Жыл басынан бері жамбылдық полицейлер өз еркімен үйінен кетіп қалған 40-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірімді ата-аналарына қайтарды
Мәселен, 2022 жылғы 26 сәуірде сағат 21:50-де облыс орталығының 64 жастағы тұрғыны полицияға жүгініп, оның 16 жастағы немере баласы таңертең үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.
Баланы іздеуге Тараз қалалық полициясының барлық жеке құрамы, еріктілер мен жанашыр тұрғындар жұмылдырылды.
Іздеу шараларының нәтижесінде жасөспірім аман- сау табылып, үйіне қайтарылды.
Ювеналды полиция қызметкерлері баламен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді.
— Балалардың үйден кетуінің ауыр салдары бар. Қадағалаусыз өмір сүре отырып, балалар қауіпті жағдайға ұшырайды және көбінесе қылмыстық және азғындық әрекеттерге тартылады. Құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жолын кесу мақсатында біз күн сайын кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргіземіз. Балаларды іздеуде «Лидер.кз» ұйымының еріктілері үлкен көмек көрсетеді. Сондықтан балалармен жан-жақты, кешенді жұмыс жүргізу керек деп есептеймін, сондай-ақ ата-аналар мен олардың заңды өкілдерін балаларының бос уақытын және қызығушылығын қадағалауға шақырамыз. Өз еркімен үйден кетудің ауыр зардаптарының алдын алатын ашық түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет, — деп атап көрсетті Тараз қаласының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Әлішер Қалышев.