Жүрегі жұмсақ жан еді…

Есентукейге демалысқа кеткен басшымыз Сәуле Мешітбайқызынан хабарлама келді. Әдеттегідей газет жұмысы туралы тапсырмалар болар деген ниетпен жайбырақат көз жүгірте бастаған едім. Оқығанда барып көзім жетті. Суық хабар. «Бағдал ағаларың қайтыс болыпты…» деп жазулы тұр. Көңілім босап кетті. «Ажалдың айтып келмейтінін білсек те», өте тосын болып сезілді бұл қаза. Осы жақында ғана телефон соғып хабарласайыншы деп ойлағаным есіме түсті. Жасыратыны жоқ. Сол баяғы салақтықпен уақытты өткізіп жіберіппін. Әйтпегенде айдауда жүрген тұтқын емеспіз ғой. Біз неге көңілі жақын адамдармен хабарласып тұрмаймыз осы? Уақыт алға жылжыған сайын адамдармен қарым-қатынасымыз салқындап барама қалай, деген сұрақтар мазалауын тоқтатпай-ақ қойғаны…

Бағдал Ақынұлы ағамыз өте жәйдары, биязы мінезді адам еді. «Қазақстан-ZAMAN» (қазіргі QAZAQSTAN ZAMANY) газетінің Теміртаудағы тілшісі болып еңбек етті. Нақты қай кезде танысқаным есімде қалмапты. Осыдан 5-6 жыл бұрын кездескен шығармыз. Астанадағы бөлімшеге келіп еді. «Жақсының жаттығы жоқ» дегендей аз ғана таныстықтан кейін шүйіркелесіп кетіп едік. Ағамыздың Монғолиядан келгендігін сол жолы білдім. Сонан бері жиі хабарласып тұрдық. Ол кісінің Теміртаудың тыныс-тіршілігін сөз еткені, онан қалса қоғамдық, ұлттық деңгейдегі кейбір мәселелерді жан-жақтылы талдай отырып жазған мақалаларын қызыға оқушы едік. Кейде телефонда осылар туралы пікірлесіп те кететінбіз.

Астанаға келген сайын бізге соқпай кетпейтін. Жанынан фото аппаратын тастамай жүретін ағамыздың, өзіне жаққан көрністерді түсіріп ала қоятын әдеті бар еді.

Бағдал аға Астанадағы әріптестерімен…

Журналистер күні, Бағдал ағаны марапаттау сәті 2015 жыл

Ағамыз әлеуметтік желіде де белсенді еді. Өзінің фейсбугтегі парақшасында жазған-сызғандарын бөлісіп, тамаша суреттерді жариялап отыратын. Ұқыптылығы сондай коментарий жазған әрбір адамға лайықты жауап қайтарып отырушы еді. Бірде Бағдал аға, бірнеше ай бойы хабарсыз кетті. Сонан аяқ-астынан фейсбугтегі парақшасында Монғолиядағы, қандастарымыздың тұрмысынан түсірілген фотоларды бұрқыратып жариялай бастады. Өзіме бала кезден таныс мал қоралары.

Тұмса тәбиғат. Бәрінен де көгендеулі тұрған қойларды сауып жатқан қыз-келіншектерді көргенде, 30 жылдан бері көз жазып қалған ескі көрністер ойыма орала кетті. Дереу телефон соқтым. Қысқа амандықтан соң суреттердің жайына көштік. Ағамыз тамыздың соңына дейін өзінің туған жерін армансыз аралап қайтқан екен.

Ел туралы, жер туралы ұзақ әңгімелестік. «Мүмкіндік болса Сәуле апкеміз бар барлықтарыңды Монғолияға ертіп барып, туған жерімді көрсетіп қайтсам деймін. Менің туған өлкем Монғолияның Қобда жеген аймағы. Алтайдың ақбас шыңдары мен асау өзендерін, ол жерде мамыражай тірлік кешіп жатқан ақкөңіл ағайынды көрсеңдер ғой шіркін! Мен қайда жүрсемде туған жерімді сағынып жүремін. Кіндік қаным тамған киелі мекенге жеткенше асығамын. Әр жілі мүмкіндік болса, арт жақтағы елге барып қайтамын. Онда бірге туған аға-бауырларым бар. Қаланың у-шуынан аулақтап, миды сергітіп, жақсылап тұрып демлалып қаламын» деді ағамыз. Онан кейін де кездескен кезде өткен күндерінен еске алатыны туған жерінің тәбиғаты екендігін сан мәрте естіген шығармын.

