Жүзге кірмейтін қазақ рулары

САЙДАҚҚОЖА ЖҮСІПҰЛЫ:

І БӨЛІМ

ҚОЖА

Қожа тайпасы үш жүзге кірмейтін тайпалар ішіндегі ірі топтардың бірі. Бұл тайпа әртүрлі құрама рулардан құралған.Қожа деген араб тілінен аударғанда «ағартушы» деген мағынаны білдіреді. Ал парсылар билеуші әмірлерді қожа деп атаған. Сондай-ақ оқыған оқымыстыларды жергілікті халық қожа деп құрметтеген. Ол оқымысты-ағартушылардың арасында жергілікті тайпалардан шыққандар да болған. Міне соларға мән беріп тоқтағалы отырмыз.

1. Саид тобы (Сейіт қожа руы)

Саидтар – қожалар ішіндегі аға буын болып саналады. Бұл топ алғашқы қожа тайпасын құраушылар. Саид тобын құраушылар арабтың Саид руынан және басқа да арабтық дін уағыздаушылардан құралған. Саид руынан (Арабиядағы) Мұқаммед пайғамбарымыздың үзеңгілес серіктері Омар шыққан. Саид руынан шыққан Шайхы Бұзырық атты адамның ұрпағы белгілі ислам дінін уағыздаушы қазірет Аиуб Әминнің ұлы Гимарад Әзиз VIII ғасырдың орта кезінде араб әскерлеімен бірге Түркстан жеріне келеді. Бірақ та дін уағыздаушыларды жергілікті тайпалар тосырқай қарсы алады.Түрктерді ислам дініне кіргізбек болған олардың әрекеттен ештеңе шықпаған соң, күштеп енгізбек те болады. Бірақ одан да кеп нәтиже шыға қоймайды. Сонан соң мешіт, медреселер ашып ислам дінін уағыздай бастайды. Жергілікті адамдарды арабша оқытып, ислам дінін қабылдаушыларды көбейтуге көңіл аударады. Осы әрекет іске асып, жергілікті тайпалардың көпшілігі ислам дініне кіреді. Сол бір дін уағыздаушы Гимарад Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ Баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар. Ал ЬІсқақ Баб өте білімдар кісі. Оның кезінде қазіргі Баба Ата қаласы үлкен Ғылым ордасына айналады. Ысқақ Баб жергілікті тайпалардың беделді көсемі ретінде танылады. Оның кезінде Баба Ата өңірінде ғылым мен дін (ислам) қатар өрбіді. Ысқақтың мешіт сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр. Оның ұрпақтары Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи де тарихқа белгілі адамдар. Сайд тобына қазіргі қожа рулары Сейіт қожа, Аққожа, Диуана Қожа, Қылышты қожа, Қырықсадақтар кіреді.

Ескерту:Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
Сайдтар тобына тек қана Сейіттер кіреді. Сейіттер деп Хазреті Алидің әйелі Фатимайи Зохрадан туылған Хасан мен Хусайынның әулетін ғана айтады. Орталық Азия (Түркістан) өлкесінде Имам Хусайынның ғана әулеті бар. Бұлар Сайд Ата және Қылышты қожалар болып үлкен-үлкен екі топқа бөлінеді. Ары қарай өз іштерінде бірнеше атаға бөлініп қыз алысып кетеді.
Ақ қожа дегенді есіткен емеспіз. Бар болса біз көрмеген бір топ бар шығар.Ал Диуана қожа хазреті Алидің Мұхаммад Ханафия атты баласынан тарайды.Қырық садақ қожалар халифа Хазреті Омар ибн Хаттабдан тарайды. Шайхы Бұзырық деген адамды есіткен емеспіз. Аиуб Әминнің ұлы Гимарад Әзиз дегенді тарихтан іздеп таппадым.Баба Туклас пен Исхақ баб Гимарад Әзиздің ұрпағы бола алмайды.Себебі Баба Туклас қадырғали Жалайридің айтуынша Абу Бакр Сыддықтың ұрпағы.Исхақ баб Мұхаммад Ханафияның ұрпағы.

2. Қорасан тобы (Шайбанидтер)

