпқа біздің Мәскеуде тұрып жатқан қандасымыз Олжас Жанайдаров деген жас драматург қалам тартыпты. Орыс қоғамын, жастар тақырыбын қозғап жүрген жас таланттың өз Отанына бас иіп, ата-бабасының өмірін сахнаға әкелуі құптарлық дүние. Алайда, пьесада тарихи қателіктер, шындықтан ауысып кеткен сәттер кездеседі. Соның ішінде менің қосылмайтын драманың бір тұсы – канибализм. Басқа халыққа қарағанда қазақтар адам етін жемеген. Әрине, бұл – Мәскеуде өскен жігіттің психологиясы. Ол жағынан кешіріммен қарау керек. Ал, осыны сахнада қойған – түбі бір түркінің баласы, башқұрт ұлтынан шыққан бауырымыз Айрат Абушахманов. Жер бетінде бір жарым миллион башқұрт болса, кезінде Мұстай Кәрім мен Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің достығы, әдебиеттегі әріптестігі біз үшін өнеге. Сондықтан, ата-бабамыз бастан кешкен қиын-қыстау кезеңді сахналау үшін Айратты Уфадан алдырдық. Дегенмен, біз мұнымен ғана шектелмейміз. Мәскеудің өзінен майталман режиссерларды шақырту ойда бар. Бұл да, кешегі Ресейде 120 театр қатысқан «Золотой Витязь» фестивалінің Гран-Приін иеленуіміз бізде өнердің өркендеп келе жатқанын көрсетеді. «Көш жүре түзелер» дегендей қойылымдағы аздаған қателіктер өнер үшін кешіріммен қарауға болатын тұстары дегім келеді. Бастысы, кинотеатрда попкорн жеп отыратын бүгінгі қазақ жастарына ата-бабасының бастан кешкен нәубет күндерін, ақтаңдақ күндерін көрсетуге тырыстық. Шындық – қашан да ащы әрі қиын. Сондықтан, біз, сол қиын күндерді өнер арқылы дәріптедік. |
Алмас Алтай, аудармашы:
-Өздеріңіз көрген драманың 30-жылдардағы сахнасы 2014 жылы Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы театрда қойылды. Алғаш болып ҚР еңбек сіңірген әртісі, режиссер Гүлсина Мерғалиева апайымыз осы пьесаны аударсаң деп қолқа салды. Одан кейін «Каллеки» театрының белгілі актері Нұркен Өтеулов туындының екінші бөлімін де аударуға ұсыныс жасады. Осы премьера – менің алғашқы толыққанды жұмысым. Оның үстіне академиялық театр сахнасына қойылатындықтан жауапкершілік те жоғары болды. Нәтижесі Талғат Теменов ағамыздың да, режиссер Айрат бауырымыздың да көңілінен шықты. Аударма жағынан ешқандай сын айтылмады. Өзім репетицияларға қатыспастан премьераға келдім. Актерлық құрам да, ойын да, декорация да, әсіресе, музыка жағы қатты ұнады. Қос құрамнан іріктеп актерларды осы қойылыммен фестивальдерге қатыстыруға әбден болады деп есепетеймін. Ал, Айрат Абушахмановқа келсек, онымен жұмыс істеу өте оңай болды. Себебі, ол қазақтың тілін түсінеді, әдет-ғұрпымен таныс. Өзі де, әкесі де режиссер екен. Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері, тамаша суреткер. Уфа мен Мәскеу театрларында түрлі қойылымдарды сахналаған азамат.
PS: Театрлардың репертуарларына осындай заманауи тұрғыда жазылған тарихи қойылымдарды жиі қою керек. Тым болмаса батыстың тәрбиесін алып жатқан жас ұрпақтың санасына әсер етіп, өткен күннің қасіретін сезіндірер еді.
Елдос Тоқтарбай,
Ермұрат Назарұлы