ЖҮЙЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТПЕЙ, БӘРІ БЕКЕР…

Коронавирустың лаңы адамдардың өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп бара жатқандай. «Адамның жақсысы кетіп жаманы қалады, көлдің суы кетіп табаны қалады» деп бол- жапты деуші еді Мөңке би. Сол заман келді ме әлде, Жаратқанның сынағы ма бұл, кім білсін? Қазақтың небір нарқасқа пер- зенттері мына дүниені тәрік етіп кетіп жатыр.

 

Пандемиядағы қазақ белсенділігі

Соңғы бір ай көлемінде  әлеуметтік желі бетінде қайғылы хабарлардың көптігі сондай, күніне сан адамның өлімін естіп, сан адамға көңіл айтудан «шаршадық». Сондай торыққан көңілден небір ащы сөздер мен өткір сындар, ізгі ниетті ұсыныстар көбейіп кетті. Тіпті саясатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қарапайым азаматтар да билікке деген талаптарын ашық айтуға көшті. Президент атына қаншалаған Ашық хаттар мен үндеулер қарша борап жатыр. Солардан нәтиже жоқ. Жоғары жақтағылардың құлақтары таскерең болып бітіп қалған ба дерсің?

 

 

Әрине, апат тек қана қазаққа келген жоқ. Әлемге қарап отырмыз. Көп елдер ес жия бастады. Еуропа біртіндеп қалыпты өмірге қайта оралуға бет бұрды.  Тіпті өзіміз күле қарайтын Түркіменстанда бірде бір адамнан коронавирус табылмаған екен. Жан-жаққа қарайсың да ойланасың. Біз неден қате жібердік? Халық билікті сынап, билік қайта айналып келіп «карантин талаптарына    саналылықпен  бойсұнбаған «тобыр» халықтың өзін кінәлап дегендей ырғасып келеміз. Көзіміздің жеткені-  біздің елде, тап қазіргідей  ерекше жағдайда билікті сынай бергеннен ештеңе өзгермейтін   секілді…   Себебі   айтқан  сын мен ұсыныстардан ешқандай қадір- қасиет қалмады. Таяуда өткен Үкімет отырысында ел Президенті  Қасым- Жомарт Тоқаев өкіметтің қызметін ашық сынады.   Тіпті   Үкіметтің   өзінің тағдыры «қыл үстінде» тұрғандай әсер алғанымыз рас. Сөйте  отырып  «әлемге  әйгілі»  болған 42500 теңгемен тағы да бір мәрте жарылқайтындығын айтты. Кешелі-бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі   тарапынан   «Бір миллионнан астам    қазақстандықтың    шотына    азық-түлік  және  тұрмыстық  жиынтықтар  үшін 2 АЕК (5556 теңге) мөлшерінде ақша аударылады» деген «жаңалық» тарала бастады. Алайда Үкіметтің көмегіне барлық адамның қолы жете бермейтіндігіне де көзіміз жетті. Аттың жалы, түйенің қомында    жасаған    сайттарына    бір күнде 15 млн қазақстандықтың «кіріп- шыққандығын» естігенде күллі әлем бізге қарап «таңдай қаққандығын» қайтерсіз? Сол 15 млн өтініштен «мұратына жеткен» қазақстандықтардың саны 3 млн-ның айналасында ғана болған екен. Барына қанағат ететін қазақ жаратқанға шүкірлік айтты да қойды… Енді не істесін? Бұл жолғы қайтадан тағайындалып жатқан жәрдемақының да бұрынғының аяғын құшатынына сенімдімін. Не нәрсеге  де есеп керек екені белгілі. Өкініштісі, осы қаражатты халық қай жағына жеткізеді? Әрине, пандемия болатындығын ешкім болжаған жоқ. Сондықтан Үкіметтің де, халықтың да дайындықсыз болағанына түсіністікпен қарауға тура келетін шығар.

 

Аружанның  жанайқайы

Елімізге танымал «балалар қорғаушысы» Аружан Сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы онлайн брифингте  42500  теңгенің  мөлшерін қайта қарау жөнінде өз пікірін білдірді. Жәрдемақыны отбасындағы балалар санына қарап төлеуді ұсынған Аружан көрші Ресейдің балаларға көрсететін жәрдемақыларының халыққа өте тиімді екенін мысалға келтірді. Бұл көңілге қонымды ұсыныс. Өкініштісі Аружанның пікірін  қолдаған  бір  де  бір  депутат, қоғам қайраткерлері немесе аузы дуалы ақсақалдардың лебізін ести алмадық. Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан    көрсетіліп    жатқан   көмектің біртіндеп  жақсарып   келе   жатқандығы рас (бұрынғы кездермен салыстырмалы түрде айтқанда). Ал мынадай пандемия жағдайында күнкөріс мәселесі қиындап бара жатқан халық пен демография мәселесін де естен  шығармаған  жөн шығар дейміз. Себебі қанша адамнан айрылып жатырмыз. Осы Аружан ханымның сөзін ешкімнің қолдамағаны халық қалаулыларының «селт» етпегені, қоғам қайраткерлерінің, ардагерлердің «бүлк» етпегені көңілге қаяу салды. Жиған-тергеніміз кім үшін, болашағымыз балаларымыз үшін емес пе? Олардан не аяймыз, ағайын-ау?!.