Қорасан тобы Мұхаммед пайғамбар әулеті саналады. Пайғамбарымыздың Арабтың тайпасынан шыққаны барша қауымға белгілі. Пайғамбарымыздың немере ағасы Әбутәліп те сол құрайыш тайпасында беделді адам болған. Әбутәліптің ұлы Әлі Аббасты қазақтар Әзірет Әлі дейді. Мұхаммед пайғамбарымыздың үлкен қызы Фатимаға (Қазақ ұғымында Бибі Фатима ана) үйленген. (Арабтарда ағайынды адамдар қыз беріп, қыз ала береді). Сол Фатимадан үш ұл бір қыз туады. Ұлдары Әбу бәкір, Омар және Шәмші Ахмед, қызы Зүбайда. Қосымша: Әзірет Әлінің Мараканалық (Самарқан) яхуди қызы Дарихадан бұл балаларынан басқа Мәдіден атты ұлы да болған. Мәдіденнен ұрпақ жоқ. Үлкен ұлы Әбубәкірден әлемге әйгілі Әмірші Харон әр-Рашид тарайды. Омар Әбубәкірден соң азғана уақыт Халиф болған. Омардан Нұғыман әмірші (Ирақтың алғашқы әмірі) туған. Ал, Шәмші Ахмед бүкіл Парсыстан жерінің әміршісі болған адам. Сол Шәмші Ахмедтен Әзиі Шайбан (Шайбаншах) атты екі ұл туылады. Әзиз Әрін Парсы жеріндегі ислам дінін уағыздаушы муфти болады. Әзиз Шайбан әке жолын жалғастырып, Парсыстан (Иран) жерінің әміршісі болған. Бетіндегі қалың меңіне орай парсылар мен курдтар оны Қорасан Шайбани деп атап кетеді. Қорасан Шайбани ақылды даңқты қолбасшылығымен аты шыққан. VIII ғасырдың бас кезінде өзінің аталас туысы Харон әр-Рашидтің немересі Мансұр Халифпен түс шайысып қалады. Содан соң көп ұзамай-ақ ол Парсыстан жерін Араб Халифатынан бөліп алмақ болып көп әрекеттенеді. Ақырында жергілікті тайпалардың қолдауымен VIII ғасырдың орта кезінде жеңіске жетеді. Сонымен әлемге әйгілі болған Қорасан Шайбан (еуропалықтар Саманидтер деп жүр) қағанаты дүниеге келеді. Осы жаңа қағанаттың алғашқы шахы Қорасан Шайбани Парсыстан (Иран) жерінен Шайбан атты жаңа астана салдырады. (Шайбан қазіргі Ирандағы Қорасан қаласы). Шайбани шах қағанатын ұлғайту мақсатымен бертін келе, Сырдария түрктерінің (соғды, оғыз) жерлерін жаулап алады. Сейхун (Келес), Фараб (Отырар), Шавғар (қазіргі Түркстан маңында болған), Өзгент қалаларын салдырады. Ол қалаларда ислам дінімен қатар мәдениет, ғылым қоса өркендейді. Қорасан Шайбани Кап (Кавказ) жерінен кезекті жорықтан келе жатып, Сыр бойында өзі салдырған Өзгент қаласында дүние салады. Персияға жеткізе алмайтын болған соң оны сонда жерлейді. Қорасан Шейбанидің мешіт сағанасы әлі күнге дейін көне Өзгентте сақтаулы тұр. Ол салдырған қалалардың көпшілігі Моңғол жорығы кезінде жермен-жексен етіліп қиратылды. Кейбіреулері қайта салынып еркендеді. Шай-банй ұрпақтары Түркстан (Орта Азия) жерін Моңғол жорығына дейін, одан соң Бұқара, Қорасан, Көк Орда, Қиуа, Қоқан әмірліктерін биледі. Шайбани ұрпақтары Құрбан (Ханбал) Жақыптан тараған немере-шөберелері Абдолла Ахмет ибн Ханбол аш-Шайбани, Махмуд ибн Камалиден әш-Шайбани әл-Ғазнауи, Бұхара-Абдолла хан, Әбілхайырхан, Сүйіншік қожа, Махмуд Шайбани, Қожа Хафиз Шайбани тек Түркстан халықтарына ғана емес бүкіл Дешті Қыпшаққа кеңінен танымал болған адамдар. Қазір Русия патшалығының зерттеушілері Шайбанидтерді саманидтер деп бұрмалап жазып жүр. Саманид деген атау бұл өңірде болған емес. Осыған ұқсас Сасанид патшалығы болған. Бірақ ол патшалық парсы жерінде ІV – VІ ғасырларда өмір сүрді ғой. Сондықтан да бүкіл шығысқа белгілі Шайбанидтер ғана бар. Қорасан қожа (шайбанидтер) бүкіл Түркстан тайпалары құрамында кездеседі. Сондай-ақ парсы, ауған, үнділер құрамында да. Қазанда 1839 жылы баспадан шыққан (қайта) 1518 жылы Сүйіншік қожа жазған «Шайбани наме» трактатында көптеген қателіктер жіберілген. Оның бұрынғы нұсқасында Шайбани мен шайбакилерді бөлек-бөлек атап жазса, соңғы нұсқасында екеуін бір адам деп көрсеткен. Ол түгілі Шайбани ұрпағы Әбілхайыр ханды Шайбақтың (Сайбақ) ұлы етіп көрсетіпті. Шындығында Әбілқайыр Шыңғыс әулетіне жиен. Атап айтқанда Өзбек ханныц үлкен қызы Үриябанудан туған. Үриябану Қорасан, әміршісі Гилауыз (Қылауыз) Шайбанидің әйелі болған. Әбілқайырдың 2 жасында шешесі қайтыс болып, ол нағашысы Өзбек ханның қолында тәрбиеленеді. Барақ хан өлген соң (Өзбектен соң) азғана уақыт Шайбақ хан болады. 1428 жылы Әбілқайыр өз жақтастарымеи Шайбақ ордасына басып кіріп оны өлтіреді. Көп ұзамай Әбілқайыр өзін Көк Орда ханы жариялайды. Ол бұған дейін жай сұлтан болған. Көк Орда хандығының басына Шайбани ұрпағы келген соң, екі ұлыстың арасында бақталастық басталады. Шайбани ұрпағынан билікті қайта ала алмастарын білген Шыңғыс ұрпақтары бәсекелестікті күшейтеді. Бақталастарын Әбілқайыр өз ордасынан қуа бастайды. Бірақ ханның ұрпақтары (қос ұлы) Гирей (Керей) мен Жәнібек 1432 жылы қарамағына бір қауым елді ертіп кетіп қазіргі ұлы жүз жері Жетісуда жаңа хандық құрады. Ол хандық кейінне Қазақ хандығы болып атала бастады. Жаңа хандыққ түрк-қыпшақ тайпаларының біраз белігі шоғырланды. «Шайбани нәме» трактатының кейінгі басылымын орусит зерттеушілерінің нұсқауымен баспагерлердің бұрмалауы да ықтимал. Шайбанидтер туралы көптеге мұралар қалды. Абдолла ибн Ханбол әш-Шайбаниді 790—810 жылдары жазған «Қорасан нәмә» «Шайба нәмә», Сүйіншік қожа 1518 жылы жазған «Шайбан нәмә» трактаттары Шайбани кезеңін қамтиды. Қорасан тобына қазірге қожа рулары Құрбан, Жақып, Қылауыз кіреді. Қорасан тобы Тәуке хан кезінде жаңа топтасқан қожа тайпасының құрамына кірді (XVII ғасырда) Шайбанидтер көрші қарақалпақ, өзбек қандастарымыздың арасында да бар. Оларда осы Қорасан тобын руларына қоса Шайбани, Әзиз Мақмұд, Қылышты рулары бар.

Ескерту: Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
Хазреті Алидің Фатимадан үш ұл бір қыз, Әбу Бәкір, Омар және Шәмші Ахмед, қызы Зүбайда-дегендер болған емес. Бибі Фатимайи Зохрадан тек Хасан мен Хусейн екенін барлық әлем, мұсылман, ажам, араб, персі, түркі және барлық Европа біледі.Сол себепті бұл мақаланы қарамаса да болады деймін.

3. Бақсайыс — немесе төре тобы

Бақсайыс руы — қожа тайпасына кірген Шыңғыс ұрпақтарынан құралған. Кейбір қазақ тайпалары оларды төре деп те атайды. Төре тобының қалайша Бақсайыс аталуы жәнінде әр қилы деректер бар. Оларды Бақсайыс аталуы жөнінде белгілі қазақ ақыны Бүқар жырау: «Төрелердің бақсайыс аталуы олардың Шайбани ұрпақтарымен бақталастығынан туған. Олардың Қожа тайпасьша енуі XVII ғасырда Тәуке хан кезінде қалыптасты. Шыңғыс ұрпақтары мен Шайбани ұрпақтары билікке таласып бақталастығын қоймаған соң екі ұлысты татуластыру мақсатымен жаңадан Қожа тайпасын құрды. Тәукенің бұл шешімі өте дүрыс болды.Екі ұлыстың көпшілік бөлігі жаңа құрылған Қожа тайпасының құрамына кірді. Кейін келе бұл тайпаның кұрамына жергілікті тайпалар арасында қожа аталып жүрген топтар кіріп толыға түсті»,— дейді: Жаңа тайпаның құрамына Жошының Орыс ханнан тарайтын ұрпақтары мен Мөңке ұрпағы ғана енген жоқ. Олар өз алдына төре аталатын ұлыс кұрды. Аталған екі атаудың мәні бірдейді. Төренің негізгі мағынасы көне түрк сөзінде сондай, парсыша кожа деген мағынаны білдіруші еді. Ал Шыңғыс үрпақтарының Орта Азия жеріне қалай келгендігі жайлы бүрынғы өткен тарихшылардан білеміз. Шыңғыс хан қазақ жеріне келместен бұрын Сібірден Қырымға, сонау Дұнайға дейін созылған Дешті Қыпшақ жерлерінде тек қана түрк тайпалары тұратын. Оларды Қазақ Ұлысы деп атайтын. Алғашында Дәшті Қыпшақ аталған бұл қағанат X ғасырдың басьшда Қазақ аталады да, моңғол жорығынан соң қайтадан Дәшті Қыпшаққа айналды. Ал Батуханның кезінде Алтын Орда болып езгерді. Қағанат атауы өзгергенмен халқы қазақ ұлыстары еді. Кейін келе-келе қазақ ұлысына кірген тайпалар жеке-жеке ұлыстарға бөлініп кетті. Оған себеп 14 ғасырдың басында Ақсақ Темірдің Алтын Орда астанасы Сарайшықты басып алып, Тоқтамыс ханды өлтіруі. Тоқтамыстың өлуі ұлан байтақ Алтын Орда қағанатының ыдырауына әкеп соқтырды. Дәшті Қыпшақ қағанаты халқының көпшілігі қазақ аталуы толық мүмкін. Мысалы сонау қиырдағы Осмаң және Албан түрктері біздің ата тегіміз қазақтан шыққан дейді. Сондай-ақ қазақ тайпаларының көпшілігі қазіргі түрк ұлыстарының құрамында бар. Алтын Орда, бертін келе қазақ хандығын билеген Шыңғыс ұрпақтарының көпшілігі қазақ халқының өсіп-өркендеуіне себеп болды. Шыңғыс ұрпағы Қенесары сол қазақ елінің соңғы ханы еді. Ол орыстарға қарсы күресті. Кенесары қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямады. Оны қазақ әлі күнге дейін құрмет тұтады. Кенесары нағыз ержүрек батыр еді. Ол 1847 жылы қырғыз жерінде ерлікпен қаза тапты. Жоғарыдағы айтылғандай қожа тайпасына кірмеген Шыңғыс ұрпақтары Төре руы деген атпен Орта жүздің Арқа жерінде тұрып жатыр. Арқа жеріндегі төрелер онша көп емес, небәрі 4000 мың түтіндей ақ. Олардан да белгілі адамдар шықты. Қожа, төрелер жөнінде тарихта мағлұмат баршылық.

