Жыл он екі ай амалдары
16-22 наурыз-Бес қонақ. Бес күн бұлың, кейде боран болады.
27-28 наурыз- Құс қанаты. Қалықтап қар жауады. Халық бұл ырымды «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деседі.Осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді. Кей жылдары жаңбырға да ұласады.
4-5 сәуір — Отамалы. Қыстың бір күндік соңғы бораны. Мұнан кейін қыс малға отты біржолата береді.18-19 сәуір — Қызыр қамшысы. Аспанда алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады. (Кей жылдары бір күндік суық та түседі) Отау-отау боп көкте жүзген жаздың бұлты шығады.
28-29 сәуір — Бүршік жарған. Бір күндік суық. Тобылғы, қараған бүршігін жарады.
9 мамыр — Қызыл жұмыртқа. Бір күндік салқын. Осы күні адал құстар қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызыл-шақа балапанын шығарады.
17-24 мамыр — Құралай. Осы жаңбырмен қоса киік лағын өргізеді.
29-31 мамыр — Үркердің батуы. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ.
15-17 сарша — Үркердің толғағы. Арқаның табиғаты бұзылмай тұрғанда бұл шамада аптаға созылған жаңбыр болған. Шілденің аптабынан кейінгі осы жауынды халық асыға күткен.
14-15 тамыз — Таразының тууы. Халық арасында «Таразы туа таң суыр» деген мәтел бар. Күз нышаны алғашқы суық білінеді.Бұлт қоюлана түседі.
21-22 қыркүйек — Сүмбіле жұлдызының тууы. Ел арасында «Сүмбіле туа су суыр» деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырлатып өтеді.
4-5 қазан — Боқырау деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, боққа қырау тұрады.
14-19 қазан — Ақыраптың алты күні деп аталады. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған.
18-19 қараша — Қараша қаздың қайтуы. Жаңбыр соңы көктайғаққа ұласады.
4-5 ақпан (М.Әуезов желтоқсанды ақпан айы дейді) — Қырбастың қызылы. Алғашқы аяз. Кей жылдары аяз күрт көтеріліп, 30-35 жетеді.
17-22-ХІІ ай -Теке бұрқыл. Арқаның атақты бораны. Осы шамада арқар мен киік жұптасады.
1-2 қаңтар — Күн таласы. Күн бойы көтереді дейді ел. Жапалақтап қар жауады (Кейде жаңбыр да сіркірейді.
17-27 қаңтар — Сары аяз. Қыс шілдесі деп те аталады. Аяздың шарықтау шегі.
3-5 Үт — Үркер ауған. Тас төбеге шарықтап шыққан үркер жұлдызы төбеден сәл батысқа қарай сырғиды. Осыдан кейін Арқада 30 градустан асар аяз болмайды. Бұл күндер бірер күндік борасын жүріп өтеді.
5-7 наурыз — Толқыма. Алғашқы жылымық, Үркер жамбасқа түсер.
17-19 наурыз — Май боран. Бес қонақтың бір күні. Босаға жұлдызының тууына орай Босаға басы деп те аталады.
Бабалардан қалған асылдарды біле жүрген жөн, ағайын!
(Ел аузынан)