«Жүрекпен рухани жаңғырмасаң, ол бос жаңғырыққа айналады»

Қайрат Досаев, Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі:

«Жүрекпен рухани жаңғырмасаң, ол бос жаңғырыққа айналады»

— Қайрат Әскербекұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аз емес. Әсіресе, Мемлекет басшысы Үндеуінде ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тереңінен ой қозғады. Сіздің ойыңызша бүгінгі жаһандану заманында ұлттық санасы қалай серпілтуге болады?

— Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы халыққа дер кезінде жолданған Үндеу болғаны анық. Рас, қазіргі таңда тұтас қоғам жағашылдыққа ұмтылып жатыр. Алайда бұқара ұлттық тәрбиенің уызына қанған бабалардың өсиеті мен қасиетін, түп тамырын ұмытпағаны абзал. Елбасы: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», -деді. Яғни, Мемлекет басшысы біз жүрегімізбен рухани жаңғырмасақ, ол бос жаңығырыққа айналатынын анық атап көрсетті. Осы орайда, біз ұлттық кодымызды жадымыздан шығармай, заманауи техника тілін еркін меңгерген, әлемдік тілдерге жетік, діттегеніне дипломатиялық жолмен жетуге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге баса аназар аударуымыз қажет. Және рухани сананы серпілту үшін барша қазақы дәстүр, ғұрып, аңыз бен әфсәнәлерді заман талабына сай электронды нұсқаға көшіріп, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Сонда ғана өткенімізді ұмытпай, болашаққа нық қадам жасай аламыз.

Сондай-ақ, кім екенің біліп, қайдан шыққаның танып, тарихынның тұнығынан шөл қандырып, тамырыңның тереңдігін сезіну ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізгі жолы. Қазақтың қабырғалы тұлғаларының мұрасынан ажырамай, рухани азық алу әрбір азаматқа қажетті дүние.

Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында талай дүмпулер болғанын баршамыз білеміз. Жалпақ тілмен айтқанда революциялық жолмен азаттыққа ұмтылып, ұрпақ қамы деп құрбан болған боздақтар аз емес. Десе де, қазір заман басқа. Қару ұстап күрескеннен гөрі, идеологиялық бағытты ұстану ұтымдырақ болды. Сондықтан сананың сергектігі, жанартау идеялар, баянды бастамалар эволюциялық дамуға жетелейді деп сенемін. Осыларды жүйелі ойластырып, іске асырсақ ұлттық санамыз серпілетіні айқын.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Туған жер» жобасы бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Бұл бастамаға шулықтар

қаншалықты үн қосып жатыр? Атымтай жомарт жандардың жандандырып жатқан қандай жобалары бар?

— Қазір Шу ауданының «Ескі-Шу» ауылдық округіне қарасты Белбасар елдімекенінде жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жауапты «Шебер-билд» серіктестігінің басшысы, Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев бұл жобаны толықтай өз қаржысымен іске асыруда. Қос қабатты спорт кешенінің сыйымдылығы 400 адамға шақталған. Спорт кешені келер жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Атамыш жоба жастардың бос уақытын тиімді өткізуге теңдессіз тарту болып тұрса, одан бөлек 50 адамды жұмыс орнымен қамтып, әлеуметтің әлеуетін де арттыруда. Қолы ашық, жомарт жүректі кәсіпкер Болат Оспанұлы бұған дейін өз ауылына бір мешіт салып беріп, шағын футбол алаңшасын соғуға да демеушілік еткен болатын.

Бұдан бөлек, Балуан Шолақ ауылының тұрғыны Нұрхан Матышев есімді азамат та биыл жаңа мешіттің құрылысын қолға алып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған мешіт жыл соңында жамағаттың жақсылығына беріледі.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген осы. «Туған жер» жобасына үн қосып, әр ауылдан шығып жатқан осындай атымтай жомарт азаматтар аз емес. Алайда олардың дені өз есімдерін жария еткізгісі келмейді. Бұл да бір имандылықтың үлгісі деп білемін.

— «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Туған өлкенің қасиетті орындарын таныту мен насихаттау бағытында шулықтар қандай бастамаларды қолға алуда?