Ескерту: Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
«1746-Наймандар Әбілмәмбет ханның 13 жасар Әбілпейізін ал 1784-жылдардың көлемінде Алтайдағы Абақ Керейдің ішіне Әбілпейіз уаңның Көгедай, Сәмен, Жабағы дейтін үш ұлын шешесі Тұмар мен, төлеңгіт, молда, қожаларымен қоса алып келген».
(Зайсан түрікпен қожалар шежіресі. Қ. Сегізбай).
Осы күні Қарағанды қаласында Сайпол ұлы Карлхан деген аға бар. Мұрат Әуезовқа хабарласып өзінің Бақшайыш қожа екенін мәлімдепті. Соңынан хабрласып көптеген шежерелік мәліметтер алдық. Бұл әулет өздерін Түрікпен қожалар деп атап келген. Жоғарыда айтқан Аллаберді шайыхтың ұлы Аблахай шайхтың бір ұлының аты Абиби қожа. Міне осы Абиби қожадан (Арқада Әбдіқожа деп атайды) Бердіқожа мен Сарғалтақ қожа туылады. Сарғалтақ қожаның елінде келіндер атамыздың аты кетеді деп өздерін Шикіл деп таныстырады. Сарғалтаққожаның елге кең жайылған аты Сарықожа. Осы күні өздерін Сарықожаның әулетіміз деп атайтын қожалар Алтай өңірінде баршылық. Жоғары айтып кеткен Қадырбек Зайсан маңын айтып отыр. Онан әрі Қытай Алтайы жеріндегі қожалардың шежересін де өздерін; «1780-жылынан бастап Абақ Керейлер Әбілпейіз ханның үш ұлы Көгедай, Самен, Жабағы төрелерді әкеледі. Қожа ұрпағынан Сарықожа деген кісініде бірге әкелген екен кәзіргі Алтай көлемінде, (негізінен Жеменей ауданында) қоныстанған қожалар осы кісінің ұрпақтары» деп келіп «мысалы Арғын, Тобықты рулары ислам дінінің өкілі ретінде қожа алдырған. Онан тараған біз білетін соңғы ұрпақтары Әуезқожа, Разаққожа, Омархан, Мұхтар, Мұрат қатарлы атақты адамдар болып ел көзіне түсіп, құрметтеліп жүр. Алтай қожалары өздерін Сарықожа деп келіп Асқар мен Запранқожадан таратады. Сары қожадан Асқар, Запран; Асқардан- Рабжан, Сарыпбек, Турапбек, Битулақ.
Запраннан-Самұрат, Алқадыр, Сақадыр, Сахасан, Мансухан, Смағул, Қасым, Түсіп, Елімқожа деп ажыратады.(Қожалар тұралы деректер. Іле халық баспасы 1999-жыл. 2001-жылы қайта басылған. Төте жазу.) Қәзір Монголияда тұратын Төлеухан деген жігіт менің әкем Қасен, оның әкесі Ниязбай, оның әкесі Әзілбай, оның әкесі Марқаш, оның әкесі Жәмші деп айтып отыр. Карлхан Сайполұлы өздерін яғни Сарғалтаққожа ұрпағы Жәмші, Сүттібай Қозыбағарларды Алтайдағы Уақ, Керейлер арасына Көгедаймен бірге келгенін айтады.Ал Уланбатыр қаласынан 2004-жылы шыққан Бүкірбай ұлы Қажыбайдың «Өшпес мұра» атты кітабында Карлхан Сайпол ұлының айтқандарын нақтылап тастықтайды, яғни Сарғалтаққожа ұрпағының Алтай мен Моғолияда күні бүгінде бар екенін айтып отыр. 4. Жүсіпқожа руы Жүсіпқожа руының атауы жөніне келер болсақ. Бұл ру Фарабтық (Отрар) түрк Жүсіп ибн Ысқақ дамуланың есімімен тығыз байланысты. Ол кісі Шам қаласында (Дамаск) оқып білім алған. Медіреседе негізгі химия тану пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ алхимиялық ілімнен, әдебиетті, тарихты зерттеумен айналысқан. Жергілікті халық соғдылар (сарттар) мен түрктер оны Жүсіпқожа деп атап кеткен. Ағартушы ғалымдарды арабтар қожа деп атаған. Жүсіптің езі жергілікті түрк-оғыз тайпасынан шықса да, оның ұрпақтары келе-келе қожа атанып кетті. Жүсіпқожа ұрпақтары XVII ғасырдың басында жаңадан топтасқан қожа тайпасының құрамына енді. Жүсіпқожа руына Үланқожа, Қосым қожа, Құлтай қожа, Қарақан қожа, Көдей қожа топтары кіреді.

Ескерту: Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
Қожалар тарихында Жүсіпқожа деген ру жоқ. Уланқожа Саблутқожа әулеті, Қосымқожа Мүсірәлі сопы әзіз әулеті яғни Бақшайышқожа.Осы күні Орал, Атырау маңында Кедейқожа әулеті бар, бұл әулет Ташкент қаласында өмір сүрген Мұхаммад Әминнің баласы Сейіттердің Сайд Ата әулетінен. Ал Құлтайқожа мен Қарақанқожалардың аты өзгерген болуы мүмкін. Құлтай әулеті Саблутқожа әулетінде бар, бірақ бұл ата өз алдына атақ алып шыққан жоқ. Ал Қарқанқожа деп Қарахандық қожаларды айтып отырған болуы мүмкін. Олай болса бұл әулет Хазреті Алидің Мұхаммад Ханафия атты баласынан тарайды.

5. Түрікпен қожа руы

Түрікпен қожа руының аты адам атынан шыққан. Шыққан тегі түрктің Қыпшак-оғыз тайпасының Түркеш (түрікпен) руынан шыққан Әбілмұрад Түркпени сопы Бағдатта оқып келіп, Сығанақтағы үлкен мешітте ишандық (имамдық) қызмет атқарған. Ол сондай-ақ жергілікті қыпшақ-оғыздарда суниттік суфизмді уағыздаумен айналысқан. Оның ұрпақтары бертін келе Сайд тобымен (Сейітқожа) араласып кеткендіктен, оны жергілікті халық түрікпен қожалар деп атай бастады. Түрікпен қожа руы Сайд руымен бірігіп XVI ғасырдың соңында жаңа топтасқан Қожа тайпасының құрамына енді.

Ескерту: Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
Сығанақта мешіт ашып имамдық еткен жалғыз бұл адам емес. Сайдқожалар өз шежіресін Хазреті Алиден бастайды.16-ғасырдан бастап топтасқан қандай қожалар екенін қалай айтқаны түсініксіз. Себебі 16-ғасырдан арғы жағында қожалар болмады деп айту, тек қожалардың ғана емес осы маңда өмір сүрген барлық халықтың тарихын белінен бір сызу болып шығады.

ІІ БӨЛІМ
СУНАҚ ТАЙПАСЫ

Сунақтар Найман тайпасына жататын Дүрмен-Барлас руының бір тармағы. Қезінде Барлас руы Ұлытау, Қызыл Арай тауларының бөктерін жайлаған деген дерек бар. Ол деректі айқындай түсетін бұл өңірде Барлас, Барлық, Дүрмен деп аталатын жерлер бар. Дүрмен-Барлас руынан атақты әмірші Темірлан көреген, Ұлықбек, Бабырлар шыққан. Өзбектер әлі күнге өздеріне кірген тармағын дүрмен наймандар атайды. XIV ғасырдың бас кезінде Шайбани ұрпағынан Дүрмен-Барластың Әбілғазы имам бастаған бір бөлігі Сығанақ қаласының бөктеріне келеді. Әбілғазы (Сунақ Ата)’бастаған Дүрмен-Барластар сол Сығанақты қоныстанады. Сығанақта Әбілғазы имам өз қаражатына мешіт-медіресе салдырады. Ол әрі емші-балгер болатын. Өзі ашқан медіресеге жергілікті тайпалардан балалар қабылдап, емшілік ілімнен тәрбие береді. Жергілікті соғдылар оны Сунақ әулие атап кетеді. Сунақ – соғды (сарт) тілінде қарапайым деген мағынаны білдіреді. Сол Әбілғазы имамның ұрпақтары мен барластар бертін келе Сунақ тайпасы атала бастады. Сунақ тайпасы тек кана қазақ халқының құрамында ғана бар. Сунақтар қазіргі Түркстан, Ақмешіт уәлаяттарын мекендейді.

Ескерту: Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ
Сунақ тайпасы қожалар ішіндегі ірі топ. Өздерін бірінші халиф Әбу Бәкір Сыддықтан тарататын бұл әулет туралы шежіре жетерлік.
Из «Китаб ал-ансаб» «47-стр. 8-Ас-Сунахи нисба к Сунаху, одному из селений (карйа) Фараба, города за рекой Сайхун, за рекой Сайхун. Принадлежностью к нему известна группа (ученных) из числа стран которых – Абу-л-Фадл Сиддик ибн Саид ас-Сунахи ал Фараби скончался в период 350\961-962-года. Бұл ғалым бабамыз 961-жылы дүниеден өткен болса 880 -890-жылдары өмірге келген болады. Және бір топ (группа) ғалымдар деп еске алуына қарағанда Сунахта қалыптасқан мектептің болғандығын дәлелдейді. (История Казахстана в арабских источниках-3-том). Алматы «Дайк-пресс»2006
Ежелден Сырдың бойы ілім мен ғылымның отаны болған. Сол қалалардың біреуі Сунақ-Сығанақ қаласы болған. Мінеки осы жайдан келіп Һиссамеддин бабаны халық Сунақ ата деп атады. Сунақ қаласы тіпті арыда 850-900-ші жылдардың өзінде қаламға түсуі бұл жерде калам иелерінің көп болғандығының белгісі. Жоғарыдағы Түркістан өлкесі ғана емес Ислам әлеміне әйгілі ғалымдардың құрметіне осы маңда жасаушы қожалар алғашында Сунақтық қожалар деп аталып, соңынан Сунақ қожалар болып аталап кетуі ғажап емес. Біздің қолымыздағы деректер бойынша Имам Абу Бакр Сыддықтан үш ұл болған Мұхаммад, Абдуллах, Абд ар-Рахман.

1-Шежіре
Бірінші қауым Сунақ—Сыйықтар-Мұхаммад ұрпағы
Сунақ ата кесенесінде үлкен тақтаға жазылған.
– Әбу Бәкір Сыддық(572-634)
– Әбділла Сұлтан Мұхаммат
– Әзірет Ақсұлтан
– Сұлтан Қасым
– Сұлтан Кәһап
– Сұлтан Мәуліт
– Мүлки-Ша
– Шабур Мәлік
– Сүлеймен Мәлік
– Мәнсүр Мәлік
– Піржан-Мәлік
– Әбділ Мәлік
– Қайсар Мәлік
– Қайюм Мәлік
– Әбділла Мәлік
Сығанақ қаласында өмір сүріп Ислам әлеміне белгілі болған Ғисамуддин ал-Сығнақий осы әулеттен Қадырғали Жалайыр
Біздің қолымызда Қазақтың бір егей жазушы, тарихшысы Мұхтар Мағауиннің басшылығы мен шыққан Қадырғали Жалайыр атты ғұлама бабамыздың шежіресі бар. Бұл шежіре 1600-1650-ші жылдардың көлемінде Россияда жазылған, шежіреге өз уақтында Шоқан Уалиханов қатты назар аударған. Аталған шежіреде «Едіге би дастаны»деген бөлім бар, біз осы бөлімге көңіл аудардық.

«Шежіре:
Әуелгі бабасы Әмір әл-Момын Әбу Бакр әл-Садық Рази Алланың төрт ұлы бар еді.
Екеуінен кішісі-
Ұлысы оның аты Мұхаммед атты еді. Шамда падша еді.
Оның ұлы Сұлтан Каиб атты еді, олда Шамда падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Хамид еді, ол Сарсарда болды.
Оның ұлы Сұлтан Халид еді, ол да Сарсарда падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Қайдар еді, ол да Сарсарда падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Маулид еді, ол да Сарсарда падша болды.
Оның ұлы Әбу-л-фана еді, ол Антакида падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Сәлім еді, ол да Антакияда падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Садық еді, ол да Антакияда падша болды.
Оның ұлы Сұлтан Әбу-л-Хақ еді, ол Мадаинде падша болды.
Оның ұлы Сұлтан (Осман еді) ол да Мадаинда падша болды.
Оның ұлы Жалаладдин еді, ол Кастантинеде (Константинополь) падша болды.
Оның екі ұлы бар еді:- бірінің аты Адхам және бірінің аты Баба Туклас еді.
Баба Туклас Қағбада падша болды.
Баба Тукластың белгілі үш ұлы бар еді.
Бірінің аты Аббас, Қағбаның оң жағында,
бірінің аты Абдрахман Хожа еді. Олда Қағбада жатыр.
Үшінші ұлының есімі Тырма атты еді.
Бұл Тырма (Терме) Еділ – Жайықта (Хасил) қаза болды.
Оның ұлы Ислам Қия, ол да Еділ-Жайықта қаза болды.
Оның ұлы Құтлу Қия, Құмкентте қаза болды.
Оның ұлы Едіге би (Алла оған рахым етсін).
Құтлу Қияны Урус хан шаһид қылды.

