ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ҮШ АУЫЛЫ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ
Мұғалжар ауданында жұмыс бабымен барған Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Ақкемер ауылдық округінің перспективті жобалары мен Елек ауылын газдандыру жұмыстарымен танысып, аудандағы газдандару жұмысы туралы айтты. 600-ден аса халқы бар Елек ауылын газдандыруды осы жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ақкемер ауылдық округінің Елек ауылында жарын елді мекенге кірер жол мен А.Жұмабаев атындағы көшенің жолы жөнделіп, амбулатория мен сервистік әкімдіктің жаңа ғимараттары, ангар типіндегі спорт кешені мен футбол алаңы салынады, 1,1 шақырым жол жөнделеді, 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Осы жылы Жұрын және Қаракөл ауылдарында тұратын 2 мыңнан аса тұрғынның үйіне де газ кіреді. Мердігерлер мамыр айында сол ауылдарды Қандыағаш қаласымен қосатын газ құбырын салуға кірісіп кетті.
Оңдасын Оразалин жұмыс барысымен танысып болған соң құрылысшыларға тездетуді тапсырды. Осылайша, Жұрын ауылының тұрғындары көгілдір отынға тамызда, ал қаракөлдіктер желтоқсан айынан кешікпей қол жеткізбек.
— Жұмысты жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жылыту маусымында барынша көп үй газбен қамтылуы қажет. Біз өз тарапымыздан тиісті қолдауды көрсетеміз, — деді облыс әкімі мердігерлерге.
Өңір басшысы сондай-ақ, Жұрын ауылында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын перспективті жобалармен танысты. Олардың қатарында мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт алаңын салу, Жұрын ауылындағы Жанқожа батыр, А.Құнанбаев, А.Жұбанов, Х.Құрманалин көшелеріндегі көлік жүретін жолды жөндеу жұмыстары, жанармай бекетінің, қуаттылығы жылына 20 тонна өнім болатын жылыжайдың, 500 бас ірі қара мен 2 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының ашылуы бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.