Кешеден бері таралып жатқан кейбір хабарлар көңілді тіпті құлазытып тұр. Себебі зейнетақы қорындағы қаражаттың 10 пайызын игеру туралы ойлар ашық айтылып, тіптен тиісті орындарға ол ұсыныс жолданып та кеткен екен. Бұл ненің нышаны? Өтеқауіптікүдіккеледіойымызға. Мемлекет  қазынасындағы  қаражаттың түбі көріне бастаған жоқ па деген ой маза бермей тұр. Кезінде әлдекімдер айтып уәде еткен Ұлттық қордағы 90 млрд долларды Үкімет «ұмытып» кеткендей… Қаражат төңірегінде түсініксіз жәйттер көбейіп барады. Оған жұрт та күдіктене бастады. Бұған бір-біріне мүлде сәйкес келмейтін мына бірнеше мәлімет негіз болатын сияқты.

 

 

Әуелде коронавируспен күреске қазынадан 13 млрд доллар бөлінгендігі ашық айтылды. Жан саны бізден әлдеқайда көп, індетке душар болғандардың саны да еселеп өскен кейбір қуатты елдердің өзі мұншалық  қаржы  бөлмеген.  Сонан   бір ай өтпей жатып бөлінген қаражаттардың қалай игеріліп жатқандығы төңірегінде күңкіл сөздер молая бастағанда барып, жоғары жақтан сол мол қаржының тек 125 млрд теңгесі ғана коронавируспен күреске жұмсалғандығын білдік. Көп өтпей қаржы министрлігі «190 млрд бөлінді» деген мәліметті таратып жатты. Ал жақында ғана тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың соңғы мәліметтеріне сенсек, 114 млрд теңгені игеріп жатыр екен. Цой мырза кезектегі жағдайға байланысты Үкіметтен тағы да ПТР тесттерін жүргізуге 50 млрд-қа жуық теңге «қолқалап отырғандығын» айтты. Тура осы сандық мәліметтер қазіргі таңдағы «күйіп тұрған» мәселеге айналып бара жатыр. Себебі індетпен күрес басталған кездегі індетпен жұғымдалған медицина қызметкерлеріне бөлінуге тиісті 2 млн теңгені  2000-ға  жуық коронавируспен жұғымдалған ақ халатты жандардан ешкім алмағандығы айтылып қалды. Жұғымдалғанды қойып, қаншама білікті дәрігерлер осы аурудан өздері қайтыс болып кетті. Жоғарыдан күдерін үзе бастаған халық өздері іске белсене кірісті. Шағын ауылдарға дейін ұйымдасып қор жинап, қажетті дүниелер сатып алып, емханаларға  жеткізуге кіріскен азаматтарды көріп, елдігіміздің жоғалмағанына риза болады екенсің.

 

Халықтың наласы мен қарғысынан қорық!

Басты қатырған сұрақтардың жауабын беріп, жұртты сендіре алатын Үкімет көрінбейді. Мүмкін Президенттің кесімді уақытын қалай өткіземін деген уайым басым түсті ме, кім білсін? «Өткелде ат айырбастама» деген сөз көп айтылып жүр. Мүмкін мұнымен келісуге де болатын шығар. Себебі қазіргі таңда бірнеше министрді,    әкімдерді     ауыстырғанмен не шығады? Бүкіл жүйе өзгермеген соң барлығы бекер… Індеттің  беті  жаман.  Енді екіге жіктеліп қалған халық  пен  билік арасын жалғайтын жалғыз нәрсе – Үкіметтің құрғақ сөзді қойып, бөлінген қаржыны тиісті орындарына жұмсап, шынайы істерге көшуі болмақ. Небір зұлматтарды  бастан  кешкен   қазақтың  бұл қиындықты да еңсеретіні анық. Дегенмен сол жеңісті күндерге жеткенше титықтап  қалмасақ  жарар  еді  деген   ой да маза бермей тұр. Жаратушы Алла халқымызға сабыр берсін! «Өз қолыңды өзің кесе алмайтының» секілді, қиын- қыстау күндерде кінәласуды қояйықшы. Биліктегілер де халықтың үніне, талабы мен зарына бір ауық құлақ түрсе дейміз. Себебі халықтың наласы мен қарғысы кімді де болсын оңдырмасы белгілі. Халықпен санаспаған биліктің болашағы бұлыңғыр болмақ.

 

 

Ортақ күрес жолында әрбір қазақстандықтың арқалайтын борышы бар. Соның ішінде ауыр салмақ қалам ұстаған қауымға  айырықша  түсіп   тұр.   Екінің бірі «айтқыш, жазғыш» болып  кеткен  мына заманда жұртты сабырға, берекеге шақыратын дүниелердің көп болғанын қалар едік. Кейбір «жазғыштардың» кесірінен жұрт  дәрігерлерге  сенуден қалып бара жатыр. Ал ауырып жазылған азаматтардың ақ халатты абзал жандарға деген ықыласы ескерусіз қалып бара жатқан жәйі бар. Тағы да айтарым, сабырлы болайық ағайын! Ибн Синадан жеткен даналық сөздердің бірінде:

 

 

«Ауру, науқас және дәрігер үшеуміз. Сен менімен бірлессең ауруды жеңеміз. Ал сен ауруға бой алдыра беріп, дәрігерді шетке қалдырсаң, онда дәрігер жеңіледі де, ауру сені жеңеді» дейтін хақылия еске түседі. Бұл сөзді кім айтса да ауруды жеңуге деген сенімнің соншалық маңызды екендігін әйгілеп тұрған жоқ па? Ендеше осыны қаперге алайықшы! Сөйтіп басымызға төніп тұрған мынау аты жаман пәлекеттен құтылып, мамыражай тірлігімізге қайтып оралуды Аллам нәсіп етсін! Әмин!

 

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері