Жыл жемісі: Өткен жылы ОҚО-да 34 ауыз су нысанның құрылысы жүргізілді

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылдың қортындысымен өңір халқының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы қалаларда 93,1 пайызды, ал елді мекендерде 73  пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда қалалар бойынша– 1,4 пайызға, ал ауылдық елді мекендер бойынша  – 1 пайызға жоғарылаған.

 

Өткен жылы облыс әкімінің  тапсырмасымен өңір  елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етудің кешенді іс-шара жоспары әзірленген болатын. Аталған іс-шараға сәйкес 2020 жылға дейін қосымша 84 ауылдық елді мекенді (198 429 халық) ауыз сумен қамту жоспарланған.

2017 жылы республикалық, облыстық бюджеттерден 5,4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, 34 нысанның құрылысы жүргізілуде. Былтыр сол нысандардың 14-і ел игілігіне берілсе, қалғаны биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр.

 

Бұдан бөлек, былтырғы жылы 89 елді мекенде жобалық сметалық құжаттамалар әзірленген. Сонымен қатар, өңірдегі су көздерінің басым бөлігі жер асты сулары болғандықтан, басқарма тарапынан жер асты су қорларына іздеу-барлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, 2017 жылы 34 елді мекенде су қоры анықталса, 2018-2019 жылдары қосымша 105 елді мекенде бұл жұмыстар аяқталатын болады.   Сондай-ақ,  облыстағы 158 елді мекендегі (495 мың адам) ауыз су құнын субсидиялау үшін 1,5 млрд.теңге бағытталған.


ОҚО әкімінің баспасөз қызметі