— Облыс әкімі бекіткен «Жамбыл облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аудандағы білім беру мекемелерінде жастардың таным-түйсігін кеңейту үшін өлкетану сабақтары өткізіліп, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарға экскурсиялар ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы киелі орындармен танысу мақсатында 22 мектептен 420 оқушы іріктелініп алынып, тарихи ескерткіштерді аралап қайтты. Сондай-ақ, жазғы демалыста Шу ауданындағы Баласағұн (Ақтөбе) қалашығына 1860 оқушыға экскурсия ұйымдастырылса, Төле би орта мектебінің 10 оқушысы Түркістан қаласында болып, тарихи, мәдени, рухани азық алды.

Бұдан бөлек, әр ауданның тарихымен танысу мақсатында «Ауданнан- ауданға» жобасы жанданып, 60 баламыз Меркі ауданындағы « Өлкетану» мұражайы мен «Меркі» шипажайына саяхат жасады.

Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылы аудандағы 5 мектептен «Виртуальды мектеп мұражайы» ашылды. Бұл мұражайға келушілер білім ордасының тыныс-тіршілігі, тарихына және жеткен жетістіктеріне қанығуда. Сондай-ақ, кез келген азамат витуальды мұражайдағы экспонаттар мен қызықтырған мәліметтерді үйден шықпай-ақ, интернет арқылы тамашалап, өзіне керектісін ала алады.

— Осы орайда, «Цифрлық Қазақстан» жобасының елдімекендерде жүзеге асу барысына тоқталып кетсеңіз. Және латын әліпбиіне көшу ауданда қаншалықты насихатталуда? Оның ішінде ІТ сыныптар ашудан шулықтар шет қалмай жатқан болар?

— Латын графикасына көшу — ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды оқиға болып отыр. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін жіті түсінеміз. Осыған байланысты, ауданда «Латын алфавиті және енгізу методологиясы: проблемасы және шешу жолдары» тақырыбында үлкен конференция өтті. Басқосуда тіл мамандары латын графикасына негізделген қазақ әліпби жобаларына тілтанымдық талдау жасап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, латын әліпбиіне қатысты түрлі бейнежазбалар көрсетіліп, жиылғандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Конференцияда озық ойлары мен ұтымты ұсыныстарымен көзге түскен ұстаздарды облыстық ғылыми-тәжірибелік жиынға жолдап, олар латын графикасына қатысты танымдарын кеңейтіп қайтты. Осы негізде, қазір мектеп мұғалімдері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру аясында оқушыларға латын әліпбиін жан-жақты түсіндіріп, жазылуы мен оқылуын үйретуде.

Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына келер болсақ, қазір аудан мектептерінің 80 пайызы ішкі сымсыз Wi-Fi желісіне қосылып отыр. Сондай-ақ, оқу орындары 100 пайыз электронды күнделік жүйесіне көшті. Бұдан бөлек, елдімекендердегі 4 мектепте «Робототехника» кабинеттері жұмысына кірісті.

Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, жаз айларында 40 орта және негізгі білім беру мекемелерінде халықтың цифрлық біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, онда 9846 адам дәріс алды.

ІТ сыныптар ашу бастамасынан да шулықтар шет қалып жатқан жоқ. Үстіміздегі жылдың тамыз айында «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобасының аясында Жібек жолы мектеп-лицейінің базасында ІТ сыныбының

лентасы қиылды. Бұл заманауи құрылғылармен жабдықталған сыныпқа 5 миллион 695 мың 700 теңге жұмсалды. Мұндай ауқымды жобаларды алдағы уақытта да жандандыратын боламыз.

— Қайрат Әскербекұлы, мәдениет халықтың мәйегі, рухани азығы. Ауданның мәдениет саласындағы аяқ алысы қалай?

— Жалпы мәдениет саласын дамытуға биыл 348 миллион 206 мың тенге қаралып, өткен жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 9 пайызға артты.

