ЖҮРЕКТЕН КІРІП БОЙДЫ АЛАР…

«Екі шектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!»,-деп Қыдыр Мырза Әлі ақын жырлағандай, қазақ үшін домбыраның орны ерекше. Жүрегі қазақ деп соғатын кез келген жанды қасиетті домбырамыздың үні бей-жай қалдырмасы анық.

Домбыра асқақтата ән салып, күмбірлете күй төккен халқымыздың асылынан артық қастерлеген, жалғызындай аялап, қақ төріне ілген ең қымбат, ең сүйікті аспабы.
Халқымыздың мұңы мен зары, қуанышы мен күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы, іздеген мұраты осы киелі қара домбыраның қос ішегінен күй болып төгіледі.

Қазақ Елі шілденің алғашқы жексенбісінде осы мерекені атап өтіп жүр.

Ең басты байлық – денсаулық дейміз, сөзсіз, ал осымен бірге маңызды тағы бір байлық – ол рухани байлық. Толық адам ол – жаны мен тәні сау адам.

Жан саулығымызды байытатын, нығайтатын ол біздің рухани байлығымыз.
Жаны мен рухының сау адам болу ол ұлттың тілі мен діліне, салт-дәстүріне, рухани қазынасына байланысты.

Домбыра мен қазақ бір-бірімен астасып кеткен киелі ұғымдар. Домбыра жай аспап ғана емес. Домбыра қазақтың рухы, жаны, болмысы, тегі, мінезі.

Домбыра – қазақтың беделі.
Киелі домбыраның қос ішегінен төгілген күмбірлеген күй адамның тәнін де, жанын да сауықтырады. Сен басқа ұлт емес, қазақ екеніңді еске түсіреді.

Естеріңізде ме, қазақ ертегісінің негізінде түсірілген «Тоғызыншы ұлдан сақтан, дұшпан» фильмінде малшы Ержанның кенже ұлы еркенженің қайсарлығы мен күмбірлеген қара домбыраның сырлы сазы сиқыршының зұлым дуасын жеңуіне, әкесі мен ағаларын тас бұғаудан босатауына мүмкіндік береді.

Осы фильмде Еркенженің тартқан домбырасының үнімен ағаларының тасқа айналған жүректеріне қазақ күйі шымырлай еніп, көздерінде от, жүректерінде рух, намыс оянады.

Кейде мен осы санасы орыстанып, араптанып, тілі мен ділінен, болмысынан ажырап бара жатқандардың барлығын таңнан кешке дейін домбыра тартылып жатқан жерге жиып қойса, «тас боп қатып» қалған жүректері оянар ма еді?!,-деп ойлаймын.

Қадірлі Қазақ елі мерекеміз құтты болсын!
Жасай бер, ұлтымның рухын оятатын қазағымның қара домбырасы!