Бірақ Едіге би Тоқтамыс ханның ұлысын өзі биледі. Оның хиқаялары өзге дастанда әр жерде, кітаптарда белгілі болады. Ол Еділ бойын жайлады, оның ұрпағы осы күнге дейін өсімді ұрпақ болып өтті, көп мезгілден соң бұл заманда өте көбейгендер оннан пайда болды. Бұл Едіге би 63 жасында опат болды. Қожалар мазарындағы шежіре.
Түркістан қаласының маңында Қарашық деген жай бар. Осы жерде өз алдына бөлініп қойған «Қожалар» мазары бар. Мазардың ортасында тұрған мешіт ішінде Абу Бакр Сыддықтан тараған бір әулеттің шежіресін жазып іліп қойыпты. Біз сол жәдігерліктен көшірме алдық:
1-Абу Бакр Сыддық
2-Мұхаммад ибн Абу Бакр
3-Сұлтан Каьб
4-Сұлтан Мавлут
5-Малик Шах
6-Шапур Малик
7-Сүлайман Малик
8-Мансур Малик
9-Бұрхан Малик
10-Абдол Малик
11-Қайсар Малик
12-Қаюм Малик
13-Бужув Малик(Сочилған ата)
14-Хоким ата-екі бала—Бабақожа,Хуббиқожа—Бабажуш
Бабақожа-Хожи шайх
Сұлтан шайх
Дост Мәлик шайх
Хуш Мұхаммедшайх
Махаммад шайх
Достмахаммад шайх
Махаммад дервиш-төрт ұлы бар;
Сұлтан шайх,Хасаншайх,Абдисламшайх,Нодир шайх.
Бұл есімдер тақтаға көркемдеп жазылып іліп қойылған.Сүреті бар
Сонымен қатар осында бір әулеттің шежіресі жазылып көшірмесі қабырғаға ілінген.Көшірме араб және кирилица әріпімен жазылған.
1-Абу Бакр Сыддық
2-Мұхаммад ибн Абу Бакр
3-Сұлтан Каьб
4-Сұлтан Мавлут
5-Малик Шах
6-Шапур Малик
7-Сүлайман Малик
8-Мансур Малик
9-Бұрхан Малик
10-Абдол Малик
11-Қайсар Малик
12-Қаюм Малик
13-Бужув Малик(Сочилған ата)
14-Хоким ата- бул қағазға жазылған нұсқасы.

2-ші шежіре
Қожа Ахрори Вали.
Абу Бакр ас-Сыддық әулетінің бір белі Қожа Ахрори Вали. Бұл Орталық Азия деп аталатын Түркістанға тіпті Хорасан өлкесіне де мәлім тұлға. Артында көптеген ұлағатты сөзі қалған. Жас кезінде кедейшілік көріп көп қыйналғаны мен жасы ұлғайған шағында орасан зор дүниеге ие болған. Біздің қолымызда осы ұлық заттың туылғанына 600-жылдық мерей тойына арналған шежіресі бар.Төменде сол шынжыр қатарды беріп отырмыз;
Хазрати Хожа Ахрори Вали насабномаси;
1- момындар Әмірі Хазреті Абу Бакр Сыддық
2-Хазреті Ешан Абдуллах
3-Ешан Убайдуллах
4-Ешан Хамид
5-Ешан Ахмад
6-Махмуд-
7-Мұхаммад
8-Атоулла
9-Лутфулло
10-Абдулла
11-Нұрбахш
12-Ашраф
13-Абдулла
14-Ахмад
15-Мұхаммад Номий
16-Махмуд-
17-Шайх Зиериддин Мұхаммад
18-шайх Шамсиддин
19-шайх Имадиддин
20-қожа Шахабуддин
21-қожа Махмуд
22-қожа Ахрар Вали.
(Абдулхай ибн Абдулфатх ал-Хусайний. Ташкент-2004.)