Осы қаржы есебінен Шоқпар ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Конституция күніне орай ашылған мәдени нысаны шоқпарлықтарға тамаша тарту болды деп есептеймін. Оның жалпы құрылысына 202 миллион 260 мың теңге жұмсалды. Бұл – үш мыңнан аса тұрғыны бар ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Өйткені осы уақытқа дейін шалғайдағы елдімекенде мәдениет ошағы мүлде болмаған еді. Екі қабатты ғимаратта мұражай, кітапхана, би, қолөнер үйірмелері және 100 орындық көрермен залы қазір халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Ал Шу аудандық өлкетану музейіне ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 32 миллион 915 мың теңге бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұйыртса, жаһарған мұражай жыл соңына дейін елге есігін айқара ашады деген жоспар бар.

Өнерпаздарымыздың жетістіктеріне келер болсақ, биыл «Әсем әуен» фольклорлық тобы Түркия мемлекетінде болып, 50 мың көрерменнің алдында өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Бұл шығармашылықты шындау үшін берілген зор мүмкіндік деп ойлаймын. Жерлестеріміз еліміз артқан үміт пен зор жауапкершілікті ақтап, сенім үдесінен шықты.

Жалпы мәдениет саласында жоспарлы жұмысымыз аз емес. Оның бәрін кезең-кезеңімен келістіріп, барлық мәселені шешетін боламыз.

— Бүгінде облыс әкімі мен аудан әкімдігі арасында бекітілген индикаторлық талаптарға сай, жастар жұмыссыздығына баса көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Айтыңызшы, бұл бағытта жұмыстарыңыз қаншалықты жүйесін тауып жатыр?

— Жалпы кешенді жоспар бойынша биыл 3423 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде жұмыссыз ретінде тіркелген 2196 өтініш берушінің 1624-і жұмыс орнына жолданды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайыздық межені көрсетті. Жұмыссыздық деңгейін тағы төмендету мақсатында 132 азаматты «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсынан өткізіп, олар сертификаттарын алды. Енді олар өз кәсіптерін дөңгелетіп, жаңа жұмыс орындарын ашады деп сенемін.

Одан бөлек, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Төле би ауылындағы «Жастар аллеясы» мен Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы жөндеу жұмыстарына 69 жас 2 айлық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, «Серпін-2050» бағдарламасының шеңберінде аудандық бюджеттен 2 миллион теңге бөлініп, солтүстік өңірлерге 26 жасымыз жолданды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасына келсек, өткен жылы 63 маман ауылға келсе, биыл 30 маманға көтерме жәрдемақы мен 41 маманға тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие берілді. Жалпы 2009 жылдан бері 426 маман Шу өңіріне қоныс теуіп, өз нәсібесін табуда.

— Дін тақырыбы қай дәуірде де өз өзектілігін жойған емес. Бүгінгі таңда да дін мен діл ең күрделі мәселенің бірі болып тұр. Айтыңызшы, ауданда діни ахуалды оңтайландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

— 2016-2018 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы облыстық іс-шаралар кешенінің желілік кестесіне сәйкес, өткен жылы 284 іс-шара жоспарланып, 9500 адам қамтылды. Ал биылға 284 шара белігенсе, оның бүгінгі күнге 179-ы өткізілді. Сондай-ақ, теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алуға бағытталған 20 ақпараттық-түсіндіру тобы Шу қаласы мен ауылдық округтерде жұмыстар жүргізуде. Бір сөзбен айтқанда, қазір өлкедегі 29 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары жіті бақылауымызда тұр.

Бұдан бөлек, өткен жылы «Аудандағы діни ахуалдың оңтайлы дамуына бағытталған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, 650 000 теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырыс жарияланған болатын. Лот жеңімпазы ретінде «Навроз» қоғамдық бірлестігі танылып, олар жастарды жат ағымнан аулақ болуға бағытталған түрлі шаралар өткізді. Сондай-ақ, халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында тұрғындармен 16 кездесу ұйымдастырып, оған 1280 адам тартылды.

Ал биыл «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру» тақырыбына 1,3 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырыс белгіленіп, есіпті кезеңде 650 мың теңгенің насихат жұмыстары жүргізілді.

Осылайша дін мәселесіне шулықтар жіті көңіл бөліп, жан-жақты шараларды қолға алуда.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов