Жүктілік кездегі жыныстық қатынасқа түсуге БОЛАТЫН және БОЛМАЙТЫН жағдайлар

Жыныстық қатынас кезінде бөлінетін гормондар құрсақтағы баланың денсаулығына өте жақсы әсер етеді деседі дәрігерлер. суреттер: ашық дереккөзден Жүктілік кезде туындайтын ең көп сұрақтың бірі осы. Әсіресе, жас отаудың жеке қарым-қатынасында қорқыныш пен абыржу тудыратын осынау бір жағдай сыртқа ашып айтпаса да жауабын білгісі келетін сауал. Бұл туралы медицина тұрғысында не делінген? Дұрыс, сұрақтың тууы да заңдылық. Себебі, некесін қидырған екі жастың бірінші күтері – сәби болса, сол нәрестенің өмірге аман-сау келуі де алаңдатады. Құрсақта жатқан нәрестені 9 ай бойы күткен жас ана мен әкенің арасындағы қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары да сақталуы тиіс. Бірақ, бұл жыныстық қатынасқа түсу зиян деген сөз емес. Сондай-ақ, жүктілік кездегі жыныстық қатынастың зияндығын медицина мамандары да жоққа шығармайды. Бірақ қандай жағдайда? Мамандардың пікірінше, жүктілік кезеңнің жыныстық қатынасқа қолайлы кезі – екінші кезең. Яғни, жүктіліктің бірінші кезеңі – алғашқы үш айы болса, екінші кезеңі – төртінші, бесінші және алтыншы айлары. Бұл кезде жатырға біткен бала қалыптасып, жынысы да анықталып үлгереді. Сонымен қатар, оның біртінда бірнеше қорғаныс қабаты қалыптасады. Бірақ, есте сақтау керек – егер әйелдің жатыры тонуста болса, ұрықжолдас (плацента) қабаттануы мүмкін. Қандай жағдайда БОЛМАЙДЫ? Жастарды толғандыратын да бірінші кезекте тұрған осы мәселе – қандай жағдайда жыныстық қатынасқа түсуге болмайды? Егер: дәрігер құрсақтағы нәрестенің серігі төмен орналасқандығын анықтаса және оны жүкті анаға ескертсе; жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату қаупі бар болса; қынаптан мол бөлінді немесе қан белгісі көрінсе; жатыр айналасы суы бөлінсе; жұптардың бірінде жұқпалы ауру анықталған болса, жыныстық қатынаспен айналысуға болмайды. Одан бөлек, жыныстық жақындасудың зияндығы құрсақта бір емес бірнеше бала болғанда да байқалуы мүмкін. Сондай-ақ, жүктілік кездегі жыныстық қатынас – тек сенімді серікпен ғана болуы тиіс. Бұл қауіпті жұқпалы ауруларды әйелге де, құрсақтағы балаға да жұқтырып алудан сақтайды. Қандай жағдайда БОЛАДЫ? Егер әйел өзін жақсы сезінсе және жоғарыда айтылған жағдайлар болмаса, жыныстық қатынастың жүктілікке зияндығы жоқ. Тек қана құрсақ үстіне салмақ түспейтін және әйелдің тәніне артық күш түсірмейтін ыңғайды таңдаған дұрыс. Әрине, күннен күнге өсіп, домаланып келе жатқан құрсақ қатынасқа түсетін ыңғайлы әрекеттер санын шектейді. Дегенмен, жұптар оны келісіммен жасаған дұрыс. Дәрігерлер сонымен қатар, жүктілік кезде қосымша құралдар пайдалануға да тыйым салады. Қосымша құралдар жүкті әйелдің онсыз да сезімтал болатын жыныс мүшесін жарақаттауы мүмкін. Жақпа май секілді қынапты ылғалдандыратын құралдарды мүмкіндігінше пайдаланбауға кеңес береді. Пайдалы жағы көп Әйелдің жыныстық қатынасқа деген қалауы да тап осы екінші кезеңде арта түседі. Ағзасының ерекшеліктеріне байланысты ұзақ уақыт бойы жыныстық қатынасқа түспеу, яғни, тән ләззатын сезінбеу – әйелдің бойында негатив энергияның жинақталуына және сол арқылы жүйкесіне салмақ түсу мүмкіндігі жоғары. Яғни, жүкті әйелдің жүйкесі қашанда қалпында болуы үшін жүктілік кезде жыныстық ләззат алудан бас тартпаған дұрыс. Әрине, оған қарсы көрсетілімді жағдайлар болмаса. Сол сияқты, жыныстық қатынас кезінде бөлінетін гормондар құрсақтағы баланың денсаулығына өте жақсы әсер етеді деседі дәрігерлер. Мамандардың тағы бір дәлелі – жүкті кезде әйел ағзасына еркектен бөлінетін ферменттер мен гормондар аса қажет көрінеді. Аталған заттар әйелдің босануы кезінде жатырдың созылмалы болуына және қажетті деңгейде ашылуына септігін тигізеді. Жыныстық қатынаспен айналысу кезінде жатыр бұлшықеттері шынығады. Демек, соның арқасында босану да жеңіл әрі қиындықсыз өтеді. Дәрігерлер сондықтан да жүктіліктің соңғы айында да жыныстық қатынаспен айналысуға кеңес береді. Әсіресе, босану мерзімі өтіп бара жатқан әйелдерге қиындық болмаған жағдайда толғақ шақыру, яғни, жатыр мойнының ашылуына сеп болу үшін күйеуімен қатынасқа түсуге рұқсат ететін жағдайлар кездеседі. Зияны болатын жағдайлар Жүктіліктің екінші кезеңі болса да жыныстық қатынасқа түсуге болмайтын жағдайдың бірі – жатырдың тонуста болуы. Бұл жағдайда дәрігерлер қатаң тыйым салады. Сонымен қатар, жүктіліктің басы немесе соңында әйелдің гормоналды жүйесінде өзгерістер орын алып, оның жыныстық қатынасқа деген құмарлығы артып немесе мүлде жоғалып кетуі мүмкін. Әсіресе, жеріктік кезеңінде әйелдің жыныстық қатынасты ойлауға да шамасы келмейді. Жүктілік кезінде әйелдің ағзасы қорғансыз болады. Яғни, үнемі сақтанып жүрмесе, кез келген жұқпалы ауруды қабылдап алу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, жыныстық жолмен жұғатын аурулардан сақтануға тиіс. Егер әйелде жүктіліктің алдында түсік тастау немесе қандай да бір жағдайға байланысты жүктілікті уақытынан ерте тоқтату екі немесе одан да көп орын алған болса, онда жыныстық қатынасқа дәрігерлер көбіне тыйым салады. Жүктілік кезде болатын жыныстық қарым-қатынас кезінде қандай да бір күдік тудыратын бөлінділер немесе қан белгісі, ауырсыну сияқты жағдайлар байқалса, тез арада тоқтатып, бұл туралы міндетті түрде дәрігерге айту қажеттігін қашанда есте ұстаған жөн.

 

Дайындаған: А.Ерман,

ERNUR.KZ