Енді бірде ағамыз телефон шалды. Газет жұмысына қатысты ойларын айтып болғасын, ары қарай Алтай туралы әңгімені бастадық та кеттік. «Аға, сіздің жинап сақтап жүрген фотоларыңыздан бір албом шығарсақ қайтеді?»- деп қалдым. «Менің де ойымда бар» деді Бағдал аға, шешіле түсіп. «Қазірге дейін неше мың фотоны сақтап отырмын. Ондағы сұлу тәбиғатты, қазақтардың тұрмысы туралы түсірілген фотоларды көрсең қызықпай қалмайсың…» -деп келді де ағам, бөгеліңкіреп қалды. Сапалы албом дайындау үшін де біраз қаражаттың керектігін аңғартты. «Сол суреттеріңізді көрсем ғой» дедім мен жұтына түсіп. Сөйтіп жүргенде ағамыз жазуды да сирете бастады. Бір рет хабарласқанымызда «елге барып келсем деп жүрмін, қантпен ауырып қалдым» деді. Көңілін жұбаттың та қойдық. Сонан арада қанша ай өткенін білмеймін. Бағдал аға, фейсбугкке балдақпен отырған фотосын жариялады. Қарадым да жүрегім зу ете түсті. Дереу Сәуле Мешітбайқызы апайымызға хабарластым. «Осындай да осындай, Бағдал ағаның бір аяғы тізеден жоқ, сіз бірдеңе білметін шығарсызба деген едім…». Сәуле апайда әлеуметтік желідегі фотоны көріп, көңілсіз отыр екен. Ақыры телефон соқтық. Сол баяғы қоңыр дауыс. Ешқандай күйзелген, қамыққанын сездірмейді. «Дәрігерлер солай шешті. Қаныт диябеті дегеніңіз де осындай бәле екен  ғой.Кеспесек болмайды деді. Амал жоқ кестірдім тізеден…» деп жағдайын айттық.

Бағдал ағаның уйінде, әріптестерінің көңіл сұрап барған сәті 2017 жыл

Әріптестері Бағдал ағаның дастарханында 2017 жыл

Бұл хабарды естігенсоң барлығымыз байыздап тұра алмадық. Сәуле апай ақылдаса келе, Нағашыбай Қабылбек пен жаңадан келіп жатқан жас журналист Ермұрат Назарұлын алып барлығымыз Теміртауға, көңілін сұрап баратын болып уағдаластық. Қырсыққанда ертең жүреміз деп отырғанда менің бір шұғыл шаруам шығып қалды да қалғандары барып қайтты. Ағамыз қатты қуаныпты. Кеңінен көсіліп әңгімелесіп, бір жадырап қайтып келіпті. Осыдан кейін де Бағдал аға, жазуын тоқтатқан жоқ. Бұрынғыдай жиі-жиі жазбаса да мақалаларын жариялап тұрған болатын. Арада өткен талай-талай әңгімелерді, жоспарларды бұл жерде айтып тауыса алматын шығармын. Онан бері де екі жылдан асып кетті. Өткен жазда ғана Астанада тұратын қызы арқылы өзінің «Өтті бір дәурен осылай» атты кітабын беріп жіберіпті. Жазған мақалалары мен естеліктері, арнаулары топтастырылған екен. Халықтық тілді молынан қолдана отырып, жүрекке жылы тиетін жырлар жазушы еді жарықтық!

Астанадағы бөлімшеде жұмыс істейтін бесеуімізге арнаған силығын тапсырып алғаннан кейін арнаулы телефон соғып алғысымызды айттық. Бұдан бұрын шығарған кітаптары туралы білсек те, біздің қолға тимеген еді. Сөйтсек «Өтті бір дәурен осылай» кітабы ағамыздың бізге жолдаған соңғы сәлемі екен ғой…

Бағдал аға, әкесінің зиратында…

Кеңсірігім ашып, көзіме жас келді. Қай кезде де хабарлассаң болды, «қал қалай бауырым, келіннің дансаулығы жақсы ма» деп бастайтын қоңыр үнді, қормал аға енді арамызда жоқ. Туған жеріне деген сағынышын, еліне деген махаббатын, ініге деген ізеті мен үлкенге болған құрметін, қысқасы өз бойындағы биік адами қасиеттері мен асқақ дарынынан артына өшпес сәуле ақлдырды да екінші өміріне аттанып кетті.

Бағдал ағаның , отбасына, бала шағасына, туыстарына басшымыз, Cәуле Мешітбайқызының.ұжымымыздың атынан,қайғырып көңіл айтамыз,қайғысына ортақпыз. Иманды болсын, жаны жанната болсын,арты қырсықсыз болып жасамаған жасын,көрмеген қызығын ұрпақтарына берсін

Қош болыңыз аяулы Бағдал аға! Алдыңыз бейіш, артыңыз кеніш болсын! Айтар сөз де, сағыншпен еске алатын шақтарымыз да көп.

Ерқазы Сейтқали