Жүректің көзі қалай ашылмақ?

Абдуллаһ бин Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Алланы зікір етуден басқа сөзді көбейтіп, көп сөйлемеңіздер. Өйткені, Алланың зікірінен басқа көп сөз жүректі қатайтады. Ақиқатында, Алладан ең ұзақ болғандар – жүрегі қатты болғандар», – дейді (Тирмизи, «Зүһд», 62).

Машайықтардан біреу былай деген екен: «Мағрифаттың (Алланы танудың) нұры – жүректе. Мағрифаттың сәуле шашуы да жүректің көзіне байланысты. Алланы зікір еткеннің жүрегі жұмсарады. Мағрифаттың нұры артады. Жүректің көзі сәуле шашады. Сөзі дүниелік болған адамның жүрегі қараяды».

Демек, жүрек – бір ағаш секілді. Аллаһ Тағаланың зікірі – су секілді. Суғарылған ағаш бүршік атып, жеміс береді. Суғарылмаған ағаш қурап, өледі. Ондай ағаш кесіліп, отын болады. Жүректер де Алланың зікірімен суғарылмаса, қурайды. Мұндай көңіл отқа отын болуға ғана жарайды. Ондай жүрек иесі де дүниеден озған соң Жәһәннамға кіруге лайық болады. Аллаһ Тағала Мұхаммед (с.а.у) үмбетін ондай азаптан сақтасын!

Абай Құнанбайұлы да:

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, – дейді. Демек, жүректің көзі Алланың зікірімен ашылмақ екен. Ал, Алланың зікірімен ашылған жүректен тек хикмет қана төгілмек.