3-ші шежіре
Мәулана Жәлаладдин Мұхаммад Руми
Абу Бакр Сыддықтың бір баласы Абд ар-Рахман әулетінен Мәулана Жәлаладдин Мұхаммад Руми 1207 жылдың 30-шы қыркүйегінде Балх қаласында дүниеге келген.Сонымен бірге тарихшы білімділер,Уил Дурант Мәулананың туған жылын 1201,Маурис Баррест 1203-ші жылдар деп жазған. Анығын Алла біледі! Балх қаласы бүгінгі Ауғанстанда. Азан шақырып қойған аты Мұхаммад, лақап аты Жәлаладдин және «Худавендигар» дегенде аты болған. Хазреті Мәулананың шығу тегі, хазреті Әбу Бакрге дейін жалғасады. Уәлад сұлтан «Ибтида-намесінде»(187-188-жылдары) атасы Хазреті Бахауддин Уәладтан сөз қозғағанда «оның бүркеме аты Бахауддин Уәлад болды.Оның қайрандары шексіз, сансыз. Оның шығу тегі Хазреті Әбубәкірге дейін созылады.Сол себепті ол Хазреті Сыддық сыяқты ең жоғарғы мағна мекеніне қол жеткізді» дейді. Әфлаки де осындай пікірде. Хазреті Мұхаммед Бахауддин Уәлад шежіресін былайша анықтаған;
– Абубәкір
– Абдурахман
– Хаммад
– Мұттахар
– Хусейіб
– Мәудуд
– Махмуд
– Ахмед Хатиби
– Хусейін Хатиби
Бұл айтылғандар шежірелер нұсқасы қолымызда болғандықтан біз Әбу Бакр Сыддықтың әулетін жоққа шығара алмаймыз.Бұл жердегі басы ашылмай тұрған мәселе осыдан 3-4-ғасыр бұрын осы әулеттен шыққан бір оқымысты, біз қожаларға қосылмаймыз, олардан (қожалардан) жоғары тұруымыз керек. Себебі Алланың соңғы ұлық елшісі Мұхаммад Мұстафа (С.А.У.) Абу Бакр Сыддыққа ұйып намаз оқыған деген сөзді айтқан екен дейді, ел арасындағы дегіштер. Ал тарих Алланың соңғы және ұлық елшісінің төрт Халифасынан тараған ұрпақтың бәрін бірдей қожа деп қабылдайды.Исламдық білімнен хабары бар адам еш уақытта мына әулет артық, мына әулет кем деп айтпайды.Егер Аллаға сенген бір пенде мына әулет пайғамбардың үйінің мүшесі еді деп Алланың разылығы үшін қадыр тұтса оған мәртебені Алла береді.Бұл жерге пенденің шешім іде,кесімі де жүрмейді.Ел арасындағы есепсіз көк езуге болса да амал жоқ. Бұл арада Төрт достың әулетін тегіс қожа деп қабылдасақ, әр әулет өз атасын атап,тарихтан өз орнын алары сөзсіз.
Бұл кітапты қысқыртылған түрінде шығарып отырмыз: Сайдаққожа Жүсіпұлы«ЖҮЗГЕ КІРМЕЙТІН ҚАЗАҚ РУЛАРЫ» өз міндетін артығы мен орындаған дүние, себебі Кеңестік дәуірдегі қожалар жайлы ресми түрде жазылған хаттың барлығы осы жүйемен кетті. Біз төменде аталған кітапқа сілтеме жасалған бір-екі еңбекті атап өтеміз.
1) «Бақшайыс ұрпақтарының өзінен кейінгі көрнектісі Шаһанәдір болады. Одан Сарғалтақ, Мұхмұн, Сәдір туды. Мұхмұннан Саяқып. Саяқыптың бәйбішесінен Өзбек, Қанқожа, Сәсейт, Солтан, Темір тарайды. Бұлар Аягөздің Ақшатау, Ақшәулі, Қоңыршәулі бойында өсіп өнген. Саяқыптың кіші әйелінен – Берді, Қылыш, Төлеген туады. Ұрпақтары Тобықты елінде өсіп, өнген.Саяқып Ырғызбайдың, Берді Өскенбайдың, Әуез Қүнанбайдың, Омархан Абайдың замандасы». Тұрсан Жұртбай. «Бесігіңді түзе».
2) «Мұхтардың аталары, бұл қожалар әулетінің тегі Сауд Арабиясындағы арабтың хашия тайпасынан, Мұхаммед Пайғамбар мен халиф Әзіреті Әлиден басталады. Мұхаммедтің қызы Фатима мен Әлиден Қасен, Құсайын туады. Қасеннен-Шамшіахмет, Шайхыбұлдырық, Шайхыбұлдырықтан Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб. Шәмшіахметтен-Қорасан, Қырықсадақ, Дуана, Аққожа, Бақшайыс, Жүніс, Сейт, Түркімен, Қылжи. Бұлардың ежелден әрқайсысы әр түрлі дәрежеде дін пірі саналған. Ертедегі жырларда «Қорасанға қой айтып» деген өлең сөз тіркесі сақталған. «Ұлылар мекені». Бекен Исабаев.
Тағы бір айта кететін жағдай Медеу Сәрсекеевтің «Тарақты және Қаркесек шежіресі» (Атамұра. Алматы. 1995) кітабындағы «Абыралыдағы қожа нәсілдері» деген мақала. Бұл шежіреде жоғарғы «Ұлылар мекені» атты кітаптағы қожалардың атауын қайталайды. «Қазақ арасына сіңген қожалар нәсілі тегінде Шәмші Ахмед, Шайхы Бұзырық болып екі топқа жіктеледі. Шайхы Бұзырықтан – Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб. Шәмші Ахмедтен – Қорасан қожа, Қырық садақ қожа, Диуана қожа, Бақсайыс, Ақ қожа (кейбір деректер бойынша Аппақ қожа), Жүсіп қожа, Сейт қожа, Түрікпен қожа және Қылышты қожа».
Міне бірнеше ондаған жыл ілгері жасалған қастандық халықты қаншалықты шатастырғанын осыдан-ақ көрсе болады. Әдейі қастандық дейтініміз біздің қолымызда Сайдақожаның толық шежіресі жоқ, бірақ ел аузында Сайдақ қожа Хорасан қожалар тобынан деп айтып отыратын. Осы күні қолдағы шежіренің көпшілігі Хорасан қожалардың ата-бабасының қолынан шыққан. Сайдақ қожаның өз шежіресін білмеуі мүмкін емес, өз шежіресін білген жан мынадай оспадар сыздыққа бармайды.

Сейтомар САТТАРҰЛЫ