«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» мақал-мәтел сайысы
Аталған сайыс қатысушыларды жан-жақты білімді болуға, ой-өрісін кеңейтіп, қабілеттерін дамытуды көздейді. Шапшаңдыққа баули отырып, озық ойлы болуға тәрбиелейді.
8-15 жас аралығын қамтыған сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар арнайы дипломдармен марапатталып, сый-сияпат тарту етілді. Атап айтсақ, Әдемі Мұратбек және Жанель Шаймахан І орынды иеленсе, Айым Қалтай мен Дария Леске ІІ орын бұйырды. Аружан Манапова, Ақмаржан Қасен және Інжу Өмірзақованың қанжығалары ІІІ орынмен майланды. Қалған қатысушыларға түгелдей алғыс хаттар табысталды.
Сайысқа төрелік етіп, әділ бағасын берген қазылар алқасы «Анаға тағзым» орталығының директоры Э.Мырза-Ғали, ф.ғ.к.,доцент С.Исматова және әдіскер Ж.Айтжанова болды.
Мақал-мәтелдер бір ғасырдың ғана жемісі емес. Мақал-мәтел-халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешетін асыл мұра.
Мақалдар мен мәтелдер жастарға терең ой салумен қатар, оларды көркем және образды сөйлеуге жаттықтырып, сөз байлығын, сөздік қорын байыта түседі. Бүгінгі сайысқа қатысқандар осыны жете түсінді.
Қымбат Қаржауқызы,
«Анаға тағзым» орталығының «Інжу-маржан» әдеби үйірмесінің жетекшісі